- Advertisement -

Қуыршақпен ойнайтын қыз кешегі

164

- Advertisement -

Мехнат ТЕМІРТАСҚЫЗЫ

Қилы тағдыр бұрымды да бары анық,
Бойжеткен соң артта қалып балалық.
Шөп басынан секіртетін еркелік,
От басына жетелейді аналық!

Құт-берекең аттап түсер есікте,
Текті болсаң теріс сөзді есітпе!
Қуыршақпен ойнайтын қыз кешегі,
Құлыншағын тербетеді бесікте!

Тұрса да мың ғажап алдан көрініп,
Ақ жаулықтың киесін ұқ, жөнін ұқ.
Саған күнім, оңай емес әкең мен
анашыңнан жырақ кету бөлініп!

Бірақ бұл да Тәңірінің несібі,
Қызға ашылар жат мекеннің есігі.
Отымен кір, күлімен шық, шаршама,
Ата-анаңа келмесін сөз кесірі!

«Отанға» де одан құның түспейді,
Көрген күнің болсын ғажап түс, мейлі.
Кірпияз бол!
Қаспақ қатқан ыдыстан,
Адам тұрмақ…
Көшедегі ит ішпейді!
Ата-енеңді пайғамбардай ұлықта!
Балалықпен ұрынба бос қылыққа.
Ата-анасын құрметтесең жарыңның
Асау басын өзі-ақ иер құрыққа.
Құрығыма түсірдім деп тасынып,
Қалың елге қадіріңді құртпа!

Ақ жүзіңе арай төксін орамал,
Орамалсыз бастан құтың жоғалар.
Барған жердің ақ батасын ала алсаң,
Босағаңа қашпас бірлік оралар!

Кесе-шәйнек сылдырайды, сынады,
Сынса сынсын, біткен жоқ қой күн әлі.
Өршеленіп беттен алма жарыңды,
Басылғанша өзің-ақ бол кінәлі!
Санаспаңдар!
Санасқаннан шарасыз,
Тәй-тәй басқан қаншама отау құлады!

Болуы заң іште қайғы, баста мұң,
Ақылмен ал, тағдырыңның бастауын.
Ерді сыйла, енді қалған ғұмырда
Жанашыр жан бола алады басқа кім?!

Құт-берекең енді осы есікте.
«Тексіз» деген ауыр сөзді есітпе!
Қуыршақпен ойнайтын қыз кешегі,
Құлыншағын тербетеді бесікте!

Жаңатас қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support