Мемлекет байлығын арттыру – басты мұрат

25

Кәсіпорнымызда Мемлекет басшысының биылғы жылдың 5 қазанындағы Қазақстан халқына Жолдауын тікелей эфир арқылы ұжымдық көріп, тыңдау ұйымдастырылған болатын. Серіктестіктің еңбек ұжымы Елбасы тапсырмалары мен бастамаларына біркісідей қолдау білдіруде. Айта кету керек, бұл жолғы Жолдаудың да мазмұны терең, әлеуметтік мәселелерге басымдық берілуімен де ерекше құнды. Бұл құжат алдымызға қойылар міндет ауқымының жылдан-жылға ұлғаюының, еліміздің батыл қадамдарға баруының да нақты көрінісіне айналып отыр.

Елбасы өз Жолдауында қазақстандықтар табысының өсуі мен тұрмыс сапасы жақсаруы басты мұрат екенін айқындап, көрсетіп беріп отыр. Мысалы, ең аз еңбекақы көлемі 42 мың теңгеге дейін бір жарым есеге көбейтілетін болды. Бұл жеңілдіктің көптеген отандастарымызға қатысы бар.
Сондай-ақ білім сапасын мектепке дейінгі білім беру ұйымдарынан бастап түбегейлі арттыру, коммуналдық сала мен экономикамыздың инновациялық әлеуетін көтеру міндеті алға қойылып отыр. Әсіресе Үкіметке өңдеу саласындағы экспорттаушыларға қолдау көрсету тапсырылуы бізді айрықша қуантады. Өйткені бұл мәселенің компаниямызға да әбден қатысы бар.
Елбасы бұл тұрғыда «Экспортқа бағытталған индустрияландыру мәселесі экономикалық саясаттың негізгі элементі болуға тиіс. Үкімет өңдеу секторындағы экспорттаушыларға қолдау көрсетуге баса мән беруі қажет. Біздің сауда саясатымызда селқостық болмауға тиіс. Оған біздің тауарларымызды өңірлік және әлемдік нарықта ілгерілететін белсенді сипат дарыту керек» деп атап көрсетті.
Қазіргі уақытта «Қазфосфат» ЖШС осы бағытта фосфорит кенін алумен және бұл шикізатты тереңдеп өңдеп, әлемдік нарықта бәсекеге лайықты дайын өнім деңгейіне жеткізу ісін жүзеге асыру үстінде. Компания бүгінде өнімнің 21 түрін өндіріп, әлемнің 27 еліне өткеру мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр. Жалпы табыстың 85 пайызы еркін валюта түрінде түсуде. 2018 жылдың тоғыз айында өнім өндіру көлемі 80 миллиард теңгені құрады. Жалпы биылғы жылы 112 миллиард теңгенің өнімін өндіруді жоспарлаудамыз.
Компания өндірісті қайта құрылымдауға және жаңғыртуға айрықша назар аударуда. 2018 жылы БГС бөлімшесінде минералды тыңайтқыш өндірісін қайта жарақтандыру жұмыстары басталды. Осынау жобаның өзіне бөлінетін инвестиция сомасы 7 миллиард теңгеден астам қаржыны құрап отыр. Инвестициялар сонымен қатар негізгі қондырғылар мен тау-кен өндірісі техникаларын жаңартуға да жұмсалуда. Биыл серіктестік бойынша игерілетін инвестиция көлемі 13 миллиард теңгеден астам қаражатты құрауға тиіс. Бұл орайда өнім өндіру көлемін келер жылы 130 миллиард теңгеге дейін жеткізу мақсаты көзделіп отыр.
Инвестициялар бөлу мен жаңа технологиялар енгізу арқылы өндірілетін өніміміз көлемін алдағы уақытта жылына 1 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді жоспарымыз да бар. Осынау жаңа технологиялар енгізу ісінің өзі өндіріс тиімділігін арттыруға, өнімдеріміз сапасы мен еңбеккерлеріміздің табысы өсуіне бастауда.
Жаңа жобаларды іске қосу да инвестиция көлемінің өсуі есебінен ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл үшін ұзақ мерзімге берілетін, қолжетімді несиелік қаражат қажет етілетіні белгілі. Ал Мемлекет басшысының жуырдағы Жолдауында бұл жағы да қарастырылған. Атап айтқанда, алдағы 3 жыл ішінде өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдау мақсатымен қосымша 500 миллиард теңге, ал ұзақ мерзімге қолжетімді несие беруге 600 миллиард теңге көлемінде қаржы бағыттау және шикізаттық емес секторға бөлінетін тікелей инвестиция қорын құру біз үшін «іздегенге – сұраған» болғалы тұр.
Құрамында 6 мың еңбеккері бар «Қазфосфат» ұжымы ел Президентінің қазан айындағы Жолдауын толықтай қолдайды және алдағы уақытта барлық мақсаттарға қол жеткізілуі, туған Отанымыздың ортақ игілігі еселенуі жолында ауызбіршілікпен жұмыла еңбек ете беретін болады.

Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ, Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры.

Тараз қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.

микро займ на карту