- Advertisement -

Ғажайыпқа толы жаңа жыл

112

- Advertisement -

Арайлап атқан әр күннен жақсылық күтетін көңіл шіркін көкдөнендей жүйрік қой қашанда. Адамның бойындағы жаңалыққа деген жан құштарлығының сыры да осында. Жаңа арман, жақсы үмітті тұтатып, көңілде сондай бір ғажайып күй ойнайтын кез – Жаңа жыл мерекесі. Бұл күнді, әсіресе, кішкентай бүлдіршіндердің асыға күтетіні белгілі. Себебі осы мерекеде жеткіншектердің көптен күткен арман-тілегі орындалады. Балалық шақтағы ең бір шұғылалы сәттердің осы мерекемен байланысты болатыны да сондықтан шығар, бәлкім.
Балғындарға шат күлкі сыйлай білу қамқорлықтың ең шынайы көрінісі ғой. «Баласағұн» орталық концерт залында өткен «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл» атты облыс әкімінің жаңажылдық шырша мерекесі балаларға сондай шаттық сыйлады. Жас жеткіншектер өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің мерекелік шараға келіп, өздерімен бірге қол ұстасып би билегеніне, көңілдеріндегі сыйлықтарын тарту еткеніне мәз. Алғаусыз көңілді анық сезетін де осы балалар емес пе!? Аға буынның көрсеткен қолдауы мен қамқор пейіліне қарай өздерін еркін ұстап, балалық еркелігі басып, шын қуанды.
Мерекелік бағдарламаның атауы айтып тұрғандай, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасының балалары үшін бұл шын мәнісінде ғажайыпқа толы күн болды. Әрқашан қолдау көрсетер жандар барда қоғамда өздерін ешкім бөлмейтінін сезінді. Оқуда озат, өнер-білімге құштар болса, өмірде өз орнын табарын түсінді. Балалардың ғажайыптар әлеміне тап келгендей болғанына – залдың ертегілер патшалығындағыдай безендірілуі де әсер еткен. Аяз ата мен Ақшақар, түрлі ертегі кейіпкерлері балғындардың көңілін көтерді.
– Қымбатты балалар, жыл сайын қалыптасқан дәстүрге сәйкес Президент шыршасы, содан кейін облыстық шырша мерекесі өтетіні белгілі. Бұл – балалардың арман-тілегі орындалатын мереке. Санаулы күндерден кейін жаңа 2019 жыл келеді. Осы жаңа жылда оқуда озат болыңдар, табысқа кенеліңдер. Мақсат-мұраттарыңа жетіңдер. Ел үшін еңбек ететін, қоғамның дамуына зор үлес қосатын азамат болып өсулеріңе тілектеспін, – деген Асқар Исабекұлы балаларға жаңажылдық сыйлықтарды тарту етті.
Жаңажылдық шыршаны өткізуге жергілікті бюджет есебінен 5 миллион 916 мың теңге бөлініпті. Облыстық білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, осы шараға шақыртылған 100 баланың әрқайсысына жылы күртеше, тәттілер мен ойыншықтар алыныпты. Әр балаға тарту етілген сыйлыққа 38 мың теңгеден астам қаржы жұмсалған екен.
«Ғажайыпқа толы Жаңа жыл» атты шырша шаттығын тамашалаған балалар үшін арнайы мәдени-спорттық бағдарлама ұйымдастырылып, жеткіншектер «Тараз-Арена» спорт кешенінде эстафеталық жарысқа қатысты. Сондай-ақ облыстық драма театрының әртістері дайындаған жаңажылдық қойылымды тамашалады.
Облыстық тарихи-өлкетану музейін аралап, Тараз қаласындағы Керей мен Жәнібек хандардың ескерткішін көрді.

 

Ардақ Үсейінова
Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support