Cәләфизм сан соқтырады

Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық Мәдениет үйінде облыс әкімдігі мәдениет, арxивтер және құжаттама басқармасының тапсырысымен облыстық кино орталығы түсірген «Сағым» толықметражды көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Шара барысында кино орталығының директоры Сайлаубек Лесбаев сөз сөйлеп, аталған киноны түсіру кезінде кездескен қиындықтар жайлы айта келіп, фильм режиссері Елжан Жармұхамедовты, басты рөлдерді сомдаған Руслан Нұрман, Нұрсұлтан Махановты және фильмдегі басқа да актерлерді көрермен қауыммен таныстырды. Сондай-ақ саxна төріндегі өнер иелері бұл киноның түсірілуіне ұйытқы болған облыс әкімдігі мен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына алғыстарын білдірді.
Мұнан соң «Сағым» фильмі көпшіліктің назарына ұсынылды. Бұл туындыны облыстық дін істері басқармасының өкілдері, Тараз қаласындағы мешіттердің имамдары, өнер майталмандары, журналистер және қала тұрғындары тамашалады. Жалпы, 300-ден астам көрермен болғанын айта кеткен жөн.
Фильмнен көз таныс жергілікті актерлерді көріп, көңіліміз марқайды. Бірқатар эпизодтық рөлдерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әбиірбек Тінәлі, Асқарбек Сейілхан, «Серпер» сыйлығының лауреаты Кенен Ақүрпеков ойнаған екен. Мұндағы басты кейіпкерлер – ағайынды Сырым мен Данияр. Кино желісі осы екі жігіттің тағдырына қатысты өрбиді. Сырымның рөлінде Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрының әртісі Руслан Нұрман ойнаса, Даниярдың рөлін облыстық қазақ драма театрының әртісі Нұрсұлтан Маханов сомдапты. Ағайынды екі жігіттің әкесінің рөлінде Жүніс Әлімбеков, анасының рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Әлімбекова ойнайды.
Оқиға желісі бірден түрлі ойға жетелейді. Ағайынды Сырым мен Даниярдың ойын баласы кезіндегі алаңсыз күндерінен сыр тартады. Аңғалдықпен әкелерінің көліктерін соғып алғаны, оларды нағашыларының мешітке апаруы, иманды болып өссін деген тілегі жүректерге жетті. Бәрі басында баланың таза көңіліндей әдемі болатын. Сырым мен Данияр есейгеннен кейін бизнеспен айналысуды көздейді. Міне, қайшылық, шиеленіскен оқиғалардың бәрі осы кездерден басталады. Олардың банктен үлкен көлемде ақша алу үшін әкесінің жүк көлігін кепілге қоюы, алайда алаяққа алданып, алған ақшадан айырылып қалғаны көрермен көңіліне қаяу түсіре бастайды. Сәләфизм ағымындағы Баха бұларды қорғаған болып, алаяқ кәсіпкерде кеткен ақшаларын алып беріп, сенімдеріне кіреді. Бірақ Баха мен әлгі алаяқ кәсіпкер сыбайлас, бір топтың адамдары боп шығады. Әсіресе бұл қулыққа алданған Сырым қатты өзгереді. «Әруақ жоқ», «Шелпек пісіріп құран оқыту – ширк», «Беташар жасауға болмайды» деп, аз уақытта басқа адамға айналады. Өзгергені сол, ата-ана, бауырларынан безіп, үйінен кетіп қалады. Інісі Данияр ағасын сәләфиттерден арашаламақшы болып, жанталасады. Басқа түсініктегі азаматтармен жаға жыртысып, оларды таяққа да жығады. Бірақ Сырым райынан қайтпайды.
Ата-анасы інісінің тойына шақырғанда да оған қатысудан бас тартады. Сәләфиттерге сол ағымнан айнымауға ант береді. Осы жолда өзімен мұраттас қызбен отбасын құрады. Жүктіліктің соңғы айында Сырымның жұбайын мерзімінен бұрын толғақ қысып, көмекке келген ер адам болғандықтан, оны әйеліне жолатпай, соңы төбелеске айналады. Олар сол сәтте алтындай уақытты жоғалтып, Сырымның баласы жарық дүние есігін көрмей көз жұмады. Ол бұл жағдайға мемлекеттік жүйе мен оған қатыстының бәрін кінәлайды. Күндердің күнінде Сырым қолына қару алып, қалаға шығып, алаңда кездескен полицейлерге оқ атады. Қала тұрғындары арасында үрей туғызады.
Фильмнің соңы Сырымның ісінің сотта қаралуымен бітеді. Шарасыз ата-ананы, бауырды, жалған дінге уланып, есін кеш жиған Сырымды көріп жанарға жас келді. Ол бәрін түсінді. Өмірдің бақыты ата-ана, бауыр, отбасы екенін білді. Бірақ бәрі кеш еді. Сот оны өмірлік жазаға кеседі. Қолына кісен салынады. Қандай өкініш! Бәрі діни сауатсыздықтың, жалған ағыммен уланып, алданудың кесірінен.
Бұл кино – жастарға үлкен сабақ. Олар бұл фильмді көру арқылы бақыт пен бақытсыздықтың парқын біліп, ізгі жолды ажыратуға ұмтылады деген ойдамыз. Діни сауаттылық болмаған жерде адасу көп болатынын бұл фильм көпшіліктің санасына мықтап құйды деп ойлаймыз.
– Киноны түсіру оңайға түскен жоқ. Жақсы актерлер іздедік. Киноның сценарийін Марат Құдайбергенов деген азамат екеуміз жаздық. Актерлердің көпшілігі облыстық қазақ драма театрынан табылды. Алғашқы түсірген фильмім болғандықтан бағасын білікті мамандар мен көрермендер берсін. Облыс әкімдігі мәдениет, арxивтер және құжаттама басқармасына, облыстық кино орталығына, облыстық қазақ драма театрына алғысымды айтқым келеді, – дейді режиссер Елжан Жармұхамедов.

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

микро займ на карту