От пен оқтың ортасынан оралғандар

Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанының 30 жылдығы қарсаңында облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында «Ауғанның отты жалыны» тақырыбымен Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өтті. Бұл шараны аталған кітапхана ұжымы мен облыстық кино орталығы бірлесіп ұйымдастырды.
Сол соғыс еліміздегі талай шаңыраққа қасірет әкелгені рас. Ауғанстанға 22 мың қазақстандық жауынгер аттанып, 800-ге жуық жауынгер Ауған даласында қаза тапса, 25-і із-түссіз жоғалып кетті. Әрине, мұндай қасіретті еске алудың өзі ауыр. Аталған кездесуге қатысқан Ауған ардагерлері Ербұлан Атабаев пен Бекболат Сәрсенбаевтың жүзінен біз толқуды, соғыстың аяусыз заңына деген өкінішті аңғардық. Ербұлан Рахметханұлы майданға өз еркімен сұранып аттанған 10 жігіттің ішінен екеуі Отанға оралмағанын өкінішпен баяндаса, Бекболат Хамзаұлы Ауғанның Желалабад, Шинданд қалаларын қорғау жолындағы қиын күндерден естеліктер айтты. Кітапхана әдіскері Фарида Медерқұлова Ауған соғысы жайлы кітаптар тізбесімен таныстырып өтсе, аталған мекеме қызметкері Гүлнұр Құрақбаева патриоттық ән шырқады. Сондай-ақ кітапхананың тұрақты оқырмандары Махмұт Пірманов, Нұрсұлтан Ақбаев, Әнуарбек Өтелов, Сағымкүл Шадырқұлова «Көк Тудың желбірегені», «Мен қазақпын», «Қазақ елі», «Атамекен» әндерін шырқап, отаншылдық сезімдерін көрсетті. Шара барысында Ауған соғысы туралы «Қара майор» атты деректі фильмнен үзінді көрсетілді.
Кездесуді кітапхана директоры Айгүл Оразқұлова қорытындылап, Ауған соғысы ардагерлеріне алғысын білдіріп, ұжымның атынан құрмет көрсетті.

Е.Жаңабайұлы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

микро займ на карту