- Advertisement -

Әруақты шақырсаң келеді екен…

337

- Advertisement -

Сол оқиға есіме түссе әлі күнге денем түршігеді. Адам жас кезде ешнәрсенің байыбына бара бермейді екен. Біз де жас болдық, үлкендер тыйым салған нәрсенің барлығы бізге қызық көрінетін.
1999 жылы Алматыдағы С.Асфендияров атындағы медициналық университетке оқуға түстік. Жатаханада қыздар басымыз қосылғанда карта ашу, кофемен бал ашу, тәрелкемен әруақ шақырып, болашақты болжау секілді нәрселерге әуес едік. Бір күні тағы басымыз қосылғанда қашан тұрмыс құратынымызды болжап көруге бел байладық. Үлкен картон қағаз алып бір жағына жылдарды, келесі жағына әріптерді тізіп жазып шықтық. Бір жұқалау тәрелкені алып, қас бояйтын карандашты сулап жүріп, екі жаққа қаратып «стрелка» сыздық. Түнгі 22.00 кезі, сырттан түсетін жарығы онсыз да әлсіз бөлменің жарығын сөндіріп, бір шырақ жағып, биіктеу шкафтың үстіне орналастырып қойдық. Артынша бөлмедегі төрт қыз, басқа бөлмеден қонаққа келген тағы екі қыз үстел үстін қаумалап, ортадағы тарелкеге қолымыздың ұшын жақындатып, әруақ шақыра бастадық.
Арамыздағы Айғаным бастап дауыстап өзінің ертеректе қайтыс болып кеткен әжесін шақырып, болашақ жарының есімінің қай әріптен басталатынын сұрады. Бір кезде тарелке жылжығандай болды да, шкаф үстіндегі шырақтың үстін бірдеңе желпігендей болды да өшіп қалды. Бір-бірімізді баса-көктеп, құлап-сүрініп, шыңғырып бөлмеден атып шықтық. Енді қайта бөлмеге кіре алсақшы. Дәлізден түскен жарықпен, қаумалап жүріп алдымен бөлменің жарығын жағып бөлмеге кірдік. Алайда бал ашуды одан әрі жалғастыруға дәтіміз шыдамай бәрін жинап тастадық.
…Түннің бір уағында Әселдің үстіндегі керуетте жататын Шынар сатыр-сұтыр етіп құлағанда бәріміз өре түрегелдік. Бұрын мұндайы жоқ еді. Шынар жылап тұрып: «Ұйықтап жатқанда біреу төбемнен төніп тұрды, түсім екен деп жата бергенмін, әлгі елес кетпей қойды. Содан қашам деп керуеттен құладым» дейді өксігін баса алмай. Бұдан кейін тіпті ұйқымыз қашты. Бір кезде киім салатын шкафтың есігі өздігінен ашылып кетті. Тіпті құтымыз қашты. Түн ортасында вахтадағы Маржан апайға бардық шұбырып. Бөлмеде қалуға ешкімнің жүрегі дауаламады да. Маржан апай мән-жайды естіп болған соң, «Әруақты бекер мазаладыңдар» деп, бізге ұрсып жүріп бөлмеге еріп келді. Әлдебір дұғаларды айтып, аластағандай болды. Маржан апай бәрімізге ертемен мешітке барып құран оқытуды айтып, таң атқанша қасымызда отырды. Өзіміз де одан кейін ұйықтай алмадық.
Таң атқан соң сабақтан кейін мешітке барып, садақа беріп, құран оқыттық. Содан кейін бөлмеміз тынышталды. Жөнсіз бал ашып, болашақты болжауды да қойдық. Содан бері бізден басқа бөлек бір әлемнің барын, олардың ретсіз мазасын алуға болмайтынын түсіндік.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support