- Advertisement -

«Қызыл сызықтан» асқандарға шара қолданылды

38

- Advertisement -

Кез келген құрылысты жүргізгенде немесе жобаны дайындау барысында болсын ең алдымен сәулет-құрылыс талаптарына сүйенген жөн. Егжей-тегжейлі жоспарды елемеуге болмайды. «Құрылыс сызығы», «қызыл сызық», міне, бұлар – жай ғана терминдер емес, құрылыстың дұрыс, сапалы және үйлесімді салынуының да негізі.
Бүгінде облыс орталығында жылдар бойы саудасын қыз-қыз қайнатқанмен, шаһар шырайына едәуір нұқсан келтіріп отырған сауда нүктелері жетіп артылады. Сол себепті, жергілікті билік тек пайдаға кенелуді ғана ойлап, «қызыл сызыққа» мән бермеген кәсіпкерлерге шара қолдануда. Желтоқсан және Қазыбек би көшесінің қиылысында орналасқан «Пико» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ғимараты – «қызыл сызық» үстіне заңсыз салынған нысанның бірі. Қазіргі таңда құзырлы органның шешімімен серіктестіктің екі қабатты нысаны бұзылып жатыр.
– «Қызыл сызыққа» орналасқанынан бөлек, ең әуелі бұл нысан жеңіл құрылыс материалдарымен салынуы керек еді. Бірақ серіктестік жергілікті атқарушы органның уәжіне құлақ аспай, нысанды күрделі құрылыс материалдары қолданылуымен тұрғызған. Сондықтан сот шешімімен нысан заңсыз деп табылып, бұзуға ұсынылды. Бұл іс жоғарғы және облыстық сотта қаралып, заңды күшіне енді. Кәсіпкерге жер телімі 2003 жылы берілген. Одан кейін сәулет-жоспарлау тапсырмасы бойынша ұсыныспен құрылыс жұмыстары басталған, – дейді қала әкімі аппараты құқық қорғау органдарымен жұмыс және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ержан Жолдыбай.
Қалалық аумақтық №1 бөлімінің басшысы Ғалымжан Ниетбаев құзырлы орган өкілдері тарапынан рұқсатсыз салынған бұл сауда нысанын бұзу туралы бұдан екі жыл бұрын шешім шығарылғанын, дегенмен кәсіпкер осы уақытқа дейін саудасын үзбей жасаумен келгенін тілге тиек етті.
– Облыстық ауданаралық экономикалық сотының шешімі бойынша нысанды кәсіпкердің өз еркімен бұзуы туралы шешім шықты. Серіктестік өкілдері ғимаратты бұзу жұмыстарына кірісті. Бұл жұмыстар бір апта ішінде аяқталады деп күтілуде. 2016 жылы нысанды сүргізу туралы соттың шешімі шыққан болатын. Бірақ арызданушы мен борышкер сотқа шағым түсірген. Нәтижесінде, борышкер соттан жеңіліп, нысанды өз еркімен бұзатындығын мәлімдеді. Осы уақытқа дейін серіктестік басшысына бірнеше рет өз еркімен бұзу туралы хаттама да берілді. Дегенмен кәсіпкер оған құлақ аспағандықтан, оның мәселесі сотта қаралды. Ал соттың шешімін орындамаған азаматқа әкімшілік іс қозғалатыны белгілі, – дейді Ғ.Ниетбаев.
Алдағы уақытта «Пико» сауда павильоны орналасқан бұл аумақта тағы басқа да бірқатар нысандар сүріліп тасталатын болады. Бұдан тыс облыс орталығында жер мен құрылысты заңсыз иемденіп, «қызыл сызық» бойынан құрылысы жүргізілген 20 нысанның мәселесі де заң шеңберінде қаралмақ.

 

Есен Өтеулиев

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support