- Advertisement -

Облыс әкімі Азиада жүлдегерлерін құт тықтады

144

- Advertisement -

Индонезия астанасы Джакарта және Палембанг қаласында өткен Азия ойындарында ұлттық құрама сапында ел намысын қорғаған жамбылдық спортшылардың толайым табысқа қол жеткізгені мәлім.
Аталмыш додада каратэ-до спортының шебері, 68 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынаған Гузалия Гафурова алтыннан алқа тағынып, спорттық мансабында екінші рет (төрт жыл бұрын Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында чемпион атанған) Азиада чемпионы атағына қол жеткізді. Сонымен қатар боксшылар Асланбек Шымбергенов (69 килограмм салмақта), Әбілхан Аманқұл (75 килограмм салмақта) топқа түсіп, күміс жүлдегер атанса, су добынан Қазақстан қыздар құрамасы сапында «Айша бибі» су добы клубының 13 ойыншысы жарысқа қатысып, қола жүлде иеленді. Сондай-ақ су добынан Азиада чемпионы атанған ерлер құрамасы сапында Алтай Әлтаев додаға қатысқан болатын. Бұдан бөлек, жеңіл атлетикадан командалық эстафеталық жарыста 4х100, 4х400 қашықтықтары бойынша топқа түскен Светлана Голендова екі қола медаль, таэквондодан +80 килограмм салмақ дәрежесінде аламанға қатысқан Руслан Жапаров пен жүзу спортының шебері Әділ Қасқабай 4х400 метр қашықтықтағы командалық эстафетада үздік үштіктен көрінді.
Байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғаған Гузалия Гафурова, Асланбек Шымбергенов, Әбілхан Аманқұл, Руслан Жапаров, Әділ Қасқабай, Светлана Голендова сынды сайыпқырандарымызды облыс әкімі Асқар Мырзахметов қабылдап, құрмет көрсетті.
Сайыпқырандармен кездесу барысында облыс басшысы өңір спортының өркендеуі үшін барлық жағдайлар қарастырылғанын айта келіп, жергілікті атқарушы билік тарапынан алдағы уақытта да спортшыларға көрсетілетін қолдау толастамайтынын, болашақта да өңірде спорттық нысандар көптеп салынатынын жеткізді.
Спортшыларды қабылдаған облыс әкімі жүлдегерлеріміздің Азиада ойындарында лайықты деңгейдегі нәтиже көрсеткенін айта келіп, Алғыс хатпен марапаттады. Жерлестеріміздің алдағы уақытта да толайым табыстарға қол жеткізе берулеріне тілектестігін білдірді.
Индонезия елінде өткен Азия ойындары бойынша таяуда аймақтардың рейтингі шығарылды. Нәтижесінде Азиадада ең көп медаль алған облыстар рейтингінде біздің өңір үшінші орынға орналасқанын мақтанышпен атап өткен жөн.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support