«Әрекет» етуге қалайсың?

Аталмыш қанатқақты жоба «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында былтыр Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жүзеге асырылғаны белгілі. Нәтижесінде «Samruk-Kazyna Trust» қоры тарапынан әлеуметтік салада кәсібін бастағысы келген, өз ісінің тиімділігі мен қажеттілігін дәлелдеген 100-ге жуық азаматқа 49 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген. Осының арқасында қазір олар кәсіптерін реттеп, қоғамға қажетті қызмет түрлерін ұсынып та отыр. Ал биыл бұл шара еліміздің барлық өңірлерінде де ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар грант көлемі де көбейеді деп күтілуде. Осылайша барлық облыстарда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін гранттар бөлу көзделген.
«Samruk-Kazyna Trust» қоры 2019 жылы «Әрекет» жобасы бойынша гранттар байқауына 150 миллион теңге бөлді», – деп хабарлайды «Елорда Инфо» сайты. Байқау шартына сәйкес, әрбір мүдделі коммерциялық емес ұйым әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін 3 миллион теңге көлеміндегі грантқа өтінім бере алады. Жоба аясында өзінің бизнес-жобаларын қорғау үшін үкіметтік емес ұйымдарға, міне, осындай мүмкіндіктер беріліп отыр. Ал бизнес-жобалар негізінен әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге бағытталған әрі өзекті екенін кәсібін бастаушылардың өздері дәлелдеп, қоғамға қажеттілігін көрсете білуі керек. Сонда ғана олар жоба гранттарын жеңіп ала алады.
Айта кетейік, «Менің елім» бағдарламасы аясында өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, яғни абаттандыру жұмысын жүргізу, көмекке мұқтаж отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарияларға арналған оңалту орталықтарын, қоғамдық демалыс орындарын ашу, балалардың ойын алаңдарын, экологиялық жобаларды іске қосу мәселелеріне айрықша мән беріледі. Сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау, инновациялық технологияны дамыту, шағын гранттар бөлу, ҮЕҰ-мен байланысты нығайту, қайырымдылық шараларды қолға алу, тарихи-мәдени мұраларды жандандыру, саламатты өмір салтын қалыптастыру, жасөспірімдерге арналған спорт нысандарын жөндеу шараларына да инвестициялық қаржы бөлінеді.
Ал бағдарламаны толықтай жүзеге асыруына грант иелері үшін үш жылдан кем емес уақыт мерзімі белгіленіп отыр.

«Aq jol-Aqparat».

Comments are closed.

микро займ на карту