- Advertisement -

Таразда… Тұңғыш рет

91

- Advertisement -

«QAZALIPBI.KZ» онлайн бағдарламасы таныстырылды

Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін кеңінен насихаттау жұмыстары өңірімізде жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Елімізде бірінші болып, біздің өңірде «Qazalipbi.kz» жаңа қазақ әліпбиін үйретудің онлайн курсы бағдар­ламасы көпшілік игілігі үшін қолға алынып отыр.

Бағдарламаны М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың ғалымдары мен қызметкерлері облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп іске асырыпты. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен жиында жаңа бағдарламаның тиімділігі туралы айтылды. «Бұл онлайн бағдарлама елімізде тұңғыш рет бізде жасалып отыр. Мықты мамандардың жұмыла еңбек етуінің нәтижесінде дүниеге келді осынау жоба», – дейді облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова.
Бұдан соң М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың бірінші проректоры Асқар Абдуалы сөз сөйледі. «Бағдарлама 18 сағаттан тұрады. Онда теориялық және практикалық бөлімдер бар. Өңір тұрғындары оны андройд арқылы пайдалана алады. Смартфон арқылы да қолжетімді. Қысқасы, жаңа әліпбиді үйренемін деушілер үшін қарапайым, түсінікті тілде жасалған», – деді ол өз сөзінде. Кейіннен аталмыш университеттің филология және журналистика кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Күлзинат Қарымбаеваға сөз кезегі тиді. «Бұл онлайн бағдарламаны үлкен дайындықпен әзірледік. Бағдарламаны жасамас бұрын ғылыми-зерттеу жұмысын жүргіздік. 18 сабаққа біраз нәрсені сыйғыздық. Алғашқы сабақ әліпби тарихына арналды. Сосын әліпбиді таныстыруға ден қойылды. Мұнда тыңдалым, оқылым, жазылым деңгейлері қамтылған. Арнайы жаттығу жұмыстары да баршылық. Қысқасы, үйренуге ниеттенгендер үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған», – деген ол бағдарламаның тиімділігі туралы өзге де ойларын ортаға салды.
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-да заман талабына сай интернет технология арқылы жазуды меңгерту, оқылуда көзшалым мен қолдағдысын онлайн курс арқылы үйретуді мақсат еткен бағдарламаның таныстырылымы өтті. Мұнда жоғарыда аттары аталған спикерлерден бөлек, университеттің латын графикасын үйретудің оқу-әдістемелік орталығының жетекшісі Балмира Мырзабаева бағдарламаның мақсаты мен құрылымы туралы сөз етсе, аталмыш оқу ордасының филология және журналистика кафедрасының аға оқытушысы Ғалия Әбдіханова кейбір кірме әріптердің емлесі туралы ой қозғады. Соңынан IT маман Ербол Мусинов бағдарламаның техникалық ерекшеліктері туралы пікірін білдірді.
Онлайн курс 18 сабақтан тұратынын жоғарыда айттық. Одан бөлек мұнда теориялық және практикалық білім беруге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, практикалық сабақта берілген теориялық білім негізінде жазылым, оқылым, тыңдалым әрекеттері арқылы жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Бағалау сабағында тыңдаушының әр сабақта меңгерген білімі тест, бақылау диктанты арқылы тексерілмек. Әр сабақтың мультимедиялық және анимациялық толықтырулары да бар екен.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support