- Advertisement -

Жолақы артса…

63

- Advertisement -

қызмет сапасы да жақсара ма?

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сүйенсек, Тараз қаласында жолаушылар 43 бағытта тасымалданады. Өткен айда тиісті мекеме аталған маршруттар бойынша қатынайтын 459 автобусқа қатысты жол жүру тарифін көтеру мәселесін қозғаған болатын. Алайда…

Бірде ішіне автоинформатор, яғни тоқтайтын аялдаманы хабарлайтын қондырғы орнатылған №40 бағыттағы бір автобусқа отырдым. Ұлттық банктің Жамбыл филиалына таяғанда әлгі дауыс «Ардагерлер» аялдамасы деп мәлімдеді. Бұлай аталатындай, Ардагерлер үйі Қазыбек би көшесінен гөрі Төле би даңғылына жақын орналасқан емес пе?! Сондай-ақ «Не забудьте приобрести билеты» дейді. Әйткенмен біздің қоғамдық көліктерде оны ұсынбаса, жолақы төлемеуге болатындығы жайлы хабарлама ілініп, көлік жүргізушісінің қасында орам-орамы тұра, билеттер ешкімге берілмейді. 3-4 жыл бұрын ондай үрдіс бар-тын. Бірақ кеңестік кезеңді еске түсіретін әлгі сарғайған қағаздардың «науқаны» өте қысқа қайырылды. Тұрғындар да мұндай көрініске әбден дағдыланып қалған. Дегенмен туризмді дамытуға күш салып жатқан өңірімізге түймедей әдет түйедей сын болмасына кім кепіл? Автобустарға айтылар міннің қатары мұнымен толастамайды.
Жуырда облыстық тілдерді дамыту басқармасының қызметкерлері Тараз қаласы тұрғындарының қоғамдық көлікте мемлекеттік тілді пайдалануына қатысты әлеуметтік зерттеу жүргізіпті. 1500 тұрғын қамтылған сауалнаманың «Жалпы, қоғамдық көліктің қызметін жақсартуға қандай ұсыныс берер едіңіз?» дейтін сұрағына қатысушылардың 38,5 пайызы автобустардағы жолаушыларға қызмет көрсету мәдениетін жақсартуды меңзеген. Ал кезекші автокөліктің жиі, кестеден ауытқымай, әсіресе түнгі мезгілде тоқтаусыз жүруін тараздықтардың 25,8 пайызы керек деп тапқан. Біздің айтпағымыз да автобустардың уақытпен жүруі, дәлірек айтсақ, қоғамдық көліктер өздерінде ілінген хабарландыру бұрышындағы автокөлік бағытының желісіне сай жүре ме деген сауалға жауап іздедік. Осы мақсатта 3 ай бойы бақылау жүргізіп көрдік…
Анықтағанымыздай, қоғамдық көліктердің сызбалары ала-құла. Олардан тіпті 2011 жылғы кестені кезіктіресіз. Бірақ жаңартылған нұсқаға қарағанда ескісінің анағұрлым жоғары деңгейде екенін аңғардық. Себебі 7 жыл бұрынғы бағыт желісінде отырған бағыттардың қай аялдамадан басталып, қайсысымен аяқталатыны, бағыт ұзақтығы, айналым уақыты (бір айналып келуі), жұмысты бастау және аяқтау мезгілдері, аралық интервалына дейін анық жазылған. Ал 2014 жылғы кейбір сызбаларда маршруттың қай уақытта жүре бастап, жұмысты қашан аяқтайтындығы көрсетілместен, тек айналып келу және бағыт ұзақтығы жазылған бұрыштамамен алмаса бастапты. Бірақ жолаушыға ең бастысы – күнде қатынайтын автобусының таңғы уақытта қаншада жұмыс бастайтындығы мен кешкісін қай сағатта тоқтайтыны маңыздырақ. Өз басым биыл бекітілген бағыт желісінің бірде-біреуін таппадым. Сондықтан соңғы үлгісі ретінде былтырғы сызбаларды саралауыма тура келді. Оларда маршруттың бағыт ұзақтығы мен айналым уақыты ғана көрсетілсе де жақсы, өйткені көбісінде мұндай мағлұмат жоқтың қасы. Ал кейбір қоғамдық көліктерден хабарландыру бұрышының өзін таппайсыз.
Жүру интервалына келер болсақ, белгілі себептері болмаса, күндізгі уақытына мін тағатындай сын көп деуге келмес. Алайда таң сәріде сағат 6.20-да жүріп жатқан автобусты қайсыңыз көрдіңіз? Қағаздарыңызға солай жазылған деп айтуға өзің қысыласың. Кешкі уақытқа бекітілген №3 және 40-автобустардан басқа көліктерге 20.00-ден кейін отыру қиын. Өйткені көбісі бұл уақытқа жетпей жатып-ақ «шаршап» қалады. Қоғамдық көліктердің хабарландыру бұрышына және аялдамаларға ілінген анықтамалық тақтайшада көрсетілгендей, түн ортасына дейін жүрмейді. Қатынап бастаса да, адамы азайса, «Біз соңына дейін бармаймыз, осы тұста түсіп қалыңыз» деп, жолда қалдыратынын қайтерсіз. Мысалы, Астана мен Алматыда қоғамдық көліктер түннің бір уағына дейін қатынайды ғой. Мұндайға ол қалаларда адам көп деген уәж айтылады. Рас, көбі – көп. Ендеше, тараздықтарға қарағанда халық саны аздау Өскемен мен Семейді алайық. Дей тұрғанымен аталған қалалардың жүргізушілері жұмыстарын 6.25-те, тіпті 5.30-да бастайды да, қас қарайғаннан кейін де он жарымға дейін жүреді. Бізде де солай, бірақ «аты бар, заты жоқ». Нақтысын айтсақ, навигациялық бақылау жүйесі GPS күйінде. Қазір аялдамада ұзақ тұрып бүрсең қақпау үшін қажетті автобусыңызды ғаламтор желісінің «Тaraz-bus.kz» жүйесіне кіріп көре аласыз. Бірақ сайтты ашып қалғандағы қуанышыңыз су сепкендей басылуы ғажап емес. Өйткені күндіз қарасаңыз, бақылап отыру жүйесінен көрінбеген автобустардың тұтқиылдан шығатынына я соңғы аялдамаларынан қозғалмай тұра беретіндігіне, кейде тіпті жүйенің өзі істемей қалатындығына да куәміз. Ал кешкілікте керісінше, белгіленген бағытта жүруі тиіс қоғамдық көліктің тіпті өзге аймақтарда жүргенін я тапжылмай тұрғанын анық аңғаруға болады. Мұндай көрініс жарықта да қылаң беріп жатады. Содан кейін де болар, әлгі анықтамалық тақтайшалар барлық аялдамада жоқ. Болса да әбден тозығы жеткен. Тіпті сол кестемен көлік күтудің өзі де ескілік сияқты. Себебі тақтайшадағы тізім бойынша №40 автобус сағат 23-тен 37 минут кеткенше, ал автобустың ішіндегі хабарландыру бұрышына сәйкес, тіпті сағат 00.20-да бір-ақ жұмысын аяқтауға тиісті болса да, олардың демалысы әлдеқайда ертерек басталып кетеді. Жұмысы сағат 22.00-де аяқталуы міндеттелген №46 бағыттың автобустары әлгі тақтайшаларда көрсетілген уақытымен 20.58-ге дейін жүрмейді ғой. Ал таблоға осы аялдама арқылы жүретін №57 бағыт мүлде жазылмаған. Ғаламтор беттерінен кейбір тұрғынның №13 және 42-бағыттағы автокөліктерінің сағат 17:00-ге дейін тоқтап қалатындығы жайлы шағымын да көзіміз шалды. Мұндайда шаһар жолаушыларының такси ұстамасқа амалы жоқ. Ымырт жабылғаннан бастап аталған қызметтің бағасы да күрт шарықтап кететіні үйреншікті. Ал оны кез келген қалалықтың қалтасы көтеретіндей, дотацияда отырған облысымыздың орталығы Тараздың әлеуеті ерекше артып, ол санаттан шығып кетті ме? Әлде әлгі сызбаларға уақытты барынша ұзартып көрсету әлдебіреулердің қаржылық ахуалын көтере ме? Жазылған уақыттарда автобустың жүрмеуі, оған бағынбауы осындай ойға жетелейді. Бірақ қоғамдық көліктер қозғалысының белгіленген кестесі ешкім де, ешқандай уәкілетті орган да мәжбүрлеместен, «Автомобиль көлiгi туралы» ҚР Заң бойынша сақталуы керек емес пе?!
Дерек көздеріне сүйенсек, шаһарда жолаушы тасымалымен айналысатын 11 мекеме («№1 Тараз автобус паркі» ЖШС, «ТаразТрансПасс» ЖШС, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС, «Саяхат-99» ЖШС, «Саят» ЖШС, «Экспресс-05» ЖШС, «ДамРус» ЖШС, «ТаразТрансМоторс» ЖШС, «Мерей-2002» ЖШС, «СапарТранс-2012» ЖШС, «МД-Транс» ЖШС) бар. Олардың кейбірі өздеріне тиесілі автобустардың қозғалысы таңертеңгі сағат 6:40-та басталғанымен, кешкі 20:00-ге шейін ғана жүретіндігін де мойындайды. Соған қарамастан, серіктестіктер облыс әкімшілігінен жолақыны 90 теңгеге көтеруді сұрағанына 2-3 айдың жүзі болды. Алайда тасымалдаушы мекеме қызметкерлерінің базынасына облыс әкімі Асқар Мырзахметов тариф мәселесінде облыстағы жан басына шаққандағы табысты, инфляция деңгейін ескеру керектігіне назар аудару қажеттігін айтқан болатын. Бағаны көтеру үшін тасымалдаушы мекемелердің табысын анықтап алу керектігін де ескертіп, тасымалданған жолаушылар санын анықтап, халықтың өтінішіне сай кей орындарға жолаушылардың мініп-түсуі үшін жол белгілерін орнатуды тапсырып еді. Олай болса, «жолақыны көтеру мәселесін қозғауға мәжбүрліктен бардық. Мақсатымыз – халықтың ақшасын қалтаға басу емес, қайтсек қызметімізді жақсартамыз деген ой» дейтін кәсіпорын қызметкерлері түйткілді мәселені жеті рет өлшеп, бір кессе және сөздеріне ісі сай болса демекпіз.

PS: Жолаушы тасымалымен айналысатын компаниялардың биылдан бастап дені 10 пайызға көтерілетін жалақы жайлы жағымды жаңалықтан соң іле-шала жолақыны ә дегеннен 40 пайызға көбейтуді ұсынуы әділ ме? Расында, қоғамдық көліктердің негізгі жолаушылары саналатын қарапайым жұртшылық екі жылда 10 теңгеге әрең өскен тарифті бірден 25 теңгеге қымбаттату былай тұрсын, араға бір жарым жыл салмай жатып бұл тақырыпты қозғаудың өзі құлаққа түрпідей тигенін айтуда.

 

Альмира ОМАРОВА

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support