- Advertisement -

Елді мекендерде еңсерілген істер көп

40

- Advertisement -

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы
5 ақпандағы «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» №190 Жарлығын іске асыру мақсатында облыс бойынша 16 қаңтар мен 14 ақпан аралығында 156 аудандық маңызы бар қала, ауылдық округтер мен ауыл әкімдері және 11 аудан мен Тараз қаласы әкімдерінің 2018 жылдың қорытындысы бойынша тұрғындар алдында есеп беру кездесулері өтеді. Ал 22 ақпанда Тараз қаласында облыс әкімі есеп береді. Барлығы 382 кездесу өткізу жоспарланған.

Алдымен 156 аудандық маңызы бар қала, ауылдық округтер мен ауыл әкімдері тұрғындар алдында есеп береді. 30 қаңтар мен 14 ақпан аралығында аудандық маңызы бар қала, ауылдық округтер мен ауыл әкімдері және аудандар әкімдері бірлескен және Тараз қаласы әкімінің қаланың 11 аумағында есеп беру кездесулері өтеді. Осыған байланысты жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ, ауыл әкімдерінің есеп беру кестелері жарияланып, тұрғындардың арыз-шағымға арналған жәшіктерінің қайда орналасқаны көрсетілді.
Алғашқы күні 38 кездесу өткізіліп оған 2700-ге жуық тұрғын қатысты. Есеп беру жиындарында 100-ден аса мәселе көтерілді.

Тұрғындар жол жөндеу, жарықтандыру мәселелерін көтерді

Кестеге сәйкес алғашқы есеп беру жиындары кеше Байзақ ауданының 3 ауылында өтті. Соның бірі – Бәйтерек ауылдық округінің Базарбай ауылы. Аудан әкімінің орынбасары Д.Дәулетов, Бәйтерек ауылдық округінің еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы С.Айтбаев және жергілікті тұрғындар қатысқан жиында Бәйтерек ауылдық округінің әкімі А.Абдуалиев 2018 жылы атқарған жұмыстары жайлы баяндады.
«Былтыр 16 150 тұрғыны бар ауылдық округтегі 168,6 гектар жайылым, 12,5 гектар шабындық, 21,3 гектар көп жылдық егістік алқаптары, жалпы 201,95 гектар жерді электронды картаға енгізу жұмыстарын жүргіздік. Ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру мақсатында құрылған «АҚ-МОЛ-2017» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің құрамына 29 адам кіріп, оның 24-і пайызы төмен несиеге қол жеткізіп, әрқайсысы 10-20 мүйізді ірі қара алды. Жалпы кооператив мүшелері 258 сиыр сатып алып, былтыр 191,1 тонна сүт өткізді. Оның литріне 10 теңгеден субсидия берілді. Биыл «ГАЗель» автокөлігін алуды жоспарлап отыр», – деген ауылдық округ әкімі басқа да шаруаларға тоқталып өтті.
Былтыр 2 мыңнан аса адам тұратын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар мен ауылдық округтерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігі енгізілгені белгілі. Осыған байланысты өткен жылы округке қарасты 6 балабақшаны қаржыландыру округ әкімінің құзырына берілген болатын. Әкімнің айтуынша, мектепке дейінгі мекемелерге бюджеттен 266,130 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ Бәйтерек ауылдық округі әкімінің аппаратына 2018 жылға 381,355 миллион теңге бөлініп, 99,9 пайызы игеріліпті.
«Байзақ ауданының 80 жылдығына орай Сарыкемер ауылының солтүстік-шығыс бетінен 6,0 гектар жерге саябақ құрылысын жүргізуге 41,056 миллион теңге қаражат жұмсалды. Ал «Өңірлерді дамытудың 2020» бағдарламасы бойынша 14 764 490 теңге қаражат бөлінді. Аудандық бюджеттен Сарыкемер ауылының бірқатар көшелеріне орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы ауылдағы Мәмбет батыр көшесінің бойына ұзындығы 0,2 шақырым жаяу соқпақ жолын салуға 1,8 миллион теңге бөлініп, жұмыстар толық аяқталды, – деді А.Абдуалиев.
Осы күні Ботамойнақ ауылдық округінің әкімі Е.Заурбеков Үшбұлақ стансасында, Қостөбе ауылдық округінің әкімі Д.Тәжібеков Талас ауылында есеп беру кездесулерін өткізді. Жалпы, есеп беру кездесулерінде тұрғындар негізінен ауызсу, жол жөндеу, жарықтандыру, спорт алаңқайлары мен өзге де мәселелерді көтеріп, әкімдерге сұрақ қойды.
Байзақ ауданы.

Рахатқа газ келіп, рахаттанар
күн алыс емес

Өткен жылды қорытындылап, алдағы уақытта атқарылар жұмыстарды саралайтын кездесуде ауылдық округ әкімдерінің тұрғындар тілегін тыңдап, елге ортақ мәселелерді назарға алуы заңдылық. Жұрт алдында есеп беруді міндеттейтін жиынның негізгі мақсаты да осы.
Аса ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қалшымбетовтің тұрғындарға есеп беру кездесуі «Рахат» бастауыш мектебінде өтті. Алқалы жиында округтің қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайы, атқарылған жұмыстар мен енді қолға алынатын тірліктер баяндалды. Ауыл әкімі кездесуде рахаттықтардың талап-тілектерін тыңдап, қойған сұрақтарына жауап берді.
– Рахат ауылы аудан орталығына жақын орналасқан. Дегенмен ауылда «көгілдір отын» жоқ. Бұл – бір. Екіншісі – елді мекенге балабақша қажет. Осы мәселелердің шешілуіне ықпал етсеңіз, – деген ауыл ақсақалы Бейсенбек Асқаров әкімнің есебіне оң баға берді.
Ал ауыл тұрғыны Ержан Шәлімбетов елді мекенге мектеп, спорт кешені, клуб салынса деген тілегін жеткізді. «Көшелер жарықтандырылса, балаларымыз үшін қауіпсіз болар еді. Оларға спортпен көбірек шұғылданатындай жағдай жасалса дейміз. Ауылдағы канал, арықтар тазартылса, шаруаларға да ағын су жетер еді. Біздегі тілек осы», – деді ол.
Өз кезегінде ауылдық округ басшысы көтерілген мәселелерді назардан тыс қалдырмайтынын, ауылды газдандыру мәселесі тіпті биыл шешілетінін айтты.

Жамбыл ауданы.

Альмира Омарова,
Эльмира Түркменова.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support