- Advertisement -

Латын графикасына көшу — уақыт талабы

94

- Advertisement -

Облысымызға Мәдениет жән спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Қуат Бораш келді. Ол Жамбыл ауданы әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Латын графикасына көшу – уақыт талабы» атты кездесуге қатысты. Бұл жиынға облыстағы барлық бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері, тіл мамандары, ауыл әкімдері, мектеп мұғалімдері шақырылды.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова сөз сөйлеп ашып, қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің аса маңызды міндет екенін айта келіп, бүгінгі кездесуге арнайы қатысып отырған Тіл саясаты комитетінің төрағасы Қуат Борашқа алғысын білдірді.
Мұнан соң облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова сөз сөйлеп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы 6 міндеттің бірі – қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру екенін осы мақсатта республикалық іс-шаралар жоспары бекітілгенін атап өтіп, Қуат Қахарманұлынан осы мәселелерді кеңінен әңгімелеп беруді сұранды.
– Біздер бүгін қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесіне байланысты жиналып отырмыз. Әрине, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін дайындау оңайға соққан жоқ. Бұл ретте Премьер-Министр басқаратын арнайы ұлттық комиссия құрылды. Аталған комиссияның бір жыл ішінде 6 отырысы өтсе, жұмысы төрт бағытқа негізделді. Олар – орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық және ақпараттық-технологиялық бағыттар. Мен орфографиялық жұмыс тобы жағында болдым. Жыл ішінде орфографиялық топтың 12 кеңесі өтті. Кең көлемде ой, пікір, ұсыныс жинау үшін тіл саласының ғалымдары әр ауданға барды. Ауылдардағы жұрттың пікірін тыңдады. Кирилица нұсқасында 42 әріп болса, қазіргі латын графикасында 32 әріп қалғанын білесіздер. Біраз әріп түсіп қалды. Ол туралы да ұзақ кеңестік. Біз әуелі осы жолдардан өткен Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан елдерінің зерттеулеріне сүйендік. Олар дәстүрлі орфографияны сақтап қалған екен. Сондықтан осы тәжірибеге сүйеніп, орфографияның 80 пайызын сақтап қалдық. Ұлттық комиссия мақұлдап, емле ережелерін бекітті. Ал терминология бағыты бойынша қызу талқылау жүріп жатыр. Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы термин сөздерді өзіміздің тілдік қорымыздан іздеуді тапсырған. Латын графикасына негізделген әліпбиді оқытудың әдістемесі дайындалды. Енді әріптерді латын графикасына негіздеп дайындау, әріптерді ақпараттық технологиялық пернетақтаға енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Түйіндеп айтқанда, барлық пікір сарапталып, сараланады. 2025 жылға дейін уақыт берілген. Алайда уақыт бар екен деп арқаны кеңге салуға да, асығып шала жұмыс істеуге де болмайды. Бізге уақыт оздырмау керек және әр жағдайға терең мән беріп асықпау қажет. Бүгінгі таңда латын графикасына негізделген қазақ әліпбиімен «Тіл – қазына» журналы жарық көруде. Барлық облыста латын графикасына негіздеп халықтық диктант жазу шараларын жүргіздік. Нәтиже біз ойлағаннан да жоғары. Кейбір облысқа 100 мың адам белгілесек, диктант жазуға 200 мың адам қатысқан өңірлер де кездесті. Жамбыл облысы да алдыңғы, белсенділер қатарында. Осы кезге дейін 5 миллион тұрғын латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін танып, үйренді. Бұл – жақсы нәтиже, – деді Қуат Қахарманұлы.
Біздің өңірде облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы жүзеге асырған латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін онлайн-курс арқылы үйрету мақсатында «qazalipbi.kz» бағдарламасы дайындалды. Бұл – латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін үйренуде интернет-технологиялар мүмкіндігін пайдалануға қол жеткіздік деген сөз. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Гүлзинат Қарымбаева аталған электронды бағдарламаның дайындалуы, тиімділігі жөнінде кеңінен әңгімелеп, «qazalipbi.kz» бағдарламасының 18 сабақтан тұратынын, әр сабақта үш әріпті жан-жақты қамтылатынын айтып өтті. Мұнан кейін ТарМУ-дың аға оқытушысы, аталған университеттегі латын графикасына үйретудің оқу-әдістемелік орталығының жетекшісі Балмира Мырзабаева онлайн курстың әлеуметтік желіде, ұялы телефондарда қажетті сөздерді жазсаң оңай ашылатынына, жаңа әліпбидің құрамы мен құрылымы онда тайға таңба басқандай көрсетіліп тұрғанына, әр сабағы қызықты, түсінікті екеніне тоқталды.
Қуат Бораш жамбылдықтар жасаған «qazalipbi.kz» бағдарламасын өзге өңірлерге үлгі ретінде қолдану қажет дейді.
Мұнан соң Қуат Бораш аталған жиынның Аса ауылында өтуінің бекер емес екенін, өзі осы Жамбыл ауданының тумасы екенін, облыстық телеарнада еңбек еткенін, Бекет Момынқұл мен Көсемәлі Сәттібайұлын ұстаз санайтынын әңгімеледі. Сондай-ақ ол публицистикалық «Жұмыр жердің жұмағы» кітабындағы туған жерге арналған естелігінен үзінді оқып беріп, бірқатар кітаптарын аудан әкімінің орынбасары Үміткен Наймановаға табыс етті.
Бұдан кейін облыстық «Aq jol» газетінің Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы бүгінгі жиынның басты тақырыбы болған қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру өзекті екенін, бұл талапты орындауға қазақстандықтардың мүмкіндігі зор екенін айта келіп, республикалық «Egemen Qazaqztan» газеті барша басылымға үлгі болып, латын графикасымен әуелі хабарлар жариялап, кейіннен беттер бере бастағанын, бұл үрдісті «Aq jol» газеті де қолдап отырғанын, «Aq jol» атауын облыс басылымдарының ішінде ең алдымен өзгертіп, жалпы жұртшылықтан сүйінші сұрағанын жеткізді. Сондай-ақ ол Қуат Борашпен «Egemen Qazaqztan» газетінде бірге еңбек етіп, «Ер Баукеңнің қызы – Елена» деген көлемді мақаланы бірге жазғанын, осындай сыйлас, жерлес азаматтың қазіргі ең маңызды мәселенің басында жүргенін мақтаныш санайтынын айтты.
«Знамя труда» газетінің Директор-Бас редакторы Бекет Момынқұл жиындағы мәселелерді қолдай келіп, Тіл саясаты комитетінің төрағасына «Жаппай латын графикасына көшкенімізде еліміздегі орыс мектептерінің жағдай не болады?» және «Орыс газеттері қай әріппен басылып шығады?» деген сауалын қойды. Қуат Бораш бұл тұрғыда «Латын графикасына көшіру талабы еліміздің барлық білім ошақтарына бірдей қойылатынын, келешекте мектептердің бәрі қазақ тілінде болатынын, ал орыс газеттері кирилица әрпімен шыға беретінін жеткізді.
Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Arai» жастар газетінің бас редакторы Дәулет Төленді қадірлі қонақ Қуат Борашқа журналистер қауымының атынан сый-сияпат жасады. Мұнан соң аудандық мәслихаттың хатшысы Рүстем Бегалиев сөз сөйлеп, ауданның тумасы Қуат Борашқа алғысын бідірді. Жиынды облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Сәтбекқызы қорытындылады.

Жамбыл ауданы.

Есет Досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support