- Advertisement -

Тосын апат тан зардап шеккендерге көмек берілуде

70

- Advertisement -

Оқиға кеше, таңғы сағат 6-дан 21 минут өткенде облыс орталығындағы №9 «Мыңбұлақ» шағын ауданындағы 62-үйде орын алған. Алапат жарылыс салдарынан көп қабатты үйдің бір бөлігінің 1-3-қабаттары құлады. Анықталған мәліметтер бойынша оқыс оқиға 2-қабаттағы 49-пәтерде болған. Алдын ала болжам бойынша жарылыс газ жабдықтарын абайсыз пайдаланудан туындаған.

Айта кету керек, осы төтенше жағдай туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин шұғыл түрде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа баяндаған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен үкімет комиссиясы құрылды. Комиссия мүшелері мен Астана қаласында іссапарда жүрген облыс әкімі Асқар Мырзахметов Тараз қаласына шұғыл ұшып келіп, оқиға орнына барды. Болған жағдаймен жан-жақты танысып, жапа шеккендердің хал-жағдайын біліп, қаза болғандардың жақындарына көңіл айтты.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті құрылымдық күштерінің жедел жұмылдырылуымен бақытсыздыққа тап болған тұрғындарды құтқару, қауіпсіз аумаққа көшіру жұмыстары жүргізілуде. Барлығы 8 адам үйінді астынан шығарылып алыныпты. Өкінішке қарай олардың үшеуі қаза тапқан.
Бұл жайдан хабардар болысымен біз де оқиға орнына барып мән-жаймен танысуға тырыстық. Әскерилер №62 көп қабатты үйді түгел қоршап, ешкімді ішкі аумаққа жібермей тұр екен. Өйткені жедел құтқару шараларын әлі де жүргізу үстінде болатын. Жарылыстың күшті болғаны соншалықты, қарсы беттегі «Неке және отбасы» орталығының біраз терезесі сынған. Әр тұстан жарылыс әсерінен күлпарша болып шашылған бетон жабындыларды ұшыратуға болады. Сол маңда тұратын тұрғындар да бұл дүмпудің күші болғанын айтуда.
– Күнбе-күнгі дағдым бойынша ерте оянған едім. Кенет… бір алапат жарылыстан үй шайқалып кетті. Алғашында жер сілкінді ме деп ойлағанмын. Терезеден қарасам, жарылыс қарсы беттегі үйде болған екен. Жалма-жан сол жаққа қарай жүгіріп жеттім. Маңайдағы таксиші жігіттер де сол тұсқа жиналып қалыпты. Бірі полицияға, бірі ТЖД-ға, бірі жедел жәрдем ауруханасына қоңырау шалып жатты. Жастар терезеден үйге кіріп, ондағы аман қалған тұрғындарды сыртқа шығарысуға жәрдемдесуге кірісті. Олар ең алдымен 18 жастағы қыз бен қарияны алып шықты. Қария «анда немерелерім, қыздарым қалды» деп жылап жүр. Өзінің де жағдайы ауыр болатын. Оқиға орнына ең алдымен полиция қызметкерлері, артынан өрт сөндірушілер жетті, – дейді көршілес үйдің тұрғыны Болат Қараманов.
Осы кезде біздің қасымызға бір жас жігіт алып-ұшып жеткен. «Жарылыс болған подъезде қарындасым тұрушы еді. Аман ба екен өзі, кімнен білсем болады?» деп сұрады ол полицейлерден. Көзі мөлтілдеп жасқа толып кеткен жігітке полицейлер жөн сілтеп жіберді. Ол №47 мектепке қарай қалбалақтап жүгіріп барады. Бауыр деген қандай?.. Адамның басына бермесін.

Осы оқиғаға байланысты ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ж.Қасымбектің төрағалығымен комиссия отырысы өтіп, оқиғаның себептері мен салдары талқыланды. Жеңіс Қасымбек орын алған жағдайды жан-жақты зерделей келе нақты қорытынды шығару қажеттігін және қажет болса арнайы мамандарды басқа қаладан алдыру керектігін баса айтты. Барлық зардап шеккен тұрғындарға жеке-жеке хабарласып, психологиялық және медициналық көмек көрсетіп, уақытша орналасатын пәтерлермен қамтамасыз ету керектігін тапсырды.
Сонымен қатар ішкі істер департаментінің басшысына қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындардың дүние мүліктері қолды болып кетпеуді, ондағы күзет жұмыстарын күшейту керектігін айтты. Штаб жұмысын өткізген комиссия тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді. Айта кетерлігі, қайтыс болған тұрғындардың отбасыларына қала әкімдігінің тарапынан 1 миллион теңгеден қаржылай көмек берілетін болады. Ал комиссия отырысынан кейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ж.Қасымбек пен облыс әкімі А.Мырзахметов ауруханада жатқан тұрғындардың жағдайын білді.
Еске сала кетейік, оқиғаға байланысты ҚР ІІМ ТЖК облыстық департаментінің күшімен қажетті мамандар мен техника саны жұмылдырылды. Үйдің барлық тұрғындары толығымен қауіпсіз орынға көшірілді. Қазіргі кезде облыс әкімдігінің қолдауымен зардап шегушілерге барлық қажетті көмектер көрсетілуде. Атап айтар болсақ, апат болған үйдің 100-ден астам тұрғынына №47 мектепте ыстық тамақ беріліп, психологиялық-медициналық көмектер көрсетілуде. Сондай-ақ зардап шегушілер қаладағы №13 «Бәйтерек» шағын ауданындағы көп қабатты үйдегі бос пәтерлерге уақытша орналастырылуда. Олардың жағдайы тұрақты бақылауда болады.
Төтенше жағдайға байланысты облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің төрағалығымен арнайы облыстық жедел штаб құрылды. Сондай-ақ 8 (7262) 51-35-75 нөмірі бойынша жедел желі жұмыс істеуде.
Бүгінде Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтың өкімімен нысандық төтенше жағдай жарияланды. Жалпы бұл бағытта алдын ала сақтық шаралары ретінде жыл басында қала бюджетінен 91,5 миллион теңге қарастырылған. Аталған оқиғаға байланысты нақты шығындарға талдаулар жүргізілетін болады. Қажет болған жағдайда, облыстық қазынадан да қаржы бөлінбек.

 

Марат Құлибаев

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support