- Advertisement -

Ана – әлемнің өзі

323

- Advertisement -

Сіз ана құшағында оның бар мейіріміне бөленіп, шаттанып отырған сәбиді көрдіңіз бе?! Ғаламдағы ең бір ғаламат көрініс – осы. Құдды бір адамның пендешіліктен арылып, өзді-өзі боп, өз қызығын өздері тамашалап отырған аппақ періштелер секілді. «Әке – асқар тау, ана – ағып жатқан бұлақ, бала – баурайындағы құрақ» деп қазақ қалай тауып айтқан. Мұхтар Әуезовтің «Адамдық негізі – әйел» деген сөзінде де үлкен мән жатыр. Ананың уыз сүтін қанып ішпеген, әженің әлдиін естімеген, әке қадірін біліп өспеген баланың айтулы азамат боп қалыптасуы екіталай-ау. Жылы ұяның бағбаны да, қамқоршысы да ана мен әке ғой!

Тамсандырған, тіл байлаған әйел ажарын Абайша түйсініп көріңізші:
Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,
Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.
Жіңішке қара қасы сызып қойған,
Бір жаңа ұқсатамын туған айды!
… Ғабең, Ғабит Мүсірепов «Қыз Жібек» операсының либреттосын жазғаны белгілі. Кейін Жібектің рөлін ойнаған Нұржамал Үсенбаеваны көргенде: «Міне, менің Жібегім – осы, осы!» – деп орнынан ұшып тұрған екен. Сиқырлы өнер мен ажар-көріктің келісім тауып, қатар келгендегі құдіреті сексеннің сеңгіріне шыққан қаламгерге қалай әсер еткен десеңізші! «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклінде Қозының «Жел Баян деп сыбырлайды, су Баян деп ағады, тау Баян деп күңіренеді, таң Баян деп атады, күн Баян деп батады, анам Баян деп күрсінеді! Қайдасың, сен Баян, Баян!» деп толғанатыны бар емес пе?
Әйел-ана қай уақытта да көркем. Оның толықсыған ажары, әсіресе қыз шағында ерекше жарқырап көрінеді. Әкесі күйеу боп көрмеген ұл жоқ. Шешесі қалыңдық боп көрмеген қыз жоқ. Өзінің жаңа босағасына гүл құшақтап келген бала келін, келер жылы ұл құшақтап, уақыт өте сол елдің дана келіні боп төріне шығады. Сол әулеттің бағбаны, қамқоршысы бола білген ол ел анасына айналмақ! Ал мұндай даналықтың, ажар-көріктің алдында хан да, қара да еріксіз бас иеді. Қылышынан қан тамған әйгілі Ақсақ Темірдің өзі де кезінде әйел-ананың алдында тізе бүккен ғой.
Ертеде небір дана аналарымыздың өмір кешкенін тарихтан білеміз. Олардың аузы дуалы, сөзі өтімді еді. Өзінің кемел ақылымен елді аузына қаратқан Домалақ ана, Айманкүл, Ұлпан, Абайдың мейірбан аналары Зере мен Ұлжан өнегесін кейінгі ұрпаққа аманат қылып қалдырып кетті.
Жүрегіне әлемді сыйғызатын ана мейірімі шексіз. Кезі келсе оның үкімі қатал, сөзі өктем. Себебі адалдық пен әділдікті ту етіп ұстаған әйел-ананың ұстанымы осындай. Мәселен, Ғабит Мүсірепов жасаған аналар галереясынан әйелдің алуан түрін көреміз. Солардың ішінде қаршадай қызын еріксіз шырылдатып алып кеткен ақтың әскерлерін қуып жетіп, өзінің жалынды сөздерімен арашалап алып қалған ашынған ананың бейнесі қандай!
Абайдың әжесі Зере Құнанбайға: «Шошытпа балаларымды. Қатты болсаң жауыңа қатты бол. Сен де әулие емессің, адамның баласысың. Сені мына мен тапқам!» – деп зілденеді. Осы сөз ана үкімінің қаншалықты салмақты, өтімді екенін байқатпай ма?
Әйел-Ана – құдірет. Отбасындағы күйбең тірліктің бәрі бірдей еркектің қолынан келе бермес, соны ұқсатып отыратын әйел түзде де еркектің ерлігін жасай алады. Әйгілі батыр қыздар Мәншүк пен Әлияның ерлігі бұған мысал бола алады.
Әйел жүрегі сөйлей алса ғой! Небір тұңғиық сырды, нәзік сезімді айта жөнелер еді. Алайда сезім иірімінің осындай құпиясын оның сырға тұнған қара көзі білдіріп тұрмаушы ма еді?! Сәулелі шұғыласымен жан түкпірін ашып білдірмеуші ме еді?! Бұл енді өзі бір ғажайып құпия. Кез келген түйсіне бермейтін, түсіне бермейтін жұмбақ тылсым.
Мақтасақ әйел-ананы мақтайық! Мадақтасақ аяулы жарды мадақтайық! Ана жүрегін ешқашан кір шалмасын, жанарын мұң баспасын. Ана жүзіне шаң, сезіміне дақ түспесін. Көңілі әрдайым шаттыққа бөленіп, кеудесі гүл шоғына толсын!

Рахым Садықбеков.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support