- Advertisement -

Досаев: Базалық мөлшерлеменің ағымдағы деңгейі инфляция бойынша нысаналы бағдарларға жеткізеді

32

- Advertisement -

Қазақстан Ұлттық Банкі еркін өзгермелі айырбастау бағамы режимін ұстануды жалғастырады.

Сурет : Zakon.kz12 Наурыз 2019, 10:34

2019 жылғы ақпанда инфляция 0,3% болды, жылдық инфляция 4,8%-ға дейін баяулады. 4 наурызда Қазақстан Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені 9,25% деңгейде сақтады. Базалық мөлшерлеменің ағымдағы деңгейі инфляция бойынша 2019 жылға арналған нысаналы бағдарларға жетуге ықпал етеді. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Ерболат Досаев ҚР Үкіметінің отырысында «Әлеуметтік-экономикалық дамудың және республикалық бюджеттің орындалуының 2019 жылғы қаңтар-ақпандағы қорытындылары туралы» баяндамамен сөз сөйлеген кезде айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Е. Досаев 11 наурыздағы жағдай бойынша теңге бағамы бір АҚШ доллары үшін 379,48 теңге болғанын атап өтті.

«Қазақстан Ұлттық Банкі еркін өзгермелі айырбастау бағамы режимін ұстануды жалғастырады. Ұлттық Банктің валюта нарығындағы нетто-интервенцияларының көлемі 2019 жылғы ақпанда нөлге тең болды», — деп хабарлады Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы.

Е. Досаев атап өткендей, Ұлттық Банктің алтынвалюта резервтері 1 наурызда алдын ала деректер бойынша 29,2 млрд АҚШ доллары, Ұлттық қордың активтері 59,0 млрд АҚШ доллары болды. Жалпы халықаралық резервтер 88,2 млрд АҚШ долларын құрады.

Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы сондай-ақ 2019 жылғы қаңтарда депозиттер көлемінің 19,2 трлн теңгеге дейін 3,7%-ға өскенін атап өтті. Ұлттық валютамен депозиттер 11,9%-ға өсті.

«Көп жағдайда мұндай өсу «Цеснабанк» АҚ-ты қолдау бойынша іс-шараларды іске асыруға байланысты болды. Шетел валютасымен депозиттер 5,0%-ға төмендеді. Нәтижесінде, депозиттерді долларландыру 44,4%-ға дейін төмендеді», — деді ол.

Е. Досаев отырыс барысында кредит беру нарығының қалпына келіп жатқандығын айтты.

«2019 жылғы қаңтарда 898 млрд теңге сомаға жаңа кредиттер берілді, бұл өткен жылғы осындай кезеңнен 8,2%-ға көп. Кредиттік портфель 2019 жылғы қаңтардың соңында 12,5 трлн теңгені құрады», — деп түсініктеме берді Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы.

Ол кәсіпорындарға теңгемен кредиттер бойынша мөлшерлеме 2018 жылдың басындағы 13,2%-дан 2019 жылғы қаңтарда 12,4%-ға дейін төмендегенін, қысқа мерзімді кредиттер бойынша мөлшерлеме 12,9%-дан 12,3%-ға дейін, ұзақ мерзімді кредиттер бойынша 14,3%-дан 13,8%-ға дейін төмендегенін атап өтті.

«Экономиканың басым секторлары үшін 600 млрд теңге сомаға ұзақ мерзімді ресурстар беру міндеті шеңберінде Қазақстан Ұлттық Банкі Үкіметпен және банктермен бірлесіп жобаларды қаржыландыру тетіктерін әзірледі. Қазіргі уақытта олар іске асырылуда. 2019 жылғы 1 наурызда екі банктің 25 млрд теңге сомаға облигациялары сатып алынды», — деп хабарлады Е. Досаев.

Сонымен қатар ол «7-20-25» бағдарламасының 8 банк арқылы жүзеге асырылып жатқандығы туралы айтып берді. 1 наурызда 114,1 млрд теңге сомаға 9 983 өтінім қабылданды, 68 млрд теңге сомаға 5 816 өтінім мақұлданды, банктер 4 566 өтінім бойынша 54,5 млрд теңге берді.

«Баспана» ИҰ 13 әкімдікпен Бағдарлама бойынша бастапқы жарнаны субсидиялау туралы меморандумдар жасасты.

Ұлттық Банк пен «Баспана» ИҰ белсенді түсіндіру жұмысын жүргізуде. Бағдарламаны іске асыру барысы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жария етіледі. Сall-орталық тәулік бойы жұмыс істейді», — деді Е. Досаев.

Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы 2019 жылғы қаңтарда банктердің активтері 0,1%-ға азайып, 25,2 трлн теңге болғанын атап өтті.

«90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттер несие портфелінің 8,1%-ын құрады. Сақтандыру ұйымдарының активтері ағымдағы жылғы қаңтарда 1 080 млрд теңгеге дейін 3,0%-ға өсті. Бұл ретте сақтандыру резервтері 5,6%-ға ұлғайып, 548 млрд теңге болды», — деді сөзін қорытындылай келе Е. Досаев.

zakon.kz 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support