- Advertisement -

Гауһардың әлемі

68

- Advertisement -

Ұлы Дала өз ұрпағының бойына дара талант дарытқан ба дерсің. Орақ тілді ақын-жыраудың да мол мұрасын тыңдап өскен, күміскөмей, жезтаңдай әншілердің шырқаған әндері жан жүрегін тербеткен Гауһар Мырзахметова бала кезінен өзінің жандүниесі де үнемі ән салып тұрғандай, қиял көгінде самғап жүретін. Балауса шағынан әнге құштар көңілі оны адастырмады.
Ол бүкіл табиғат ән салып, Табиғат-ана дала әуеніне елітіп, тербеліп тұрған мамыр айында дүниеге келді. «Адам туған топырағына тартып туады» деген сөз бекер айтылмаған, сірә. Жамбылдықтар «Өнер өлкесі» атап кеткен киелі Құлан жұртшылығының өнерді ерекше қастерлейтіні оның бойындағы әнге, әуенге деген іңкәрлікті оятты. Ән әлеміне «Келші, айым», «Нәзігім» секілді ғажап лирикалық туындыларды үкілеп қосқан композитор Мэлс Өзбеков өмірге келген Көкдөнен ауылында туып-өскені әсер еткен шығар, оны әнге құштар ете түскен. Осы ауылдағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектепті тәмамдаған соң, Гауһар көп ойланып жатпады. Өнер жолын таңдады.
Алдында бағыт сілтейтін әрі әнші, әрі сазгер Гүлнұр Өмірбаева секілді әпкесі болғаны оның осылайша тез шешім қабылдауына әсер еткен секілді. Гауһар үшін ол өнердегі әпкесі ғана емес, өнер әлеміндегі бағдары іспетті. Әнші болсам дейтіндердің көбісі мектепте оқып жүргенінде-ақ ән жазған, домбыраға қосылып, ән шырқайтын Гүлнұрға еліктейтін. Міне, осының бәрі Гауһардың Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының «Музыка» факультетінің хореография мамандығын таңдауына түрткі болды.
Ол өнер әлемін танып-білуге құмар еді. Дегенмен оның жандүниесі ән әлеміне қарай қанат қаққысы келетін. Ақыры оны осы құштарлығы жеңді. Оқу орнында оқи жүріп, қосымша вокалдан Галина Қарамолдаевадан сабақ алды. Оқуды жақсы аяқтап, қолына диплом алған соң, өзі түлеп ұшқан Құлан жеріндегі М.Өзбеков атындағы Мәдениет үйіне маман болып жұмысқа орналасты.
Алған кәсіби білімі оған өнердегі өз жолын табуға итермеледі. Біреуге еліктемей, ән шырқауда өзіндік мәнерді іздеді. Сол жылдары қазақ жерінде шоу-бизнестің енді-енді дами бастаған кезі. Қолына микрофон ұстап, «әу» деп ән шырқағанның бәрі «хит» ән жазып, тез танылуға ұмтылатын. Бірақ Гауһар бұл дүбірге ат қосқысы келмеді. Қазақ даласының барлық сиқырлы сазын сезініп, әлі де болса кең жазираның әуенін құлағына құя түссем деп ойлады. Сондықтан Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласына қоныс аударғанда, ойланбастан сол жақтағы «Мұнайшы» Мәдениет үйіне жұмысқа орналасты.
Маңғыстау жұртының өнерге деген ерекше құрметі Гауһар Мырзахметованың кәсіби тұрғыда жетіле түсуіне түрткі болды. Сол қалада бірнеше жетістіктерге жетіп, жергілікті байқауларға қатысты. Ән десе ішкен асын жерге қоятын көпшіліктің ықыласы оның ынтасын арттырды. Сол жақта жүріп, өнер додаларында жүлделі орындарға ие болуы, «Маңғыстау жұлдыздары» атты байқаудың бас жүлдесін жеңіп алуы – соның дәлелі.
2006 жылы Ақтау қаласына жұмыс бабымен ауысып, Мұрат Өскінбайұлы атындағы облыстық филармонияға жұмысқа орналасқан кезде Гауһар Мырзахметова кәсіби тұрғыда толыса түскен нағыз бұлбұл үнді әншіге айналған еді. Өнердегі өз соқпағын тауып, өзіндік мәнерін қалыптастырып та үлгерген-ді.
Содан да болар, ол Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрының актрисасы ретінде қызмет атқарған кезде де өнердегі өз жолынан адасқан жоқ. Театрда басты рөлді сомдады. «Қыз Жібек» операсындағы Төлегеннің қарындасы Қарлығашты ойнап, елдің қошеметіне бөленді. Филармонияда да бірнеше конкурста лауреат атанды. Халықаралық конкурстарда да топ жарды.
2006 жылы халықаралық «Каспий – достық теңізі» атты конкурста жеңіске жеткен кезде Гауһар Мырзахметова ән әлеміндегі өзіндік орны айқындалған өнер иесі ретінде мойындалып үлгерген еді. 2008 жылы Астана қаласында өткен Н.Тілендиев атындағы І фестивальдың лауреаты атанғаны – осы сөзімізді айқындай түседі.
Гауһар Мырзахметова өнердегі өз қолтаңбасын қалдыру үшін тынымсыз іздене жүріп, «Балдәурен» би ансамблі және «Әуен» ансамблі тобына сабақ беріп, шәкірт тәрбиеледі. Оның шәкірттері бірнеше байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Арасында шетелдерге де барып, бас жүлде иеленгендері бар. Балғындардың музыкалық-эстетикалық тәрбиесі мен орындаушылық шеберлігін шыңдауға, музыка мектептерінің кәсіби дарынды оқушылары мен ұстаздарын дәріптеуге, оқытушылардың біліктілігін көтеруге ұмтылды. Оның бұл еңбегі де өз жемісін беріп жатты. Әншіден тәлім алған жас өнерпаздардың конкурстарда қол жеткізген табыстары жетерлік.
Гауһар Мырзахметова 2011 жылы Алматы қаласына ауысып, Жамбыл атындағы филармонияның Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор акапелласына мүше болды. 2019 жылдан бастап Іле аудандық мәдениет үйінде режиссер мамандығы бойынша қызмет атқаруда.
Ол – табиғатынан ерекше талантты жан. Оның барлық қол жеткізген табыстарының сыры – өнерге деген құштарлығында. Қандай істі қолға алса да, оған жан-тәнімен беріліп, бар білімін, күш-қуатын жұмсайтынында.

 

Камила БОРАШОВА

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support