- Advertisement -

Бекзат болмысты қаламгер

205

- Advertisement -

Табиғаты сырт көзге сондайлық бір қораштау көрінетін Жайылма алабы, жазық даласы өзінің құнарлы топырағымен ерекшеленетіндігін ерек айтуға тиіспін. Осынау екі облыстың – Жамбыл мен бұрынғы Оңтүстік Қазақстанның түйіскен шекарасында орналасқан Жайылма ауылында Алаштың ардақты тұлғасы, қазақ театры мен киносының дүлдүлі Асанәлі Әшімов дүниеге келген. Қазақтың қабырғалы қаламгері, көптеген халықаралық әдеби сыйлықтарының иегері, жазушы Берік Шаханов, төрт тарапты қазақ даласының алуан сырлы әндерін көмейіне бұлбұл құстай ұялатқан әншіміз Сәуле Жанпейісова, талай додалы ән сайыстарда шашасына шаң жұқтырмаған күміс көмей әнші Ардақ Исатаева, үлкен Мемлекеттік сыйлықтан басқа деңгейдегі әдебиет пен өнер саласына берілетін барлық сыйлықтарды, марапаттарды иеленген танымал жас қаламгер әрі ғалым Болатбек Төлепбергеновтер – осы ауылдың перзенттері.

Пернебай ДҮЙСЕНБИН,
жазушы.

Ғажайып даусымен қазақ ән өнерінің көгіне жұлдыз болып туған, Италиядағы Миланның Ла-Скаласында өнерін шыңдап, ән шырқаған Амангелді Сембиннің кіндік қаны осы топырақта тамған.
Арғы ата-бабалары сонау Сарысу, Шу өзендері бойын құт-қоныс қылып, мамыражай тіршілік кешкен дәуірде дүниеге келген ұлы күйшілер Ықыластың, Сүгірдің сыршыл да сиқыр әуендері тербеген даланың ауасымен тыныстап, солардың көзін көрген дүлдүл күйші, қобызшы Сағынтай Елепанов, ғажайып күйші Дабыл Ажақаевтар орындаған шығармалар қазақ күйлерінің інжу-маржандары топтастырылған 1000 күйдің антологиясының ортасынан ойып тұрып орын алды. Сондай-ақ күйшілер әулетінің көрнекті өкілдері Нақып Сембин, Қабыл Ажақаевтардың ғұмыр-тағдырлары да осы Жайылмадан тамыр тартады.
Кино өнерінің көрнекті тұлғасына көтерілген Дулыға Ақмолда, оның туған бауыры әрі қобызшы, әрі домбырашы, әрі зерттеуші Саяндардың өмір жолдары осы топырақпен кіндіктес.
Міне, осы өнерлі өрендер шоғырының бел ортасында қазақ журналистикасының аса көрнекті өкілі, өнер зерттеуші, танымал қаламгер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президент сыйлығының, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының БАҚ саласындағы сыйлығының, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қали Сәрсенбай бар.
Күні кеше ғана дала жыңғылының солқылдақ шыбығын «кісінетіп», ат қылып мінген, Жайылмасының май топырағының шаңын бұрқылдатып аспанға көтеріп, шауып барған күйі жасыл құрақты Шабақтысына күмп беріп сүңгіп, бал дәурен балалықтың бұлтсыз аспаны астында құлдыраңдап, құлындай ойнақ салған Қали Қошқарұлы да алпыс деген асудың жалын тартып, үзеңгісіне аяқ салыпты.
Қазақ баспасөзінің бұрқ-сарқ еткен қара қазанында қайнап, ерен еңбектің елеулі сатыларымен еш сүрінбей, еш мүдірмей өткен төл шәкіртім Қалидың әр жеңісін, жемісті еңбегін үнемі мақтан тұтамын. Сонау бала кезінен айнала дүниеге аса бір іңкәрлікпен, өзгеше пайыммен қарайтын бөлекше қасиеті, сабырлы да салмақты мінезі кімді де болса разы етпей қоймайтын.
Мен оны болашақта мықты әнші болатын шығар деп ойлайтынмын. Себебі мектеп көркемөнерпаздары қоятын концерттерде Қали атақты үнді кинорежиссері әрі актері Радж Капурдың «Қаңғыбас» (Бродяга) фильміндегі әнді нәшіне келтіре айтатын. Үстіне көне киімдер киіп, ішіне оны-мұны салған ескі тор қалтаны иығындағы таяғының басына іліп алып, еш микрофонсыз-ақ, ашық даусымен шырқата айтқанда, көрермендерін әбден риза ететін.
Мектеп бітіретін 1976 жылы Қали өзінің актерлік қырын ауыл жұртшылығына таныта білді. Драматург Оразбек Бодықовтың «Қарақұм трагедиясында» басты рөлде өзінен бір класс төмен оқитын үздік оқушы Тұрсынай Серікқызы екеуі аса күрделі, психологиялық иірімі мол осы дүниені сақа актерларша тамаша ойнап шықты. Осы драманы дайындау барысында біздер сахнаны шама-шарқымызша безендіріп, музыкамен әрлеп, алуан түрлі жарықтарды ретіне қарай пайдаланып, мамыр айының айлы түнінде, іші көрерменге лық толы жазғы клубта қойғанымыз есімізде.
Қалидың өнерге деген құштарлығы ерекше болды. Менің үлкен кітапханамдағы өнер, музыка, әсіресе бейнелеу өнеріне байланысты кітаптарды ол құмарта оқыды. Ұлы суретшілер, әлемдік бейнелеу өнерінің алыптары Леонардо да Винчидің, Рембрандтың, Рафаэльдің, Ван-Гогтың, Репин мен Суриковтың, Левитанның, мүсіншілер Микеланджело мен Коненковтың, сондай-ақ қазақ суретшілері Әбілхан Қастеевтің, Молдахмет Кенбаевтың, Сабыр Мәмбетовтің, қаны да, жаны да қазақ, Орта Азия суретшілері арасында тұңғыш академик атанған КСРО Халық суретшісі, Өзбекстанда тұратын Орал Таңсықбаевтың туындыларымен ерте танысты. Оны әсіресе Литваның ұлы суретшісі әрі композиторы Микалоюс Чюрленистің «Күн сонатасы», «Көктем сонатасы», «Теңіз сонатасы», «Жұлдыздар сонатасы» секілді қанатты қиялмен салынған жұмбақ сырлы картиналары өте қызықтырды. Екеуара әңгімеде біз бұл суретшінің саз өнері мен бейнелеу өнерін ұштастырып кескіндеген сырының астарына бірге үңілетінбіз. Ол кейінірек те өзінің жазған эсселерінде, мақалаларында, эстетикалық тұрғыдан талдаған туындыларында М.Чюрленистің ықпалы, әсері өткір сезіліп тұратын болды. Және де оның есімі оның шығармашылық еңбектерінде бірнеше рет аталады. Ұстаз, шәкірт болып қоян-қолтық араласа жүріп, Бетховеннің сюиталары мен багателилерін, әсіресе «Айлы сонатасын», Шопеннің лирикалық этюдтерін, Штраустың шалқар шабытқа толы вальстерін, Брамстың венгер билерін, Листтің венгер рапсодияларын, Огинскийдің полонезін, Құрманғазының, Тәттімбеттің күйлерін, Ахмет Жұбановтың тәжік билерін, Сыдық Мұхамеджановтың кантаталарын жалаң емес, ұғына тыңдап, ықпал етуді басты мақсат етіп қойдық. Сол жылдары оның сұлулықты нәзік жүрекпен сезінетіні, айнала құбылысты, табиғат тілін тал бойына сіңіргіштігі мені барынша қуантып жүрді.
Алғыр жас университеттегі оқуын аяқтасымен алған мамандығына сай баспасөз майданына батыл араласты. Баспахананың қара жұмысына білек сыбана кірісті, ізденді, тынбады. Пәтерден пәтер жалдап жүріп, күрескерліктің әліппесін меңгерді. Табиғатынан сабырлы, салмақты, сыпайы, ешкіммен дауыс көтеріп ренжісуді құп көрмейтін болмысы оны өз ортасында сүйкімді, сыйымды етті. Ол шығармашылық жолында қаламы қағілез әрі ұшқыр, шыншыл журналист болып қалыптасты. Қоғамда болып жатқан алуан реңкті, түрлі құбылыстарға өзіндік көзқарасы бар, айтар пікірі бар қаламгер ретінде ерте танылды. Жаратылысынан әрі байқампаз, әрі аңғарымпаз азаматтың ойына ұя салған ой-толғамдарын орнықты қалыпқа түсіріп, өрнекті, шұрайлы тілмен бедерлеп беру қасиеті – Қалидың қаламгерлік үлкен жетістігі.
Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, зерделі де алғыр, білімдар, ақиық ақын Қадыр Мырза -Әлінің: «Қали не нәрсені жазса да, біліп жазады. Біліп жазу үшін, алдымен Құдай беретін жазғыштық қасиетті айтпағанда, білімпаздық, ізденімпаздық және керек. Бұл критерийлер болмаса, әлгі қасиетті ұстап тұру – бекершілік. Осы орайда, мен Қалидың эстеттік әлеміне баса назар аударған болар едім. Күнделікті шығып жатқан газетте ағымдық мәселелерге ілесіп отыруы, ой ұшқырлығын танытуы өз алдына, оның терең толғаныстарға құрылған дүниелері маған әлдеқайда қымбат көрінеді», – деген толғамы қаламгердің бүкіл шығармашылық қасиетінің қыр-сырын дәлме-дәл айқындаған.
Қалидың шығармаларын оқығанда, оның қазақ руханиятының, өнері мен мәдениетінің өзекті мәселелерін тамыршыдай дөп басып, өткір айтылған ойларының нақтылығына еріксіз иланасыз. Бұл орайда, оны толғандырмайтын мәселелер жоққа тән.
Оның қазақ өнері мен мәдениетінің алыптары Шәкен Айманов, Мұқан Төлебаев, Күләш Байсейітова, Әзірбайжан Мәмбетов, Шәмші Қалдаяқов, Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков, Ыдырыс Ноғайбаев, Әубәкір Ысмайылов, Нұрғиса Тілендиев, Сәбира Майқанова, Құрманбек Жандарбеков, Шара Жиенқұлова, Қали Жантілеуов, Қапан Бадыров, т.б. туралы салмақты да пайымды дүниелері білгірлікпен, сырбаздықпен жазылған. Бір ғана Шәмші туралы жазғандарын топтастырса, кішігірім кітап болатындай. Ес біліп, етек жапқаннан бастап қара жердің қойнына кіргенге дейін жарық дүниенің сәулелі, нұрлы шапағатын толық сезіне алмай, күн кешкен тағдыры аса қасіретті тұлға, «қазақ Паганиниі» атанған скрипкашы Әйткеш Толғанбаев туралы жазған эсселері мен Шерхан аға тілімен айтқанда: «Кезінде сондай бір әнші болған, сондай бір жұлдыз болған. Сол жұлдызды жабылып жүріп өшіргенбіз» деп күйзеліске толы күңіренген ойының басты кейіпкері Амангелді Сембинді сағынышпен еске алған дүниелерін оқығанда, ет-жүрегің еріксіз езіледі.

Қазақ өнері мен мәдениетінде есімдері алтын әріптермен бедерленіп жазылған қос тұлға Ілияс Омаров пен Өзбекәлі Жәнібеков – Қалидың ерекше пір тұтқан тұлғалары. Бір ғана Өзбекәлінің партияның қасаң қалыпты идеологиясының қыспағында жүріп-ақ ұлт үшін, қазағы үшін жасаған ұлан-ғайыр еңбегін елжірей де емірене жазғанына шынайы көңілмен сүйсінесің. Сол Жәнібековтің түрлі баспасөздің тізгінін ұстап, қазағы үшін басын нар тәуекелге тігіп, ұлт мүддесін алға шығарып, батыл тірліктер жасаған Шерхан ағамызды қырағы көз «қырғилардың» қанды қанжарынан үнемі арашалап отыратын да Өзбекәлі ағамыз екенін Қали деректі дәйектермен оқырман алдына тартады.
Қалидың «Өнер-өмір», «Тұлға-тағдыр», «Шал мен шындық» атты кітаптарын оқып шыққанда, сонау отызыншы жылдардан бергі дәуірдегі қазақ өнері мен мәдениетінің көркем де күрделі, тағылымды да тартысты көркем шежіресіне қанығып шығасыз. Қазақтың қасиетті қара шалдары, өн бойына өнердің құт-береке қасиеттері қонған Ықылас Дүкенұлы, Сүгір Әлиев, Сағынтай Елепанов, Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаевтардың шығармашылық келбетімен, тартқан күйлерінің күмбірімен тыныстағандай әсерде боласыз.
Қалидың бейнелеу өнері бойынша жазған дүниелерін жинақтаса, оның өзі бір томдық кітап болар еді. Қазақ тақырыбына арнап көптеген көркем дүниелер тудырған Хлудовтан бастап, табиғатынан тума талантымен ерекшеленген Әбілхан Қастеев, одан берідегі Әубәкір Ысмайылов, Ерболат Төлепбаев, Молдахмет Кенбаев, Салахетдин Айтбаев, т.б. туралы небір толғамды, білгірлікті талдаулары, Қадыр ағамыз айтпақшы, білімпаздықпен, ізденімпаздықпен жазылған.
Қазақ бейнелеу өнерінің үздік өкілі Қанапия Телжановтың «Атамекен» картинасының сыры мен сипатын, оның алапат астарын ешбір өнер зерттеушісі тап Қалидай талдап, сараптаған жоқ. «Осы картинаға қарасам, көзімді ала алмай қаламын. Дүниедегі бір аяулы адамды, сағынышты сәтті көргендей ажырай алмайсың. Картина өте салтанатты әрі өте сұсты жазылған. Салтанатты болатын себебі, онда рух бар. Сұсты болатын себебі, өне бойы тұнған мінез, сол мінездің бір асқақ атрибуты – намыс өз кезеңіне қарсылық көрсетіп тұр. Егер терең көңіл бөлген кісі оның өңменінен өтіп кетер көздеріндегі сұмдық ызғардың ұшқынын сезер еді. Бір қарағанда ол менің өзім, жоқ, дұрысы, бүгінгі күні бірде ірі, бірде ұсақ болып кететін менің қатарымның кешегі бабасының баһадүр бейнесінің бір үзігі. Ол ат үстінде тұр. Қазір аттан түспейтін мұндай рухты бейнелер азайған, тек сурет бетіне көшкендей», – деп ой толғайды. Сөйтіп автор, осы орайда, кешегі тың және тыңайған жерлерді игеру науқанының қазақ халқы тарихындағы ең бір қаралы бет болғандығын, құнары мен қасиеті ұлтының ұстынына айналған байтақ даланы аяусыз қопарып, құнарын желге ұшырған оспадарсыз тірліктің бет-пердесін аша келіп, былай деп шегініс жасайды: «Үйдің іргесіне дейін жыртылмаған жер қалмады ғой. Сол жыртылған жердің үстіне Телжанов ат ойнатып, көкпар тартқызып, Махамбеттің мінезін алып келді. Бұл суреткердің сол кезеңге деген ішкі қарсылығы еді. Осы картинаны, бәлкім, жанын шүберекке түйіп, иненің үстінде отырып жазған шығар. Дей тұрғанмен де, суретші халқының рухани мұратына адалдығын танытты, намыс биігінен алдаспандай жарқ етті. Бұл – суретшінің ғана емес, тұтас бір халықтың тағдырын жырлаған туынды», – деп толғамды ой айтады.
Осы үзіндінің бас кезінде картинадағы рух туралы айтқан пікірін одан әрі тарата түссек, Қали Сәрсенбайдың туындыларының өн бойымен осы мәселе жібек жіптей есіліп, алтын арқау болып тартылатындығына көз жеткіземіз. Сонау бір жылдары Мәскеуде алдаспан ақын Олжас Сүлейменов «Аз и Я» кітабы үшін жан-жағынан арадай талаған 47 академикке бір өзі төтеп беріп, туы жығылмай шыққан қайсарлығынан ұлттық рухтың жасындай жарқылын оқырманға шынайы жеткізеді. Өмірден ерте өткен аса талантты суретші, өз туындыларында ұлттық рухты асқақтата бейнелеген Салехетдин Айтбаевтың «өнер тазалығы» үшін күресіп, құрақ ұшып, құлдық ұрғандарға көрсеткен табандылығына табынады. Ал қудалау мен қақпақылдың небір құқайын көрсе де, бүкіл жиған-тергенін халық мұңының, тағдырының жаршысы болған «Казахская правда» газетін шығаруға жұмсаған рухты азамат Алдан Әйімбетов туралы айта келіп: «Бұл кісіде атақ та жоқ. Бұл кісіде намыс бар», – деп ой түйеді.
Қалидың өткір-өткір толғамды пікірлері санасында иненің жасуындай саңылауы бар адамға кәдімгідей-ақ ой тастайды. Тоғышарлық жайлаған қоғамдағы кеселдерге сын жебесін тартудай-ақ тартып келеді. «Партиялар алдымен Абайды оқысын!» деп бір толғаса, «Парламентке адыраспан жағу керек!» деп бір қайырады.
Бүгінгі балалардың ертеңгі халық екенін ойға түйген қаламгер бір мектептегі балалардың «Кім болам?» деген сауалға 90 пайызы МАИ қызметкері боламын дегенін тілге тиек етіп, шошына жазады. Рухани тұлғаның ел басқарғанын екі есе бақыт деп бағалайды. Ал ұлттың ұлағатты дәстүрі сақталмаған жерді жын-шайтан иектейтінін тілге тиек етіп, рухани бейқамдықтың халық болашағын күңгірт, күлбілте, көмескі сүрлеу-соқпаққа алып баратынын тұспалдайды. Осы тұста Елбасының, Иманғали Тасмағамбетовтің, Ахметжан Есімовтердің ерен істері ілтипатпен сипатталады.
Қалидың көкірегіндегі ұлы мұңның бірі – сан ғасырлық шыңдалудан өткен асыл мұра – әніміздің, күйіміздің, жырымыздың бүгінгі ұрпақтың зерде, сана аясынан ысырыла бастауы. Құдіретті өнерге таңғалмайтын ұрпақтың өсіп келе жатқаны қоғамды алаңдатуы тиіс екенін жиі-жиі тілге тиек етеді. Осы орайда сонау бір жылдары Түрік мемлекетінің басшысы Тұрғыт Өзал елімізге келіп, Құрманғазы ұлт-аспаптары оркестрінің орындаған ғажайып күйлерін көз жасы тарам-тарам болып тыңдағанын тебірене толғайды.
Интеллектуалдық ойлау деңгейі, ой қорыту өресі кемшін замандастарымыздың серпілуін қалайтын ізгі ойы оның көптеген көсемсөздеріне арқау болды. Домбыралардың босаға аттай алмай, даңғаза даңғырлақтың көлеңкесінде қалуы, қаптаған «жұлдыздардың» көптігінен жер қайысып, көктегі жұлдыздардан ұят болғанын қынжыла айтады. Кезінде «Егемен Қазақстан», т.б. басылымдарда Қалидың сахнада қазақ әндерінің жүрек қылын шертер қасиеттерін абырой биігінде сақтап жүрген әнші Мейрамбек Беспаевқа жазған ашық хаты қоғамда үлкен ой, пікір туғызды. Не мәні жоқ, не сәні жоқ, не әуен жоқ, 20-30 сөздің басын құрап, телеэкрандарда ойнақ салған оспадарсыз әншісымақтарды, әні мен сөзін өздері жазып, бес-алты нота төңірегінде «әләулайлатқан» «әмбебап сазгерлерді» ұят аренасына шақырған-ды.
Қали қаламының бір стихиясы – театр мен кино. «Тазарғың келсе – театрға бар» деген қағида төңірегінде терең ой толғайды. Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Досхан Жолжақсынов, Мейірман Нұрекеев, Қасым Жәкібаев, Әнуар Боранбаев, т.б. сахнада жасаған образдарынан туындаған ойларын әсерлі жеткізеді.
Ол оқырмандарын Шәмші әнінен тараған шапағаттың шуағына бір шомылдырса, «нұрдан жаралған Нұрғисаның» «Құстар әні» мен күйлерінің тереңіне бойлатады. Осы бір тұста орыс композиторы Глинканың өмір бойы құстардың құйқылжыған әніне табынып өткенін шебер кестешідей жымдастырып, кіріктіретін тәсілдері де тым ұтымды-ақ. Қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматов пен қазақ музыка әлеміндегі лирикалық сазды, әдемі әндердің марқасқа авторы Илья Жақанов екеуінің рухани достығын, «Жәмила», «Шынарым менің, шырайлым менің», «Қош бол, Гүлсары», т.б. шығармаларының әсерімен жазылған әсем әндердің тарихын білу де бір ғанибет.
Қалидың өткір қаламы біздің қоғамдағы бір олқы тұсқа да назар аудартады. Мысалы, Мұқағалиға Алматыда ескерткіш қойылды. Ал сол Мұқағалиға ескерткіш неге Маңғыстауда тұрғызылмайды? Исатай мен Махамбет неге тек Атырауда ғана тұру керек? Неге оларға Алматының төрінен орын берілмейді. Олардың барлығы да қазақ ұлтының ұлы перзенттері емес пе?! Көкейге қона кететін осындай озғын ойлар оның шығармаларының әр бетінен табылады.
Енді бірде қаламгер Астанада «Көркемтайға ескерткіш орнатылсын!» деп дабыл қағады. Сол Көркемтай – белгілі қазақ ақыны Сәбит Дөнентаевтың трагедиялық кейіпкері. Тас жетім. Бүк түсіп, мола бұрышында жатқан қалпын баяндай келіп, автор мынадай ащы ой түйеді: «Шаранасын шырылдатып көшеге тастай салу үйреншікті іске айналды. Бұл қасіретті жеке адамның тұрмыс қиыншылығына жауып құтыламыз. Мемлекет қайда? «Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған» қазақтың сүйегіне түскен таңбадан құтылудың бір-ақ жолы бар.
Қазақ тарихтың небір қиян-кескі кезеңін бастан кешті. Енді ол қайталанбауы тиіс. Қазақта жетім болмауы тиіс.
…Астанада Көркемтайға ескерткіш орнатылуы керек. Өткеннің, жетімдіктің жиынтық образындай, символындай болса Көркемтай. Көркемтаймен кетсе қу кедейлік, тас жетімдік. Ескерткішке «Біз жесірін қаңғытпайтын, жетімін жылатпайтын елміз» деген сипаттағы сөз жазылып, бұдан былай қазақ халқы бала тастамауға, қаңғытпауға ант етісіп, Көркемтайға қойылған ескерткішпен бұл мәселеге нүкте қойылуы тиіс», дейді. Сондай-ақ ол сонымен бірге сонау Алматының кіреберіс биігіне «Мейірім» ескерткішін қоюды ұсынды. Сөйтіп, «Бұл кешегі қазақтың Мейірімін жойып жіберген түрлі империялық пиғылдарға қарсы орнатылған ескерткіш болар еді» деген сөздері ұғар құлаққа, түсінер түйсікке қонатын-ақ ой. «Мейірімнің даңқты баламасы – Ана. Мейірім атаулы Анадан тарайды» деген ойын одан әрі сабақтап, ұлы аналар – Домалақ анаға, Ұлпан анаға, Қарқабат анаға, Зере әжеге ескерткіш қоюды алға тартады.
Қаламгерді осынау рухани биіктікке ұмтылдырған, ел мойындаған деңгейге көтерген кімдер болды десеңізші?! Қали Шерхан ағаның қамқорлығын көп көрді. «Алты академикті алты орап кететін» Ақселеу Сейдімбектің сүйікті інісі болды. Мұзафар Әлімбаевтың ғибратына көп құлақ салды. Герольд Бельгермен көп сырласты. Тұла бойы зиялы қасиеттерге тұнып тұрған Әшірбек Сығайды аяулы аға тұтты. Зиялылықтың сымбатты құймасындай тұлға Зейнолла Қабдоловты ұлы ұстаз деп ұлағаттады. Асанәлі ағасының туған інісі болды. Оның бес томдық шығармаларын баспаға қанттай қып дайындап, інілік ізет көрсетті. Күнделіктерінің жаңа тарауларын өзі басқарып отырған «Алматы ақшамына» жариялады. Пікір-пайымы мол азамат, өнер дүлдүлі Сәбит Оразбаевты сырлас ағасы етті. Әрі ойшыл, әрі талантты суретші Ерболат Төлепбаевтан көп сырға қанығып, ойын ширатты.
Илья Жақанов оның шығармашылығына шынайы сүйсініп: «Жүрегің қандай нәзік, жаның қандай сырлы, сезімің де пәк! Дүниеге, адамдарға ғашық көзбен қарап, өбектей сөйлейсің! Жазушылық мәдениетіңнің биіктігіне, өреңнің кеңдігіне, талғамыңның тазалығына сүйсіне илігем! Әлем музыканттары Фредрик Шопенді «Фортепиано ақыны» дейді. Ал Қали інім, сенің прозаң әуезді, яғни музыкалық проза. Сенің шығармаларыңды оқығанда Бетховеннің «Айлы сонатасын» тыңдаған ләззатты сәттің рақатын көргендей тебіренем», деп толғанады.
Осы орайда, Қалидың «Сендерді сағынғанда» атты прозалық шығармалар жинағымен танысқанда, Илья Жақановтың пікірінің шынайы айтылғанына қол қоясыз. «Сеньор Саттаров» атты пәлсапалық хикаятын оқығанда, шымыр жазылған шығарма өзінің көркемдік қуатымен баурап алатындығы ақиқат. Ғажайып өнер иесі Сұңғат Саттаровтың күрделі тағдыры өз оқырманын бейжай қалдырмайды. Бір кезде әншілік өнердің шырқау биігіне көтерілген, даңқы жер жарған Сұңғаттың сол деңгейден құлдырағаны ішіңді қан жылатады. Сюжеттік желісі шиыршық атқан, кейіпкердің күйзелісті сәттері түрлі әдеби тәсілдермен, шегіністермен берілген, көркем тілмен жазылған шығарманы бір демде оқып шығасыз. Осындағы хикаяттан бөлек «Сегізінші жұт», «Жұмбақ жолаушы», «Белгісіз суретші», т.б. әңгімелердің барлығы дерлік өнер тақырыбына арналған. «Сегізінші жұп» әңгімесінде руханияттың өзегіне жегі құрт болып түскен тоғышарлық, өз қағынан өзі жеріген құландай, халықтың жүрегінен шыққан ғажайып өнерге, күйлерге деген селқостықтың сан соқтыратындығын астарлы оймен меңзейді. «Қазақтың Құдайдан басқа досы, серігі жоқ, егер болса, ол – қобыз» деп ой толғайтын Нарын күйшінің ізін басар ұрпақ жоқтығы арқау етіледі. Өнертану ғылымының кандидаты Өміртай Есентаев осынау Нарындай біртуар күйшінің күйлерін жазып алуға уәде етеді. Бірақ бел аспай жатып, берілген уәде әуеде қалқып қалады. Ұлы қобызшы өмірден өтеді. Ал ғалым Өміртай Есентаев кейініректеу «Батыс бейнелеу өнеріндегі ағымдар» деген докторлық диссертация қорғап, үлкен ресторанда дүрілдетіп той жасайды.
Әңгіме соңында автор ащы мысқылмен «…Біздің жақта өнер осылай өледі…» деп күйзеле аяқтайды.
Суреткердің бір қыры – өмірден көрген-баққанын, жіті байқағанын қойын дәптеріне түсіріп қоя беретін ерекше қасиеті бар. Классик қаламгеріміз Ғабит Мүсіреповтен бастау алған осы бір үрдісті өз шығармашылықтарының бір қыры етіп алып жүрген авторлар сапында – Жақау Дәуренбеков, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі марқұм Рақымжан Отарбаев, Тұрсын Жұртбаевтар бар.
Қалидың соңғы шыққан «Шал мен шындық» атты үлкен кітабына «Сөз сәулесі» жеке тарау боп енгізілген. Айтары жоқ, өте тартымды, қызғылықты оқылатын дүниелер. Қоғам өмірінің сан алуан құбылыстарын, қатпарлы астарларын, адамдардың мінез, көзқарастарының алуан түрлі сипатын, әдебиет, өнер әлемінің өзекті мәселелерін тамыршыдай тап басып, тосын да толғамды пікір айтып, самарқау тартқан ойларды селт еткізіп, сергітіп, ұйқысынан оятады. Бұл да сарабдал қаламгердің бір жетістігі деп сенімді айта аламыз. Қалидың өзі айтқандай, «суреткерде ауыз жоқ, жүрек сөйлейді». Оның сол жүрегінің терең қойнауынан қара тасты қақ жарып шыққан тау бұлағындай шыншыл, сыршыл ой толғамдары туралы айта келіп, Мұзафар Әлімбаев былай деп жазады: «…Мұндай терең тіркестер Қалида мейлінше көп. Осылардың қай-қайсысы да әлемдік нақылдар хрестоматиясына еркін ене алатындай деңгейде».
Осы «Шал мен шындықты» оқып шыққан классик жазушымыз Әбдіжәміл Нұрпейісов «Сенің жазуыңда культура бар» деп бағаласа, академик Төрегелді Шарманов: «Кітапты бас алмай, саралап оқып шықтым. Кітаптың әр сөзі – қазына. Кітаптың өне бойы терең ойлар иіріміне, салмақты, даусыз келісетін әділетті пікірлерге толы», – дейді. Атақты актер Сәбит Оразбай көптен бері тұшынып оқыған бірден-бір кітабы осы екенін айта келіп: «Мені ширықтырған – «Шал мен шындық», деп жазса, Асанәлі Әшімов: «Қали Сәрсенбайдың «Шал мен шындығы» менің жазу үстелімде тұратын кітапқа айналды», деп ой тұжырымдайды. Сатирик Көпен Әмірбек: «Ең кемі 2 грамм алтын алу үшін он тонна руда қазады. Қалидың қай мақаласын оқысаң да, қанша грамм екенін қайдам, әйтеуір алтын табасың», – деп ризалық етеді.
Сөз қадірін терең түсінетін, қазақ сөзін кие тұтқан асыл азамат, көрнекті жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев: «Соңғы он жылда Қали Сәрсенбайдың «Шал мен шындық», Нұртөре Жүсіптің «Мың құмырысқа және біз» деген кітабындай ақылды, халыққа соншама шырылдап ара түсер кітапты оқығаным жоқ. Осы екі азаматқа, қолымда болса, Мемлекеттік сыйлықты ойланбай берер ем», депті.
Осынау мерейлі жасқа толып отырған қабырғалы қаламгер Қали Сәрсенбайдың шығармашылық келбеті, оның адами бекзат болмысы туралы жаза беруге болады. Ол ешкімнің алдына барып, мені мақтаңыз деп сөз салған да азамат емес. Темірхан Медетбек ақын айтқандай, «оның жан толқытатын толғаныстары мен шемен болып қатқан шеріңді қопара қозғап кететін туындылары» азаматтың бекзат болмысын бедерлеп, биіктете түсетіндігі ақиқат.
Қызметтестерінің, әріптестерінің ешқайсына да ешқашан дауыс көтеріп сөйлемейтін, жаратылысынан қосыаумас мінезді болып туған Қали ел арасында, зиялы қауым ортасында абырой беделі өте биік азамат. «Алматы ақшамы» газетінің тізгінін қолына алысымен, ең басына астарына тарихи сыр ұялатып, айшықты сөзбен кестеленген «Мың жасаған шаһардың шамшырағы» деген сөзді жаздыртты.
Шолақ белсенділер алаулатып, жалаулатып, Алматының 150 жылдығын тойламақ болғанда, Қали үлкен ғалымдардың салиқалы зерттеулерін басшылыққа ала отырып, оның тарихы мың жылдан әрі болмаса, бері емес екенін әрі дәйектей, әрі жеріне жеткізе жазған-ды.
Сол «Алматы ақшамы» бүгінгі таңда халықтың сүйікті газетіне, зиялы қауым өкілдерінің кәдімгідей асыға күтіп оқитын баспасына айналған. Көрнекті қазақ журналисі, әр сөз, сөйлеміне барынша жауап беретін көсемсөзші Нұртөре Жүсіп: «Сөзде сәуле бар. Сөзде сиқыр бар. Бәріміз де сөйлейміз. Сөз айтқан боламыз. Сөз саптаған боламыз. Ал Қали қалай сөйлейді?! Қалай-қалай сөз саптайды?! Сұмдық! Көркем! Өткір! Қорғасындай ауыр! Қали – қазына!» деп, өз әріптесінің бітім-болмысын осылай сипаттайды. Мен де өзімнің сүйікті шәкіртіме берілген осынау бағаға қос қолымды көкке көтеріп қолдаймын.

Сарысу ауданы.

ТЕРЕҢДІК ПЕН КЕМЕЛДІК

Күләш Ахметова,
ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Тектілікке бермейміз-ау әлі мән.
Тереңдікті кемелдіктен танығам.
Жақсылар мен жайсаңдардың көзі едің –
Парасаттың уызына жарыған.
Қатар жатқан ауылда біз өскен ек.
Өнер қонып, кітап жаздың дестелеп.
Түсінгенге шұғыласы түсер деп,
Өлең жазып келем мен де кестелеп.
Айналаңда әппақ гүлдер ырғалсын.
Өсем деген ұрпақ болса, үлгі алсын.
Тәңір сыйын шын бағалай білгеннің
Төңірегі жарқырасын, нұрлансын.
Жетісудың жері нулы, бақшалы.
Тамылжысын табиғаттың жақсы әні.
Шамшырағы мың жыл тұрған шаһардың –
Сырға толсын – «Алматының ақшамы».
Тұлғаларды келе жатсың түгендеп.
Бұл бейнеттің игілігі, білем, көп.
Жұмбағы мол, күрделі бұл әлемде
Әділетті қорғай білу – ұлы еңбек!
Түзу жолмен жүрсе дейсің адамзат.
Тәртіппенен тұрған жоқ па ғалам жақ?
Мақсатыңа қиянаттың жолымен
Оңай жете қою деген – саған жат.
Талай елдің топырағын басыпсың.
Талай ойдың тұңғиығын ашыпсың.
Айнымайтын мінезіңмен, қалпыңмен
Алматыға, Алатауға ғашықсың!
Шырын еді-ау Алматының алмасы,
Болушы еді-ау ең сүйікті таңғы асым.
Бұлт шалса да биік таудың заңғарын,
Тұрғындардың көңлін мұнар шалмасын.
Болмау үшін құрмет – төмен, ізет – шет,
Қызғыш құстай қызмет етіп біз өтсек.
Айып па екен қарауыл боп қаламмен,
Қаламыздың алма бағын күзетсек?
Туған елді асқақтату – мықтылық.
Жақұтымыз – қасиетті құт, ғұрып.
Өз сөзіңмен ұлт рухын сусындат
Кісіліктің бұлағынан тұп-тұнық!
Көркемдіктен көбейеді көз нұры.
Ақиқатпен қымбаттайды сөз құны.
Алпыс деген, айналайын, жақсы жас,
Даналықтың, ағалықтың мезгілі.
Бауырым деп, ақ тілекпен жыр өрдім.
Адамы едің ар-намыстың, жігердің.
Келешекке қанатыңды кең жайып,
Бақытын көр қазақ деген Ұлы Елдің!

 

МЕНІҢ ҚАЛИ ДОСЫМ

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
жазушы,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері.

Сымның ар жағындағы дауыс бұрыннан таныс-біліс, сырлас адамдай:
– Ау, мына Тараздың қақ ортасынан қақшитып не салып тастағансыңдар? – деген өзімсінген үнмен тіл қатты.
Өзімсігені ұнағанмен, «Не салып тастағансыңдар?» деп салмақты маған аудара сөйлегеніне қитығып қалдым.
– Оны облыс пен қала тізгінін ұстап отырған көкелерімізге айту керек шығар…
Қали қитығып қалғанымды түсіне қойды-ау деймін:
– Қайдам, терезеден қарасам күмбезіндегі кресі күнге шағылысып жарқырап тұр, әйтеуір, – деп өзіне тән байсалды даусымен әңгіме ауанын басқа тақырыпқа бұрып жіберді.
Сөйтсем, Қалекең Тараз қаласында тұратын Алдаберген Сәрсенбаев ағасының үйіне келген екен. Міне, сол жерден Төле би даңғылының бойындағы шіркеуді көрген. Тоқсаныншы жылдардың бас жағы ғой, ол кезде қасында мешіт те жоқ, жалғыз өзі, шынында, дараланып тұратын. Ал Алдаберген ағаны Талас аудандық партия комитетінің бірінші хатшысының орынбасары боп жүрген кезінен білем, өте мәдениетті кісі еді. Кейін Қали Сәрсенбай «Егемен Қазақстан» газетінен «Парасат» журналының бас редакторының орынбасары боп ауысқанда менен «Қалидың осы қадамы қалай болар екен, бұрынғы жұмысы дұрыс па еді өзі?» деп, қобалжып пікір сұрағаны бар. Мен «Жоқ, «Парасат» та, оның парасатты басшысы Баққожа Мұқай да мен деген қаламгерлер қызығып, қызмет еткісі кеп тұратын жер» деп, көке көңілін орнына түсіріп қойғам.
Иә, сонымен… Қалекемнің сөз сыңайынан «Осындайды неге жазбайсыңдар?» дегенді түсіне қойдым да:
– Мен мұны кезінде «Жас Алашқа» елден бұрын «шіркеу салатын басқа жер құрып қалды ма?» деп шыңғыртып тұрып жазғанмын, сонда көкелерімізді де аямай, өкіртіп тұрып сынағанмын, – деп қойдым.
«Кезінде» деп бастауым бұл кезде мен «Егемен Қазақстанға» ауысқанмын. Ал Қали «Егемен Қазақстанның» аппаратында қызмет атқаратын, оның үстіне қаламы ұшқыр, ойы жүйрік талантты тілшілердің бірі болатын. Талантты тілшілер, әдетте, тарпаң келуші еді, ал Қалекеңнің мінезі өте қарапайым. Егер Қалидан басқа біреу Жамбыл жаққа келетін болса, онда алдын ала жау шаптырып, «күтіп ал», «көлік дайында», «дастархан жайдыр» деп одан басқа да бір бәлелерді «ұйымдастыр» деп қанды ішер еді. О, ондайларды да көрген ғой мына шыққыр көз. Ал Қалидың туған жеріне мына келісі баяғы Шона Смаханұлы көкемнің жым-жарт келісін еске салды. Ол кісі де, жарықтық, дардай атағына қарамастан Алматыдан облыс пен аудан орталығына жаяу-жалпылап (автобуспен дегенім ғой), ешкімге салмақ та, «салық» та салмай келе беретін.
Міне, Қалимен алғашқы таныстығым, дұрысы үндесуім телефон желісі арқылы осылайша өтті. Содан бастап Қалиға деген көзқарасым 180 градусқа өзгерді. Оның жазғандарын қалт жібермей оқитын болдым. Мақтамен бауыздаудың шебері екен. Кейде оқып отырып Биағаңның (Бейімбет Майлин) әңгімелерін оқығандай (мақалаларының өзіне) күліп алам.
Кейін екеуміз де «Жас Алашқа» келдік. Ол бас редактордың бірінші орынбасары, мен сол газеттің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісімін. Бас редакторымыз Нұртөре Жүсіп! Бір байқағаным, бас редактор жұмысты Қалиға сеніп тапсырады екен. Қали да басшы сенімінен шығып, газеттегі мақала біткеннің тақырыптарын құлпыртып, гүлдендіріп, тіпті, «ойнатып» жібереді. Менің Жамбыл өңірінен жазған мақалаларым да кедергісіз жарияланып жатады.
Қалекеңнің мен таныған тағы бір қасиеті – жергілікті билік өкілдеріне жағыну, жағымпаздану, қисынсыз мадақтау арқылы әмпей-жәмпей боп, сол арқылы оларды өзінің кейбір пендешілік жұмыстарына пайдалану деген майдалық атымен жоқ екен. Облысымыздың «Жақсысын жақсы, жаманын жаман» деп жазған мақалаларымды сол күйі жариялататын. Бәленбай жыл бірге қызмет еткенде маған «ана әкім бір жұмысыма керек еді, соны мақтап жазшы» немесе «ана басқарма басшысын сынап жазшы, бір тапсырмамды құлағына ілмеді» деп бір де бір рет өтініш айтқан емес.
Командир қандай болса, оның жауынгері де сондай болады. Мен де «азуымды» да, «жазуымды» да Қалекеңнің құлақ күйіне сап, бастығама «еліктей» бастадым. Құрдасқа, тіпті, бір ай кішілігі болса да «Қалеке», «Басеке» деп шын жүректен құрмет тұту, тіпті, жарасады екен. Бұл құрмет, әрине, бас редакторларым Ержұман Смайыл, Нұрлан Оразалин, Сауытбек Абдрахманов, Жанболат Аупбаев, Нұртөре Жүсіптерге де тиесілі.
Не керек, Қалимен қызметтегі сыйластық достыққа ұласты. Отбасымыз араласты. Бір-бірімізді сағынсақ шығармаларымызды оқимыз, одан кейін телефон деген бар, сол арқылы мауқымызды басып аламыз.
Бір жолы Қалекең Өзағаң, Өзбекәлі Жәнібеков туралы жазды. Оқи бастап ем, бірден баурап ап кетті. Өйткені ол Өзағаңның үйіне кірген кезде ең алдымен піскен сүттің иісін сезіпті. Сүтті Өзағаңның өзі пісіріп жатыр екен. Сүттің тасып төгіліп, ыстық пештен аздап қоңырсып шыққан иісі мұрныма (Қали да дәл осы сәтті тамаша сезіне білген екен) келгендей болды.
Қандай керемет! Осы жасыма дейін қаншама кітап оқып жүрсем де сүт иісін тұшына суреттеуден басталған шығармаға көзім түспепті. Оқып отырып, Қалимен бірге Өзағаңның үйіне барып, екеулерінің әңгіме-дүкенін үнсіз тыңдап отырғандай болдым.
Міне, сөз бен қаламгер құдыреті! Міне, қаламгер түйсігі мен шеберлігінің биіктігі!
Одан кейін Қалағаңның қазақтың дара тұлғаларын насихаттауда, олардың халық әлі білмей жатқан қасиеттерін танытуда атқарып жүрген еңбектері орасан зор. Мысалы, Асқар Сүлейменов туралы жазу керектігін Таласбек Әсемқұловқа айтып жаздырған дүниесі қаншама зиялы қауымның рухани шөлін басты. Сардар тұлғаға деген сағынышын оятты. «Қазақтың Қалтайы» деген тұрақты сөз тіркесіне айналып кеткен сөз де әу баста Қалекең тақырып қоятын «кухнядан» шыққаны шындық. Жамбыл өңіріндегі шалғай аймақтардың бірі – Сарысу ауданында туып, өсе келе дарабоз әншіге айналып Ла Скала сахнасында шырқаған Амангелді Сембинді де жеріне жеткізе жырлаған осы Қали ғой. Ал Қадыр Мырза-Әлісі мен Асанәлісі ше? Айта берсем, көп. Айталық, Тәкенге (Әлімқұлов!) деген құрметінің өзі неге тұрады! Ақын Күләш Ахметова туралы эссесіндегі шынайылық ше!? Тіпті, ауылда жүрген талантты жазушы Пернебай Дүйсенбин ағасын да назарынан тыс қалдырмайды. Ақын Аян Нысаналин «Егемен Қазақстанда» қызмет етіп жүргенде қарамағындағы інісі Қалиға ризашылықпен «Пернебайтанушы» деп қалжыңдайды екен.
Қалидың бір мықтылығы қаржыға емес, рухани қазынаға бай достарының көптігі. Олардың ішінде ақын, жазушы, сыншы, журналистерден бастап, филологтар, тарихшылар, археологтар, әншілер, күйшілер, сазгерлер, әртістер, суретшілер, спортшылар бәрі бар. Тек талантына дегдарлығы сай болса болды, басқасы, мысалы, анау әлгі… ата, жүз, ру дегендеріңіз бас ауыртатын мәселе емес.
Қали жақсы жазатын адамды таниды, сосын жақсы жазған адамға қуана біледі. «Бір жолы Алматыны жағалап жүрген, бірақ ішкілікке салынып кеткен қаламгерге барып, сұхбат алу үшін бір-екі бөтелке шарабын ала бардым» деп қаламгерлік «кухнясының» сырын да бөліскені бар. Сонда «әңгімелесу үшін өстуге де болады екен-ау» деп Қалиға бұрынғыдан бетер таңғалғам.
Осыдан екі жыл бұрын ба екен, елде жүрген маған Алматыдан телефон шалып:
– Көсеке, «Жас Ағаштағы» әңгімеңді есікті іліп ап оқып шықтым. Көптен бері мұндай дүниені оқымап ем. «Сумен жазылған… өлең» деген әңгімеңді айтып отырмын. Жақсы форма тауыпсың, – деді.
Жақында осы жылы лебізі әдеби пікірге айналып «Қазақ әдебиетіне» шықты. Өзі телефон шалып айтпаса, оны да білмей қалатын екем.
Міне, өзгенің табысына қуана білетін адамның биік болмысының бір парасы қандай болу керек деген сауалға жауап. Әйтпесе, мен «Қалеке, осыған пікір білдірсеңіз екен» деп емеурін танытқан жоқпын. Баяғыда мен де жазушы Несіпбек Дәутаевтың «Алма ағашының бұтағы» деген кітабына рецензия жазғанымда Нәкең оны білген жоқ етін. Өйткені жазғаның біреудің тапсырмасынсыз, өз жүрегіңнен шықпаса басқаның да жүрегіне жетпейді.
Қалекең де осы мақаланың жазылып, газетке жарияланып жатқанынан бейхабар.
Алпыс жас құтты болсын, Қалеке! Тоқсан жасқа жеткенде, бәлкім, «Қазақтың Қалиы» атанарсың! Құдай сол күнге жеткізсін!

пікірлер, ойлар, лебіздер

…Сенің жазуыңда культура бар.
Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ.

…Мұндай терең тіркестер Қалида мейлінше көп. Осылардың қай-қайсысы да әлемдік нақылдар хрестоматиясына еркін ене алатындай деңгейде.
Мұзафар ӘЛІМБАЕВ.

* * *
Өз басым кітапты («Шал мен шындық») бас алмай, саралап оқып шықтым. Кітаптың әр сөзі – қазына. Кітаптың өне бойы терең ойлар иіріміне, салмақты, даусыз келісетін әділетті пікірлерге толы.
Әр қаламгердің көздейтін арманы – ұлттық рухты биіктету мақсатына жеткендейсің.
Төрегелді ШАРМАНОВ.

* * *
…Қали не нәрсені жазса да біліп жазады. Біліп жазу үшін алдымен Құдай беретін жазғыштық қасиетті айтпағанда, білімпаздық, ізденімпаздық және керек. Осы тұрғыдан келгенде мен оның эстеттік әлеміне баса назар аударған болар едім.
Қадыр МЫРЗА-ӘЛІ.

* * *
…Қали Сәрсенбайдың «Шал мен шындығы» менің жазу үстелімде тұратын кітапқа айналды.
Асанәлі ӘШІМОВ.

* * *
Қалидың кітаптарын оқысам салқын самал желпігендей әсер аламын. Алғыр, байқампаз, сезімтал.
Герольд БЕЛЬГЕР.

* * *
…Менің көптен бері тұшынып оқыған кітабым осы «Шал мен шындық» болды. Оны оқып шығып, философқа ұқсап кеттім, тіпті болып кеттім десем де болғандай. Бұрын да қара жаяу емес едім, қазір тіпті құлшынып кеттім. Мені ширықтырған – «Шал мен шындық».
Сәбит ОРАЗБАЙ.

* * *
…Жүрегің қандай нәзік, жаның қандай сырлы, сезімің де пәк! Дүниеге, адамдарға ғашық көзбен қарап, өбектей сөйлейсің! Жазушылық мәдениетіңнің биіктігіне, өреңнің кеңдігіне, талғамыңның тазалығына сүйсіне илігем! Әлем музыканттары Фредерик Шопенді «Фортепиано ақыны» дейді. Ал Қали інім, сенің прозаң әуезді, яғни музыкалы проза. Сенің шығармаларыңды оқығанда Бетховеннің «Айлы сонатасын» тыңдаған ләззатты сәттің рахатын көргендей тебіренемін.
Илья ЖАҚАНОВ.

* * *
…Қалидың сөзінде от бар. Кәдуілгі от. Оқыған сайын денеңе қызу дариды, жігеріңе жігер, ойыңа ой қосады.
Дүкенбай ДОСЖАН.

* * *
…Қалидың толғаныстары жан толқытады. Шемен боп қатқан шеріңді қозғап кетеді. Ертеректе қазақ әдебиетіндегі тосын талант Оралхан Бөкеевтің тасып-төгіліп, құйылып-нөсерлеген «Қара сөзбен жырлаймын» деген топтамаларын оқып тамсанғандай ек. Енді, міне, Қали Сәрсенбайдың жаңа кітабыменен танысқан біз дәл сондай халде отырмыз.
Темірхан МЕДЕТБЕК.

* * *
…Қали Сәрсенбайдың бір сөйлемнен ғана тұратын талай-талай тұжырымдары баяғы Баукеңнің қағидаттарымен қанаттасып жататындай.
Мархабат БАЙҒҰТ.

* * *
Қалидың шығармалары Қаратаудың қайнар бұлағындай мөлдір. Құдықтай терең. Құдықты су шығатын жерден қаза білетін қаламгер.
Ең кемі 2 грамм алтын алу үшін он тонна руда қазады. Қалидың қай мақаласын оқысаң да қанша грам екенін қайдам, әйтеуір алтын табасың.
Көпен ӘМІРБЕК.

* * *
Бір жігіттің жайсаңы, сұлтаны. Өзі орынды жермен жүреді, орнымен сөйлейді. Қазіргі шығарып отырған газетінің өзі беделі жақсы ғой. «Алматы ақшамын» кәдімгідей күтіп оқимыз біздер. Жазушылығы қандай. Ол бірнеше кітабын ұсынды маған, үлкен сезіммен қарап шығамын, тәлім аламын, тілі кәдімгі тасты жарып аққан су сияқты әдемі, алымды, кісінің жанын ерітіп соңынан ертіп алады, міне шеберлік, жазушылық шеберлік, осы Қали Сәрсенбайдай інілеріміз болса, біздің руханият ешуақытта кемдік көрмес еді.
Әшірбек СЫҒАЙ.

* * *
…Соңғы он жылда Қали Сәрсенбайдың «Шал мен шындық», Нұртөре Жүсіптің «Мың құмырсқа және біз» деген кітабындай ақылды, халыққа соншама шырылдап ара түсер кітапты оқығаным жоқ. Осы екі азаматқа қолымда болса Мемлекеттік сыйлықты ойланбай берер ем.
Рахымжан ОТАРБАЕВ.

* * *
…Сөзде сәуле бар. Сөзде сиқыр бар.
Бәріміз де сөйлейміз. Сөз айтқан боламыз. Сөз саптаған боламыз. Ал Қали қалай сөйлейді? Қалай-қалай сөз саптайды? Сұмдық! Көркем! Өткір! Қорғасындай ауыр!
Қали – қазына!
Нұртөре ЖҮСІП.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support