- Advertisement -

Інімнің сыйлығы қымбат

87

- Advertisement -

Құндыз БӨГЕНБАЕВА,
Тараз қаласы полиция
басқармасының
Жедел басқару орталығының инспекторы, полиция лейтенанты.

Құқық қорғау – күрделі де жауапты қызметтердің бірі. Осы салаға келуіме тікелей анам ықпал еткен болатын. Республикалық «Қазақ» газетінде жауапты хатшы болып жұмыс істеп жүргенімде анамның шақыруымен 2014 жылы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне ауысып келдім. Өзім журналистикамен қатар құқық қорғау саласының маманы болғандықтан, бұл қызметті тез игеріп кеттім.
Дегенмен табиғатымыз нәзік болғандықтан шығар, күнделікті жантүршігерлік қылмыстар мен түрлі жағдайларға қатысты материалдармен егжей-тегжейлі танысу оңай соқпайды. Тәуліктің кез келген уақытында жұмысқа баруға, оқиға орнынан табылуға немесе рейдтік жұмыстарға қатысуға әрдайым дайын тұрамыз. Бұл – қиын әрі қауіп-қатерге толы, физикалық, психологиялық, моральдық дайындықты, білімділік пен сауаттылықты талап ететін жауапты кәсіптің бірі.
Полиция қызметкері болғандықтан қызметте ғана емес, көшеде де әрбір қадамыма жауапкершілікпен қарап, әрбір ісімді ойланып жасайтын болдым. Бұрын спорт залға бармайтынмын. Ал қазір аптасына екі рет полиция департаментіне қарасты «Динамо» дене шынықтыру кешеніне барып, жаттығу жасаймын. Уақытқа жүгіріп, теннис ойнаймын. Міне, осылайша физикалық дайындығымды жетілдіріп отырамын. Тирға барып, қару атуды үйрендім. Апта сайын жаңа заңдар мен заңнамалардағы өзгерістерден хабардар болу үшін оқу сабағына қатысамын. Жалпы, бұл саланың маған үйретері көп, берері алда деп ойлаймын.
Өткен жылы облыстық полиция департаментінің әлеуметтік желілердегі жұмысын жандандырып, имиджін көтеру мақсатында ««MISS POLICE JAMBYL» фотоконкурсы ұйымдастырылған болатын. «Instagram» қолданушылары арасында дауыс беру арқылы ашық түрде бір ай бойы жүргізілген байқаудың нәтижесінде ең көп дауысқа ие болып, жеңімпаз атандым. Байқауға қатысқан барлық арулар полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиевтің марапатына ие болды.
Ал енді, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі – менің ғана емес, барлық қыз-келіншектердің ең сүйікті мейрамы. Мен үшін бұл мерекенің символы – әдемі хош иісті гүл. Үйдегі інім «сабақта тамақ ішесің» деп берген ақшаны жаратпай, анама, сіңліме және маған алып берген сыйлығы – сыйлықтардың ішінде ең қымбаты дер едім.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support