- Advertisement -

«Жұлдыз» жасап алатын өзіміз

182

- Advertisement -

Кез келген адамның бойында биікке құштарлық бар. Бірақ көпшілігі сол шынар шыңға шыға алмаса, биікке өрлегендерді қатты күндейді. Басқа саланы қайдам, өнер адамына күйе жаққысы келіп тұратындардың іс-әрекетіне қарап, осыны байқаймын. Ал жастардың зеңгір көкке көз тастағаны – балауса арманы деп білемін. Жалпы ұлттың үнжариясы «Шалқар» радиосында еңбек етіп жүргелі бір нәрсеге анық көзім жетті. Жас жеткіншектер әншілерге көп еліктейді. Солар сияқты танымал болғысы келеді.

Қазіргідей тез танылудың жолы ән айту болып тұрған кезеңде жастардың бұлайша еліктеп, солықтауы – шынайы өнерге деген талғамның төмендеуінен шығар деймін. Десе де соңғы уақытта өремізде бір өзгеріс бар. Талғап, таңдай бермейді деген жасөспірімдердің өзі шын талант Димаш Құдайбергеновті тыңдайтын болған. Рас, көпшілігі оның өнеріне баға бере алмайды, алайда оның танымалдылығы талғамды қалыптастыруда.

Димаштай тәрбиелі, сонысына қарай көпшіліктің қолдауына ие болып жүрген дарынды жастың бірі – Нұрболат Абдуллин дер едім. Оркестрдің сүйемелдеуімен екі сағатқа жуық талмай ән шырқап, концерт беретіндер көп емес. Сол аз шоғырдың басында «МузАрт» тобы тұрса, бертінде оларға Димаш ілесті, қазір Нұрболат қосылды. Шындығында ол әншілігінен бұрын, кино әлемі арқылы танылды. Оның бірқатар қазақ сериалдарында сомдаған кейіпкерлері өте нанымды шықты. Әйтсе де ол әншілік өнерін де қатар дамытып отырды. Тынымсыз ізденістің арқасында осы жазда ол «Қазақстан» орталық концерт залында алғашқы жеке шығармашылық концертін берді. Кеште лирикалық әндермен қоса рэп, рок стилінде ән шырқаған өнер иесі көрермендерін жан-жақтылығымен тәнті етті. Осы күні оның «Тағдырласым» және тағы басқа әндерінің тұсауы кесілді.

Негізі айтайын дегенім бұл емес. Жас әншінің әнді орындау мәнерін талдап, сын айтудан аулақпын. Тек жастар танымын кеңейтіп, талғамын көтеру үшін есті әндерді насихаттайық, орындаушылардың шеберлігін аса көтермелеп мақтай бермей, дұрыс бағалайық дегім келеді. Сонда ғана шын таланттар өз бағасын алады. Өйткені ортанқолдардан «жұлдыз» жасап алатын да өзіміз. Ал «жұлдыздардың» жарқылы жанарды арбамай тұрмайды.

 

Бағдагүл Рахметқызы,

журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support