- Advertisement -

Аспанда ұшқан… алты қыз

110

- Advertisement -

Байырғы әскери ұшқыш, запастағы
подполковник Анатолий Кисиль жетекшілік
ететін Тараз қаласындағы «Жастар авиациялық орталығы» қоғамдық бірлестігі де еліміздің әуе күштері нығаюына, салада сапалы кадрлық
резерв даярлануына өзіндік қомақты үлесін қосуда. Өзі құрылып, жұмыс істегелі бергі он бес жыл ішінде аталмыш орталықта 1200-ден астам жамбылдық жасөспірім ұл-қыздар машықтанудан өтіпті.
Қазіргі таңда олардың 100-ге жуығы еліміздің
Әуе қорғанысы күштерінің сардары атанған. Жиырмаға жуығы азаматтық авиация саласында жемісті қызмет етіп жүр.

Олардың ішінде әулиеаталық алты бірдей қызымыздың алып әуе кемесін тізгіндеп отырғаны да айрықша қуантады. Орталықтан әр жылдары тәлім алып, түлеп ұшқан Әйгерім Молдашева, Полина Павлова, Евгения Гончарова, Инна Губарева, Юлия Анохина, Лариса Белогорцева, Аида Әлжанова, Евгения Анохина бүгінде «Эйр Астана» авиакомпаниясында қызмет етеді. Оның ішінде алтауы – ұшқыш. Эльмира Үсенова полиция сардары. Ал Зарина Пынзер еліміздегі азаматтық авиация академиясында оқиды. Бәрі де – спортшылар, парашютшілер. Олар әр кезде де өздерінің осы мамандық бойынша қанаттарын ұштаған Тараз авиаорталығын ілтипатпен еске алып отырады.
Сондай-ақ орталықтың түлектері Владимир Фикс Азаматтық авиация академиясында, ал Ерболат Сармурзин, Бейбарыс Дос еліміздің Әуе қорғанысы күштері әскери институтының инженерлік факультетінде оқиды. Соңғы аталған түлек оқуын бітіріп, бүгінде «Эйр Астана» компаниясында алғашқы еңбек жолын бастапты. Авиаорталыққа алыстағы ауылдан келіп, тиісті оқу-үйрену жаттығуынан өтіп, жоғары әскери оқу орнын да үздік дипломмен тәмамдап шыққан Мақсат Салиджанов бүгінде реактивті истребительдің ұшқышы атанып отыр. Шағын ғана орталықта шыңдалу мектебінен өткендердің бәрінің аты-жөнін тізіп шығу тіпті де мүмкін емес. Яғни мұнда тәрбиеленіп, ұшу өнеріне машықтанғандардың бүгінде бірі ұшқыштық еңбек жолын бастап жатса, екіншісі оның ізін басып, жоғары оқу орнына қабылдануда. Осылай арадағы сабақтастық тіні үзілмеуде.
Қазір аталған «кадрлар дүкенінде» 20 ұл-қыз ұшқыш мамандығының қыр-сырын үйрену үстінде. Олар – мектептердің 10, 11-сыныптарында, колледждерде оқитындар. Арасында ТарМУ-дың студенттері де бар. Олар мұнда кешкі уақытта оқып, парапланермен ұшу, парашютпен секіру, қаладан тыс ұшып шығу машықтарын да меңгереді.
– Елбасының үстіміздегі жылғы қазан айындағы «Қазақстандықтардың әл- ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту қажеттігін атап көрсеткені белгілі. Бізде де осынау міндет басшылыққа алынып отыр. Атап айтқанда, өткен ғасырдың сексенінші жылдарында интернационалдық борыштарын адал атқарып, ерліктерімен танылған жерлестеріміз, жеті бірдей тікұшақ пилотының есімдері авиаорталық қабырғасында мәңгілікке жазылулы тұр. Олардың ерлігі мен ісі жас ұрпақ үшін әр кезде де үлгі-өнеге. Патриоттық тәрбие тіні ешқашан да үзілмек емес.
Бүгінде халықаралық аренада айрықша абырой-беделге ие еліміздің экономикасы дамып, қала, ауылдарымыз көркею үстінде. Ең бастысы, тәуелсіздік жылдарында көптеген жетістіктерге қол жеткізілуде. Жастарымыздың таңдаған мамандықтарын меңгеруіне де мүмкіндік мол. Авиаорталық түлектерінің біразының әуе кемесін бағындырып, ел көгінде еркін самғауы соның бір айғағындай. Алдағы уақытта да еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, барлық жақсы армандар орындала бергей! – дейді бұл тұрғыда аталған авиаорталықтың жетекшісі Анатолий Николаевич.

 

Баймаханбет АХМЕТ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support