- Advertisement -

Махаббат тауқыметі

90

- Advertisement -

«Ақан сері – Ақтоқты» қойылымын тамашалаған жұрт көңіл толқынысын жасыра алмады

Соңғы уақытта облыстық қазақ драма театрының репертуары Ұлы Даланың тарихи тұлғаларының талайлы тағдырларын насихаттайтын бірнеше қойылыммен толықты. Соның бірі – Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясының тұсаукесері. Әрине, мұндай күрделі шығарманы сахналау театрдың үлкен әлеуетін, актерлердің шеберлігін көрсетеді.
Ұлттық драматургияның жауһары саналатын бұл шығарманы Ғабит Мүсірепов ертеректе жазған. Пьеса ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы, ақыны, сал-сері атанған Ақан Қорамсаұлының шиеленіске толы тағдырын суреттейді. Шығармада заман шындығы шынайы көрініс тапқан. Сол кездегі биліктің пәрмені, жаңа мен ескі көзқарастың тартысы айқын бейнеленген.
Туындыны сахнаға елімізге белгілі режиссер, халықаралық Ш.Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов дайындаса, қоюшы-суретші ретінде ҚР Мәдениет саласының үздігі Рахат Сапаралиеваның тиянақты ізденгенін көруге болады. Сонымен қатар музыкамен көркемдеген Мөлдір Барақбаеваның, режиссердің ассистенті Анар Сағымбекованың және өзгелердің еңбегін атап өткен жөн.
Қойылым басталған сәтте біз сахнадан жылқының басы бейнеленген темір картинаны және жоғары жүруге арналған баспалдақтары бар биік тұғырды көрдік. Аттың басының бейнеленуін жылқыны қастерлеген қазақтың құлагерге деген құрметі деп білдік. Премьера барысында басты рөлді, яғни Ақан серіні «Серпер» жастар сыйлығының иегері Кенен Ақүрпеков шебер сомдады. Тіпті әр қимылымен, Ақан болып аласұруымен де ол көрерменді баурап алды. Ақанның деміне дейін дәл сомдап, жеріне жеткізіп ойнады деп айта аламыз. Бұл спектакльде екі топ бар. Бірі Ақан серінің жанашыр, тілеулестерінің тобы. Жылкелдіні – Жандар Қырықбаев, Мәрзияны – Индира Мұстафаева, Балтаны – Әбу Шоңбаев жоғары деңгейінде сомдап шықты. Екінші топ – кертартпа наным-сеніммен жүретін мешіт имамы Науан Хазірет (рөлде ҚР Мәдениет қайраткері Жүніс Әлімбеков) және оның жақтастары Жалмұқан (Мәлік Ақүрпеков) және өзгелер. Ақтоқтының әкесі Қоңқайды (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлі) осы жағымсыздар тобына жатқызуға болады. Бұлар – жүрек бостандығына ұмтылған Ақан мен Ақтоқтының (Әсем Қондыбаева) басты қарсыластары. Қойылымда Жалмұханбеттің Хазіреттің айдап салуымен айдай сұлу Ақтоқтыны мазақ етуі, оны терідей сүйреп, мылқау балуанға (Абзал Дәулетбақов) сыйға тартуы жанымызды түршіктірді. Осы спектакльде тағы бір шарасыз жан бар. Ол – Ақтоқтының анасы Дәмелі (Халық әртісі Мәкен Рахымжанова). Анасы қызының шын бақытын табуына тілеулес болғанымен қарсы күштердің алдында дәрменсіз. Ақанның әкесі Қорамса да (Асқарбек Сейілхан) ескі көзқарастағы адам. Ол Ақанның елді таңдандырған әншілік өнеріне басқаша көзқараспен қарайды. Түсінбейді. Қазақтың ең қастерлі аспабы домбыраны жек көреді. Міне, осындай кертартпа көзқарастар кедергі болып, Ақан мен Ақтоқты қосыла алмайды. Ақтоқты өзін құрбан етеді. Ал Ақан оның жансыз денесін жерден көтеріп алуы арқылы да ғашығына деген шексіз адалдығын танытады. Бұл қойылымда Мәдениет саласының үздігі Әнапия Ахмет, Мәмбет Қожалиев өз рөлдерін шебер ойнап шықты. Басты рөл Ақтоқтының образын шынайы алып шыққан жас актриса Әсем Қондыбаеваға да көпшілік дән риза болды. «Біз бұл қойылымға екі ай бойы тер төгіп дайындалдық. Күндіз күлкі, түнде ұйқыны ұмыттық. Сондықтан барлық актерлер өз рөлдерін жоғары деңгейде ойнап шықты деп білемін», – дейді басты кейіпкер Ақанды сомдаған актер Кенен Ақүрпеков.
Соңынан көпшіліктің ұзақ қол соғып, қошемет көрсетуінен бұл қойылымды жұртшылық өте ризашылықпен қабылдағанын, ерекше әсер алғанын аңғаруға болады. Тіпті кейбір театрсүйер қауым жанарына жас алды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support