- Advertisement -

Патриот

131

- Advertisement -

Ауыл шаруашылығында егістік жерлерді техникалық талаптарға сай өңдеп-күтудің маңызы зор. Алайда бүгінде кейбір ұсақ шаруа қожалықтары бұған аса мән бермей келе жатқаны жасырын емес. Әсіресе органикалық тыңайтқыштарды қолдануға келгенде енжар. Ал бұл өз кезегінде топырақтың құнарлылығын азайтып, тұзды жерлердің артуына әкеліп соғуда. Сол себепті қазіргі таңда тыңайтқышты кең көлемде өндірудің сан алуан тәсілдері қарастырыла бастады. Соның бірін жамбылдық жас ғалым Дәулет Егембердиев ұсынып отыр.

Жамбылдық азамат топырағы тозған егістік алқаптары мен сортаңданған жерлерді қалпына келтіретін тыңайтқыш – биомелиорант ойлап тауыпты. Аталған ноу-хау егіннің түсімін арттыруға септігін тигізбек. Отандық өнімнің бір артықшылығы – шығыны аз, тиімділігі аса жоғары. Сондықтан болар жаңа тыңайтқыш шаруалардың қызығушылығын тудырып отыр. Себебі докторанттың инновациялық жаңалығы, тіпті еліміздегі ауыл шаруашылығы өндірісіндегі топырағы тозған 2 миллион гектар егістік алқапты қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді екен.
Дәулет Егембердиев бұл жобаны жастардың инновациялық және кәсіпкерлік потенциалын оятып, оларды бизнеске баулу, жас кәсіпкерлердің құзыреттілік деңгейін көтеруге бағытталған «Жас кәсіпкерлер мектебі» жобасы байқауына ұсынған екен. Оның «Жамбыл облысының тозған және сортаңданған жерлерінде фосфогипс және көң негізінде биомелиорант-өнімнің жаңа түрін енгізу» атты еңбегі жаңашылдығы, әлеуметтік маңызы жағынан үздік деп танылыпты. Автордың айтуынша, өнімді сұйық күйінде қолдануға болады екен. Бұл фаза тамшылатып суару кезінде пайдаланылатын көрінеді. Сондай-ақ оны құрғақ күйінде де қолдануға мүмкіндік бар. Тыңайтқыштың арқасында өнімділікті 5-10 есе арттыруға болады. Дәстүрлі әдіске сәйкес қолданылатын 30-35 тоннадан 40 тоннаға дейінгі фосфогипс пен тезекті 300-500 килограмм биомелиорант алмастыра алады.
Жас ғалым ғажайып жаңалығын биотыңайтқыштарды өндіретін қондырғының көмегімен 20 күнде дайындап шығыпты. Ол бұл тың әдісті былтырдан бері қолға алып, зерттеп келеді. Оның құрамы өте қарапайым – кәдімгі жантақ өсімдігі, көң және фосфогипс. Қолданылатын шикізаттары да жергілікті қоршаған ортаға еш зияны жоқ әрі шығыны аз. Тиімділігіне келсек, биомелиорант жердің құнарлылығын 5 пайызға дейін көтеретін көрінеді. Қазір өңірдегі ауыл шаруашылық алқаптарындағы топырақта қарашіріктің мөлшері бір-ақ пайызды құрайтынын ескерсек, бұл тыңайтқыш шаруалар үшін таптырмас олжа болары анық.
Жоба биыл алғаш рет тәжірибе жүзінде Талас ауданының Аққөл елді мекеніне қолданылыпты. Себебі бұл аймақтың сор топырағында өсімдік өнбейтіндіктен, өнім алуға деген үміт үзіле бастаған еді. Бастапқыда тамшылатып суару әдісімен онда 100 гектар қант қызылшасы мен 20 гектар пияз егілген. Нәтижесінде 5 есе артық өнім алынған.
Мамандардың айтуынша, жаңа тыңайтқыш отандық шаруалар үшін таптырмас құрал болмақ. Себебі республикадағы жарамсыз 2 миллион гектардың 18 мыңы біздің облысқа тиесілі. Аталған әдісті қолданысқа енгізсек, осынша аумақты небәрі 5 жыл көлемінде нәрлендіре аламыз.
Новатор Дәулет Қанатұлы былай дейді: «Бір килограмының өзіндік құны 16-ақ теңге тұратын биомелиорантты пайдаланғаннан кейін егістіктің өнімділігі 30-50 пайызға дейін артады. Өйткені ол бір маусымда жердің гумусын лезде 0,2-0,9 пайызға көтеріп, қалпына келтіре алады. Тағы бір артықшылығы, ол эррозияға түскен, бүлінген, тұзданған жерлер үшін өте тиімді. Ең бастысы, арзан тыңайтқыш. Аталған өнім қолданыстан шығып қалған жерді, тіпті бір-ақ маусымда өңдеп, қалпына келтіреді. Көптеген корпорациялардың шаруаларға беретін минералды тыңайтқыштары молекула түрінде болады. Сөйтіп ол суда тез еріп кетеді де, өсімдік оның тек 30-50 пайызын сіңіріп үлгереді. Ал биомелиорант ион күйінде жүретіндіктен, өскінге бірден сіңіріледі. Содан өнім жоғарылығы ғана емес, өзіндік қуаты артып, су тапшылығына шыдамды келеді. Әртүрлі ауруларға төтеп бере алады. Өйткені топырақтың өзі құнарлы болады.
Көп шаруа білместіктен жерді тоздырып жіберді. Егер су құрамында азоты көп болса, оған тағы селитра қосса, ол кері әсерін тигізе береді. Ал мен ұсынған жоба керісінше, бүлінген жерді қалпына келтіреді. Қазір осы биомелиорантқа Финляндия, Өзбекстан сияқты шетелдерден ұсыныстар түсіп жатыр. Бірақ менің бар ниетім – оны «Қазақстанда жасалған» өнім етіп шығару. Өз елімнің атын шығару – менің басты міндетім. Мақсатым – тозған, сор, бүлінген жерлерді қалпына келтіру және мұнай-газ саласын дамытумен қатар, топырақты өңдеу».
Өңірде 11 миллион тоннаға жуық фосфор өнімінің қалдығы, яғни фосфогипс үйінділері жатыр. Тұрғындар зиянды деп алыстан айналып өтетін осындай қоқысты жас ғалым органикалық тыңайтқыш құрамына қосып кәдеге жаратып отыр. Енді бұл жоба қаржылық қолдау тауып, қолданысқа енгізілсе игі.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің докторанты Дәулет Егембердиев «Идея жәрмеңкесі» және облыстық «Жыл таңдауы – 2018» байқауларында бірінші орынды иеленіп, 2015 жылғы республикалық «Өз ісінің үздігі» конкурсында«Үздік технолог» аталымын жеңіп алған. Сондай-ақ халықаралық «Жылдың сапалы инновациясы» және өңірлік жастардың үздік инновациялық, ғылыми және бизнес стартап жобаларына облыс әкімінің сыйақысын тағайындау жөніндегі байқауларында жеңімпаз атанған. Ол жетістікке жету үшін әрбір адам өз жұмысын, өз мамандығын сүюі керек деп есептейді. Сонда ғана биік белестерді бағындырып, шыңдардан көрінетініне сенімді.
28 жастағы ғалым алдағы уақытта ауыл шаруашылығы мен мұнай-газ өңдеу салаларын дамытатын тағы 5 жобаны көпшілікке ұсынбақ ниетте. Оның ұстанымы – «ең үлкен байлық – уақыт, ал оны ғаламторда отырып босқа өткізу немесе пайдалы іске жұмсау әркімнің өз қолында».


Альмира ОМАРОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support