Жазатаның батасы

Жас кезім болатын. Бірде облыстық аурухананың бас дәрігері А.Овсянников мені кабинетіне шақырып: «Бүгін Мойынқұм аудандық ауруханасынан ауыр науқасқа кеңесші дәрігер сұраған жедел шақырту қабылданды. Ол туралы сізге санавиация бөлімінің қызметкерлері хабарласқан болар. Мен сізге оған қосымша тапсырма бергелі отырмын. Ауруханадан екі мәрте Еңбек Ері атағына ие болған, мойынқұмдық атақты шопан Жазылбек Қуанышбаевты үйіне шығардық. Сол кісіге бас-көз болып, санитарлық ұшақпен аудан орталығы Фурмановка селосына жеткізіп салыңыз. «Сақтықта қорлық жоқ» деген, дәрі-дәрмек ала шығуды ұмытпаңыз», – деді. Содан бөлімге оралып, қажетті заттарды алып, санавиация бөліміне барсам, Жазылбек ата да келіп үлгеріпті. Шопан атаны алғаш көруім. Бұрын сырттай баспасөз арқылы ғана танитынмын. Енді, міне, өзін көріп, жақын танысудың сәті түсті.
Жазекең төртбақ, палуан денелі, жазық маңдай, дөңгелек жүзді, сымбатты адам екен. Ақ қырау шалған сақал-мұрты өзіне жарасып тұр. Костюмінің кеудесінде еңбекқорлығының белгісі ретінде Еңбек Ерінің қос жұлдызы жарқырайды. Қол алып амандасқаннан кейін, санавиация бөлімінің фельдшері мені таныстырып: «Мына жігіт Сейтқасым Тәжбенов деген дәрігеріміз, аудандық ауруханаға ауыр науқасты қарауға бара жатыр. Сізді осы кісі санитарлық ұшақпен ауылыңызға жеткізеді», – деді.
Таныстықтан соң көп күттірмей, дайын тұрған санитарлық автокөлікке мініп, әуежайды бетке алдық. Ақсақал үнсіз қалың ой үстінде отырғандықтан, мазаламайын деп мен де үндемедім. Әне-міне дегенше әуежайға жетіп, машинадан түскен кезде оның түсі бұзылып:
– Қап, қара басып асығып жүріп, балаларыма сақтап қойған алмаларымды ұмытып кеткенімді қарашы, – деді қатты өкініп.
– Жазеке, уайымдамаңыз, әлі ұшаққа отырған жоқпыз ғой. Мен тез ауруханаға барып алмаларыңызды алып келейін, – деп атайды әуежайдағы ыңғайлы орындыққа отырғыздым да, сыртта күтіп тұрған машинаға мініп, ауруханаға жеттік. Бірден Жазекең жатқан бөлмеге кіріп, кезекші медбикеге:
– Жазылбек ата балаларына апармақшы болған алмасын ұмытып кетіпті, соны тез тауып бере қойшы, – десем, медбике сасқалақтап: «Ұят-ай, ол кісі алманы бізге әдейі қалдырған шығар деп жеп қойып едік. Мынау сол алма салынған пакет. Мүмкін болса базардан алма сатып алып, өзінің пакетіне салып апарсаңыз дұрыс болар еді», – деп ақыл айтты.
Әуежайға қайтып бара жатып, базардан алма сатып алдым. Алманы көргенде Жазекеңнің жүзінде нұр ойнап, қатты риза болып, қуанып қалды. Санитарлық «АН-2» ұшағына жайғасқан соң Жазекең:
– Доқтыр бала, өзің қай ауылдың тумасы боласың? – деп сұрады.
– Туған жерім Свердлов ауданы, – дедім.
– Онда қалаға жақын жерден болдың ғой. Ал біздің ауыл облыс орталығынан тым алыста жатыр. Жол азабы болмаса, шалғай жатқан ауылдардың да өз артықшылықтары бар. Жері кең, төрт түлікке бай, ауасы таза, тұрғындары қарапайым, қонақжай, даласы жабайы аң мен құсқа толы. Мен үшін Мойынқұм жер жәннаты сияқты. Біраз уақыт шетке шықсам, ауылымды сағынатын әдетім бар. Қалаға келсем, өзімді ауа жетпей тұрғандай сезінемін, – деп атақты шопан ағынан жарылды.
Осы кезде ұшқыштар келіп, орындарына жайғасты. Қатты шудан құлақтың естуі нашарлап, әңгімелесу мүмкін болмай, үнсіз қалдық. Ұшақ аспанға көтерілген соң иллюминатордан далаға көз тастап, әркім өз ойымен болып кетті. Шопан атаның не ойлап отырғанын қайдам, мені мазалаған ой Жазекең мен аудандық ауруханадағы ауыр науқастың жағдайы. Ұшақпен ұшу Жазекеңнің денсаулығына кері әсерін тигізіп, қиналып қалмаса екен деп, оған байқатпай сырттай бақылап келемін. Бірақ менің мазасызданғаным бекер болып шықты. Атақты шопан сыр берер емес, өзін сабырлы, бірқалыпты ұстады. Ұшақпен ұшуға да дағдыланғаны байқалады. Уақыт тоқтап қалғандай болып, ұшы-қиыры жоқ далаға қарай-қарай көзіміз талып, шаршап, қалғи бастағанымызда, ұшақ төмен қарай құлдилап, әуежайға қонуға бет алды. Әуежайда бізді аудандық аурухананың бас дәрігері Жолдасбай Үсіпбеков күтіп алды. Сәлемдесіп, хал-жағдай сұрастырғаннан кейін Жазекең:
– Қарағым Жолдасбай, мені хатшы балаға апар, сәлем беріп, аман-есен келгенімді айта кетейін, – деді. Жолдасбай маған қарап күліп:
– Жазекеңнің хатшы бала деп отырғаны ауданымыздың бірінші хатшысы А.Назарбеков. Бұл кісілердің арасында ерекше сыйластық қалыптасқан. Хатшыны өз баласындай көріп, осылай атап кеткен, – деп, Жазекеңе қарай бұрылып барып: «Жазеке, хатшыны мазалап қайтесіз, қазір ол кісінің жұмысының қауырт кезі. Отбасыңыз бен балаларыңызды әбден сағынған шығарсыз, оның үстіне шаршаған да боларсыз. Одан да сізді тезірек үйіңізге апарайын, келгеніңіз туралы хатшыға өзім айтармын», – деді. Жазекең де үйіне баруға келісе кетті. Ал мен жолдан аудандық аурухананың жанынан көліктен түсіп қалдым.
Қоштасарда Жазылбек ата: «Доқтыр бала, мені ауылыма аман-есен жеткізгенің үшін саған көп рахмет! Өркенің өссін, жұмысың әрқашан алға бассын, естігенің алғыс болсын, келген шаруаңды ертерек аяқтап қайт!» – деп ақ батасын берді. «Жауынменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» дегендей, атақты шопан атаның жылы сөздері көңілімді жадыратып, жігерленіп қалдым. Жазекеңмен бірге өткізген аз ғана уақыт ішінде оның қарапайым, байсалды, аз сөйлеп көп іс тындыратын нағыз азамат екенін және туған жері мен еліне, қартайғанда көрген егіз ұлдарына деген махаббатының шексіз екенін ұқтым. Бір жағынан ел сыйлаған ақсақалдың ақ батасының көмегі болған шығар, сол жолы хал үстінде жатқан ауыр науқасқа қажетті көмек көрсетіп, оны облыстық ауруханаға аман-есен жеткізіп, ажал тырнағынан арашалап қалдық.

Сейтқасым ТӘЖБЕНОВ,
ардагер-дәрігер,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

микро займ на карту