«Шалғай қарасуда» шешілмеген түйткіл көп

106

Редакцияға бір оқырманымыз келді. Өзін Күздеубай Смайл деп таныстырған ағамыз Тараз қаласы әкімінің Он үш аумақтық округіне қарасты «Шалғай Қарасу» алқабының тұрғыны екен. Он үш мыңдай адам тұратын мекеннің жоғын жоқтап, бармаған жері, қақпаған есігі қалмапты. Тараз қаласының әкімдігіне, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалына, облыстық мәслихатқа, «Қазақстан» және «КТК» телеарналарына жазған хаттың көшірмесін бізге де қалдырды. Тараз қаласы әкімінің орынбасары С.Байназаров қол қойған өтінішке берген жауабының көшірмесін де ұсынды. Онда былай делінген: «Тараз қаласының әкімдігі, Сіздің Тараз қаласы әкімінің атына жолдаған өтінішіңізді қарастырып, келесіні хабарлайды.
«Шалғай Қарасу» алқабы, Целиноград көшесі мен бұрылысы, Қостанай көшесінің бұрылысы қилысындағы «Жастар» мейрамханасы маңындағы аялдама тұсынан өтетін «Қарасу-1» каналының арнасындағы көпірдің жағдайы және жолдың арғы бетінен қосымша көпір салу мәселесі бойынша «Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бас маманы Н.Зупаровпен, Сіздің қатысуыңызбен қарастырылды. Оның барысында қолданыстағы көпірдің жағдайы жақсы екені анықталды, қосымша көпір салу жөніндегі өзіңізбен түсініктемелік жұмыстар жүргізілді. Ағымдағы жылы бюджет тапшылығына байланысты аталған аумақтағы каналдың арнасына қосымша көпір салу мүмкіндігі жоқ. Алдағы жылы қала бойынша канал арналарына көпір салу, жөндеу жұмыстарына бюджеттен қаражат қарастырылған жағдайда Сіздің сұранысыңыз ескеріледі.
Прибалхашская көшесінің жолын жөндеу (асфальттау) жұмыстары ағымдағы жылдың жоспарында жоқ екенін хабарлаймыз. Бюджеттен қаражат бөлінген жағдайда жобалық-сметалық құжаттамасы жасалатын болады» .
Тараз қаласының шеткері аймақтарындағы жылдар бойы шешімін таппай келген түйткілді мәселелерді бұған дейін «Aq jol» -ға талай рет жазғандықтан қарияның хатында көтерілген мәселелерге шүбә келтірмедік. Дегенмен бардық, көрдік. Тиісті мекеменің мамандары көпірдің жағдайы «жақсы» екенін айтыпты. Арнайы маман барып, көрген соң, жағдайының қандай екеніне біз баға бере алмаспыз. Ал біздің көргеніміз – жермен-жексен болған «көпір» деген аты ғана. Астынан су ағып жатқаны болмаса бұл жерде көпір бар екенін сырттан келген адам білмей де қалады. Белгі қойылмаған. Су беті қоқысқа толған. «Бұл үлкен көше болса да бағдаршам жоқ, осы арадан екі бірдей автокөлік мына арыққа құлап түскен», – дейді редакцияға шағымдана келген қария.
Көпірден қол созым жерде ауызсу құдығынан бейберекет су ағып жатыр. Көшенің бойында жаяу жүргіншілер жолы деген атымен жоқ. Кейбір тұрғын үйлер аулаларын кеңейтіп, жол жағасына жетеқабыл қоршап алған. Бұл жерде «қызыл сызық» туралы әңгіме қозғаудың өзі артық сияқты. Осы алқаптың тұрғыны Ғазиза Райсова «үлкенге де, кішіге де көше бойымен ары-бері жүру аса қауіпті» дейді. Әсіресе мектеп оқушылары асфальт төселмеген көшеде лай мен су кешеді. Целиноградская көшесінің бойындағы №6 қалалық емхана «айдаладағы ақ отау» сияқты. Ауласы көгеріштен жұрдай. Денсаулық сақтау мекемесіне келетін сырқат адамдар да жаяу жүргіншілер жолы болмағандықтан жандарын шүберекке түйіп, әрең жететін көрінеді.Көшелердегі қоқыстың да уақтылы алынбайтыны да тұрғындардың ренішін туғызуда. Жылқы малы көше бойларында жайылуда.
№21 Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектеп 1989 жылы пайдалануға беріліпті. Кеңес заманында салынған білім ошағы 740 оқушыға арналғанымен бүгінде онда 1209 шәкірт білім алуда. «Мектептің маңайын өз күшімізбен жарықтандырып алдық. Қазір күн қысқарып келеді, мектебіміз орналасқан Балқаш маңы көшесіне жарық орнатылса», – дейді мектеп директорының құқық және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қайрат Шаханов.
Тәуелсіздік жылдары шалғайда жатқан елді мекендерде 150-200 оқушы болса да бірнеше қабатты зәулім білім ошақтары салынғанда қала шетіндегі мекеннің балалары ондай игіліктен неге шет қалды? Бұл сұраққа тиісті мекемелерді басқарып отырған басшылар не дейді екен?
Айтпақшы мұнда тағы бір білім ошағы бар. «2006 жылы бастауыш мектеп-балабақша кешені болып өзгерген білім беру мекемесінде 1-4-сыныпта 338 оқушы білім алып жатса, 86 шәкірт мектеп алды даярлық сыныбында оқиды. 192 бүлдіршін шағын орталықта тәрбиеленуде» – дейді мектеп директорының міндетін атқарушы Баян Алагөзова.
Кеңес одағы кезінде балабақша ғимараты болған білім ошағы мектепке сай жабдықталмағандықтан, оқу үдерісінде оқушыларға жан-жақты білім беруде қолайсыздық туғызатыны бесенеден белгілі. Сондықтан бұл мәселе де күн тәртібінде өткір тұруы тиіс. Бұл мектепте оқушыларды тасымалдайтын көлік те жоқ. №55 бағытта жүретін автобус балаларды мінгізе бермейді дейді ата-аналар мен мұғалімдер.
Жалпы, қоғамдық көлік қатынасында анау айтқандай мәселе болмағанымен, қала орталығына жету үшін тұрғындар бір сағатқа жуық уақытын жоғалтатын көрінеді. Темір жол үстінен көпір салынып, пайдалануға берілгенде орталыққа 20 минуттай жүретін едік дейді олар. Қандай себеппен екенін қайдам, қазір автобустар мекенді айналып, қатынап жүргенін айтады.
Мекенде Мәдениет үйі, спорт алаңы жоқ екеніне де қынжылыс білдірді тұрғындар. Білім ұясында ғана жанына спортты серік еткен оқушыларға жағдай жасалыпты.
– Біздің Ғ.Лұқманов көшесі бұрылысына қоныстанғанымызға 20 жылдан асты. Содан бері көшеге не асфальт төселмеді, не түн мезгілінде көшеден жарық көрмедік. Денсаулық сақтау мекемесіне науқастанған тұрғындар күндіз-түні көрінуге барады. Қараңғылық құшағындағы ойлы-қырлы көшемен науқас жандар түгілі дені сау адам жүре алмайды. Биыл 3 қазанда Тараз қалалық әкімдігіне соңғы рет арызданғаннан кейін 22 қазаннан бастап осы аймақтың басқа көшелеріне асфальт төселе бастады. Алайда біз сұранған көшелер тағы да ескерусіз қалған соң, қайта арыздануымызға тура келді, – дейді К.Смайл.
Шалғай Қарасудан орталыққа Самарқан және Абай көшелерімен қайттық. Көше бойларынан жаяу жүргіншілер жолы салынып жатқанын көрдік. Сең қозғалғаны көңіл қуантты. Бірақ көше іргесіндегі қаптаған дүңгіршектердің ішінде әлі де орындарынан «мызғымай» тұрғандары кездеседі. Бұл жұмысқа кедергі келтіреді. Қыс-қыр астында. Ертең жауын-шашын түсіп, күн суытса қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін қолға алынып жатқан игілікті іс рәсуа болады. Сондықтан кәсіпкерлер туған қаламыздың көркейуі жолында атқарылып жатқан тірлікке түсіністікпен қарағаны жөн дегіміз келеді.

 

Амангелді ӘБІЛ

Тараз қаласы.

Comments are closed.