Төлеби тұрсынбеков үздік полицей атанды

Тараз қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің жол-патрульдік полиция батальонында «Үздік маман – 2019» байқауы өтті.
Екі күндік сайыс полицейлердің қоғамдық тәртіпті сақтауды, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жүзеге асыруда білімдерін, дағдыларын жетілдіру мақсатында ұйымдастырылды. «Дәстүрлі шараға облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы жол-патрульдік полиция батальонынан 5 қызмет инспекторы және Тараз қаласы полиция басқармасынан 5 қызмет инспекторы қатысып, бақ сынасты. Кәсіби біліктіліктерін көтеруде, қызметте жан-жақтылықтарын дамытуда аталмыш шараның атқарар рөлі зор деп ойлаймын», – дейді жол-патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары, полиция майоры Дәулетбек Жанғабылов.
Конкурстың алғашқы күні қатысушылар қызметтік жұмысты реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді білуге арналған тестілеу түріндегі сынақ, еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік кодекстерінің және жол жүрісі қағидаларының негізгі нормаларын білуге арналған емтихан тапсырып, атыс даярлығы, сондай-ақ көше қиылысында жол қозғалысын іс жүзінде реттеп, көлік құралдарын жылдамдықпен маневрлеу бойынша сынға түсті. Келесі күні алғашқы медициналық көмек көрсету, дене шынықтыру даярлығы және қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін меңгеру бойынша сынақ тапсырды. Қызметкерлер аталған кезеңдердің талаптарын кәсіби деңгейде орындай білді.
Іріктелген қызметкерлердің арасында жарыстың барлық талаптарын орындап, үздік нәтиже көрсеткен қалалық полиция басқармасы ЖПҚБ ЖППБ 3-рота 1-взводының қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты Төлеби Тұрсынбеков бірінші орынға лайықты деп танылса, ал екінші орын полиция департаменті ЖПҚБ ЖППБ 1-взводының қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты Ерболат Әуезханға бұйырды. Жүлделі үшінші орынды Тараз қаласы ПБ ЖПҚБ ЖППБ 1-рота 1-взводының қызмет инспекторы, полиция лейтенанты Ерболат Қауынбаев еншіледі. Жеңімпаздар «Үздік маман» атағымен қатар, ұйымдастырушылар тарапынан кубокпен және грамоталармен марапатталды.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Comments are closed.

микро займ на карту