- Advertisement -

Гудини, Продип және Әсембек

221

- Advertisement -

бұлар ХХ ғасырдағы сиқырлау-көзбайлау
өнеріндегі үш талант, үш құбылыс еді

Өткен сенбіде ұл-қыздары Әсембектей әкесінің қырқын таратты. Халық өте көп жиналды. Жаназасына қатысқан жұртта да қисап болмап еді.Әсекеңнің қырқына жиналған дастархандағы ас-сумен ауыз ашып отырып ағамыздың атын ең алғаш естіген кезім есіме түсті. Алыстағы ауыл мектебінің ұстазы, әдебиетші Есалы Қырықбаев ағайым бір күні «Лениншіл жас» газетінен оқыған жаңалығымен бөлісіп: «Сандықтан шыққан Әсембек» деген мақала кейіпкері туралы сүйіне айтып беріп еді. Ұстазымыздың сөз ауанынан «міне, халқын талантына тәнті ететін жігіттер осындай білімді, ұшқыр ойлы болуы керек» деп, бізді де үлкен істерге ұмтылдырып, жігерлендіріп, қайрап тұрғандай сарын байқалған. Бұл – 1973 жыл болатын.

Ұстаздың осы сөзі есімде бала кезден жатталып қалғандықтан Әсембек Жұмабаевтың Тараз қаласында тұратынын білгенде қуанып қалдым. Облыстық телерадио комитетінде журналист болып қызмет етіп жүрген кезім. Бір күні түсірушілер тобымен Әсекеңнің үйіне бардым. Тараз қаласындағы Ы.Сүлейменов көшесіндегі бұрынғы облыстық автоинспекция мекемесіне қарама-қарсы үйде тұрады екен, аңқылдай қарсы алды. Әбден әңгімелестік. Әңгіме барысында өзінің құлыптаулы сандықтан шығу тарихын, одан басқа да өнертапқыштық жұмыстары мен сол жолдағы кездескен бюрократтық кедергілер туралы шешіле айтты.
Теледидарға Әсекең жарқ етіп шыққан соң хабарласқан алғашқы адам ардагер журналист Баттал Жаңабаев болды. Риза болғаны ма, «Әсембек ағаңды бұрыннан білуші ме ең?» деп те қалды. Аты-жөнін алғаш рет мектепте оқып жүргенде ұстазымнан естігенімді айттым. Бір таңғаларлығы, сонау 1973 жылдан кейін, яғни 1992 жылға дейін Әсекеңді еш журналист іздемеген де, жазбаған болып шықты. Жамбыл теледидарының хабарынан соң Әсекеңді жазушылар қайта көбейді.
Бұл кезде мен «Жас Алаш» газетіне ауысқам. Ендігі ой Әсекең туралы осы үлкен газетке жазу болды. Тақырыбын «Гудини, Продип және Әсембек» деп қойдым. Мынау сол мақала.

* * *
…«Ғасыр құпиясы» демеске лаж жоқ. Өйткені аты әлемге мәшһүр сиқыршы Гудини өзінің бұл құпиясын көзі тірісінде сары майдай сақтап, ешкімге айтпай кеткен. Тіпті, ол дүние салғаннан кейін де көзбайлау өнерімен айналысатындардың көңілін алаң ғып, басын қатырған құпия Нью-Йорктегі нотариалдық кеңселердің бірінде 50 жыл сақталған.
Дүйім елді тылсым сырына тәнті еткен осынау құпия сиқыршының өзі жазып қалдырған аманат бойынша 1974 жылы 6 сәуірде жалпақ жаһанға жария етілуі керек еді. Бірақ жаңалық жаршылары асыға күткен осы айтулы күнге бір жыл қалғанда Үндістандағы Калькутта университетінің қолданбалы психология факультетінің аспиранты, 22 жастағы бозбала Продип әлгі құпияны ашып, әлем жұртшылығын өз талантына таң-тамаша қалдырды. Жанкешті Продип қақпағы үш жерден құлыпталып, тулаған теңізге тасталған сандықтан санаулы минуттардың ішінде дін аман сыртқа шықты! Тіпті оның әбжілдігі Гудиниден де асып түсті. Продип өзін сандықтың ішіне брезент қап кигізіп, сыртынан буып тастауды тапсырып еді…
Осы таңғажайып керемет жайлы сол жылы «Казахстанская правда» газеті қысқаша хабар жариялады. Газет хабарын оқығаннан кейін Әсембектен маза кетті. Бейнебір өзінің Қазақ ғылыми-зерттеу институтының аспиранты екенін де ұмытқандай…
…Түн. Басқалар мұрны пысылдап ұйықтап жатыр. Тек Әсембек қана ояу. Анда-санда төсегінен атып тұрып, қойын дәптеріне бірдеңелерді түртіп қояды. Бір уақытта «Таптым!» деп, қуана дауыстап жіберді…
«Дүние жүзінде екі-ақ адам, Гудини мен Продип қана білетін құпияның сырын үшінші болып қазақтың орта бойлы сары баласы ашты!» деп күні ертең республика газеттері жар салатынын қайдан білсін.
Бірақ Әсембек ашқан құпия туралы журналистер жар салғанға дейін біраз уақыт өтті. Редакциядағылар әуелі Әсекеңді еліміздің сол кездегі Мәдениет министрлігіне жіберді. Ондағылар болса «батыстың мәдениетімен» шұғылданып жүрген кеңестік аспирантқа күдіктене қарады. Ары-бері сыр тартып, мұның ақыл-есінің дұрыстығына барлау жасап көрді. Сөзінде де, ісінде де ақау жоқ болған соң олар Әсембекті «Қазциркке» апарып, сол жерден ашқан жаңалығын дәлелдеуді тапсырды. Цирктегілер де «өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады» дегендей, өздерінен өнері асып туған аспирантқа іш тарта қойған жоқ. Сондықтан Әсембек өзі ашқан құпияны дәлелдеуге қажетті сандықты өзі жасауға кірісті. Онысы, әлбетте, қарабайырлау болып шықты. Бұрыш темірлерін қалайыдан қақтап, қызыл ағашын құбылтып соғатындай Әсембек шебер емес. Оның үстіне, қалтасы жұқа аспирант. Ал өзі «киіп», аузын буғызып тастайтын қапты ауылдағы (Талас ауданы, Ойық ауылы) жеңгесі тікті. Бәрі дайын болды-ау деген кезде Мәдениет министрлігіндегі коммунист-шенеуніктер аспирант Әсембек Жұмабаевтың ашқан құпиясын «жабық есік жағдайында» сынап көруге жиналды.
Жігіт жерге қаратқан жоқ. Аузы буылған қаптан да, үш жерден құлып салынған сандықтан да аман-есен шықты. Құлып шіркін қимылдаған да жоқ! «Премьераның» ойдағыдай өткеніне, әсіресе коммунист-шенеуніктер қатты қуанды. Өйткені олар осы өнерді тексеріп көруге келісуін келіскенімен, «сиқыршымыз қаптың ішінде тұншығып, сандықтан шыға алмай өліп қалып жүрмесін» деп өте қобалжып отырған-ды. Ондай «чп» болса, бәрінің де қызметімен қоштасуына тура келеді емес пе? Сондықтан сақтық шаралары да естен шығарылмаған-ды.
Сөйтіп, ұлы Гудинидің аманаты бойынша 1974 жылы 6 сәуірде ашылуға тиісті «ғасыр құпиясы» өзінің ресми түрде жария етілуіне бір жыл қалғанда ашылды. Оны әуелі Продип, сосын Әсембек ашты! Гудини, Продип және Әсембек! ХХ ғасырдағы сиқырлау-көзбайлау өнеріндегі үш талант, үш құбылыс еді бұлар!
Гудини мен Продип туралы әлем біледі. Ал Әсембек туралы ше? Әй, қайдам. Кеңестік отаршыл саясат бұл жаңалықты Қазақ ССР-нің аясынан шығара қойған жоқ. Қазақ баспасөзінен «Гудини, Продип және Әсембек» деп мақала жариялап, халқынан сүйінші сұраған – кешегі «Лениншіл жас», бүгінгі «Жас Алаш» газеті болатын. Оның үнін әлемдік құбылыс жасаған адамдарды «тізімдеп» отыратын шетелдік ұйымдар ол кезде қайдан естісін.
Бір айдан кейін Әсембек өзі ашқан құпияны Мәдениет министрлігі, «Қазақконцерт», цирк қызметкерлері мен журналистердің алдында, эстрада цирк өнері студиясында қайталады. Бірақ бұл жолы Әсембек ашқан құпияны студияның түлегі Болат Иманқұлов орындады. Әсембек оған сандықтың сырын сеніп тапсырған еді. Әсекең сол кездегі журналистерге берген сұхбатында «Егер бұл трюкті әбден қайталап, жаттықса, құлыптаулы сандықтан үш-төрт минутта шығуым мүмкін, әрі оны суда да, құрғақ жерде де жасауға болады» деген болатын. Сол сөзін қазір де қайталайды.
Әсекең өзінің ауыл шаруашылығы мамандығына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын осы өнерімен бірге өнертапқыштықпен де айналысады. Әскери зауыттың есігінен де сығалап көрмеген ол қазіргі қолданылып жүрген кәсіби қару-жарақтарды сол тұста-ақ өз бетінше ойлап тапқан. Бірақ ойын қағазға түсіріп, арнайы мамандардың алдына барған кезде ылғи «кешіріңіз, бұл қаруды күні кеше ғана ойлап таптық» деген бірыңғай жауап алып отырған. Дегенмен Әсекеңнің тауы шағылған жоқ. Ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы саласында неше түрлі өнертапқыштық жұмыстары арнайы патентке ие болды. Құлыптардың да көкесін көзіне көрсетіп тұрып жасайды. Банктердегі Әсембек жасаған коды бар сейф құлыптарын «ғасыр ұрысы» болмаса, басқа ешкімнің аша алуы неғайбыл. Олар алыс-жақын шетелдерде де сұранысқа ие.
Қазір Әсембек Жұмабаев Тараз қаласында өз жобасы бойынша соғылған үйде тұрады. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты әке. Немерелері де бар. Өзі ашқан «ғасыр құпиясынан» бері арада 27 жыл өтсе де, Әсекеңе телефон шалып, «мынау өнеріңіз арқылы қыруар ақша табуға болады» деп, мазасын алатын «іскерсымақтар» әлі де жеткілікті. Бірақ осы бастан айтып қояйық, Әсекең бұл өнерін саудаға салмайды. Оның үстіне, біраздан бері әлемдік сенсация атанудан дәмелі тағы бір үлкен істі қолға алған. «Бітірсем, алдымен өзіңе хабарлаймын» деген-ді осы жолдардың авторына. Ондай жаңалық болып жатса, жариялаудан неге қашайық!..».

* * *
Әсекеңнің қырқында айтылып жатқан дұға-тілектер арасында көпшілікке, міне, осы мақаладағы жайларды қысқаша айтып бердім. Өйткені Әсағаңның құлыптаулы сандықтан шыққан ғажайып жаңалығын жалпылама естігенмен, ел оның бүге-шігесін біле бермейтін. Сондықтан осы естелік арқылы Әсекеңнің Гудини, Продиптен кейінгі үшінші есім иесі – қазақ екенін білсін дедім.

 

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support