«Taraz tour» мобильдік қосымшасы таныстырылды

Бүгінгі таңда туризм саласын дамыту жұмыстары елімізде де, өңірімізде де қарқынды жүргізіліп жатыр. Жолын тапқанға мемлекетке де, кәсіпкерге де табыс көзі саналатын саланы жандандыру мақсатындағы жоспарлы тірліктер облысымызда мықтап қолға алынуда.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының шапағатын туризмнен де көре бастадық. Тараз қаласындағы Қарахан кесенесінің маңында «Taraz tour» мобильдік қосымшасының тұсауы кесілді.
Заманауи қосымша арқылы кез келген турист өңірдегі тарихи-мәдени нысандар мен киелі орындарға барған кезде қажетті ақпарат ала алады. Ол үшін турист смартфонындағы «play маркет» қосымшасы арқылы «Taraz tour» мобильдік қосымшасын жүктеп, тарихи-мәдени нысан алдындағы таста көрсетілген qr-кодқа қойса болды. Әрі қарай барлық ақпарат сайрап тұрады.
Мобильдік қосымшаны таныстырған облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова мұндай жаңалық 20 нысанға орнатылғанын айтты. Сонымен қатар смартфонды VR көзілдіріктің ішіне қондырып, виртуалды бейнені жақындатып, нысан туралы ақпаратты толыққанды алу мүмкіндігі де қарастырылған екен. Тіпті бұл мобильді қосымшаны офлайн режімде де қолдануға болатын көрінеді. Ал AR арқылы мәліметті тарихи тұлғалардың бейнесімен көруге жағдай жасалған. Бұдан бөлек, навигаторға киелі жерлерге жету мүмкіндіктері арнайы бағыттармен көрсетілген. Сол арқылы интернеттің көмегімен картаға қарай отырып, нысанды іздеген адам ешкімге жүгінбестен өзі жете алады.
– Бұл – «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында қолға алынған іс. Алдағы уақытта Тараз қаласына келушілер шаһарға кірген кезде аудио хабарлама арқылы «Taraz tour» мобильді қосымшасын жүктеу туралы құлақтандырылмақ. Өзге де жоспарларымыз жеткілікті. Бар мақсатымыз – туризм саласының дамуына ықпал ету, – дейді басқарма басшысы Қарлығаш Аралбекова.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Тараз қаласы.

Суретті түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

микро займ на карту