- Advertisement -

Қазақ кино өнерінің корифейі

822

- Advertisement -

Қазақ өнері, оның ішінде қазақ киносы десе Асанәлі Әшімов есімі бірге аталады. Ол қайталанбас болмысымен, рөлдерімен, актерлік шеберлігімен таныс. Батыр келбетті түр-тұлғасымен, сөйлеу мәнерімен ерекшеленетін театр және кино актері халықтың көңіліне сонау «Қыз Жібек» фильмімен жол тапқан. Өнер жолы – қиын жол. Бір ғана фильмнен жарқ етіп, көрерменнің сүйіспеншілігіне бөлену кез келген актердің қолынан келе бермес. «Қыз Жібек» киносында өз образдарын шегіне жеткізіп ойнаған Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков, Құман Тастамбеков, Меруерт Өтекешова сынды майталмандар қазақ өнерінде өз орындарын өшпестей етіп қалады. Образдың жақсы сомдалғаны соншалық, Асанәлі есімін кинодағы Бекежанмен шатастырып жүргендер де баршылық. Актердің бұл ел есіндегі жалғыз рөлі емес. «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі» сияқты көптеген жүлделі орындар алған фильмдері бар.
Театрда да, кинода да қойылымның немесе фильмнің сәтті шығуы сол ұжымға, оның ішінде актерге тікелей байланысты. Сондықтан болу керек, бұл ерек тұлғаның өнерін халық жақсы бағалап келеді. Режиссерлік ерекшелігі, театрда ойнау шеберлігі, күнделік, кітап жазу даралығы жайлы айта берсе, таусылмайтын сыр сандық.
Әшімов – қазақ киносын әлемге таныстырған актерлердің бірі. Өнер адамдары үшін өнерден тыс қалуы, шеттетілуі, халықтың керек етпеуі – үлкен күйзеліс. Дара тұлға сексен жасты алқымдаған шағында да шығармашылықтан қол үзген емес. Әлі күнге театрда қызмет етіп, кинода, арнайы телевизиялық жобаларда, сұхбаттарда өз көзқарасын танытумен келеді. Қазақ КСР Халық әртісі, КСРО Халық әртісі, театрдағы жұмыстары үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы, «Тарлан» сыйлығы, «Құрмет» ордені, әлемдік кинодағы үлесі үшін ЮНЕСКО Халықаралық академиясының «Алтын қыран» ордені, Жамбыл облысының Құрметті азаматы секілді марапаттары жетерлік. Мұндай дара тұлғаға атақтың керегі шамалы.
«Талай ұлы тұлғалар атақсыз дүниеден өтіп кетті. Өлген соң берілген атақтың керегі жоқ. Халықтың жүрегінде, елдің ықыласына бөленсе болды» деп сұхбатында өнердегі достарының тірі күнінде бағаланбай өткенін айтқан болатын. Кино саласындағы еңбегімен етене жақын болсам да, кітап ретінде басылып шыққан күнделігімен таныса отырып, актердің шынайылығымен, досқа адалдығымен, қуаныш, мұңымен таныстым. Тілге жеңіл, мағынасы зор күнделік Әшімовтің қырын, даралығын одан әрі аша түскендей. Керемет актердің өмірімен танысу, сабақ алу, шығармашылық, адами кеңес алумен бірдей.
Күтпеген жерден, сол аңыз адаммен кездесудің сәті түсті. Асанәлідей қазақ мақтанышымен жүздесіп, әңгімелесудің өзі бір қуаныш еді. Уақыт, шіркін бір орнында тұрған ба?! Бет-жүзін әжім торласа да, қатулы қабағы, сұсты көзі өңменіңнен өтіп, батырға тән тік жүрісті тұлғасы сонау Бекежанды елестетеді. Кинодағы Асанәлі мен өмірдегі Асанәлі шашына ақ, бетіне әдемі әжімдердің өрнек салғаны болмаса, өзгермепті. Әдемі қартайған, сол баяғы халықтың, әсіресе жастардың ықыласына бөленген актер. Көкейдегі сұрақтардың көптігі сонша, уақыт тапшылығы кедергі болды. Кез келген интернет сайттардан, теледидар, газет беттерінен өмірімен, шығармашылығымен таныс болсақ та, қарсы отырып, өз аузынан естіген пайдалы өсиеттеріне, өмірлік ұстанымдарына, берген батасына не жетсін! Асанәлі ата «Оқудан, еңбек етуден жалықпау керек. Білімсіздік жарға жығады. Қандай адам болмасын, қандай маман иесі болмасын кітап оқып, жақсы дүниелерді жадына сақтай білу керек. Бірде сыншы Әшірбек Сығаймен бірге бір топ жастарға тап болдық. Мені танып, жапа-тармағай менен автограф ала бастады. Бір кезде әзілге салып «Әй, балалар, мені қаумалағанша анау тұрған Мұхтар Әуезовтен автограф алсаңдаршы» дей салдым Әшірбекті нұсқап. «Ойбай, Әуезов пе?» деп досыма жармаса кетті. Өздері риза. Бір кезде «Оны қоя беріңдер, ана жақта Тоқтар Әубәкіров жүр, соған барыңдар» деп тағы бір танысыма қарай жібердім. Болашақ мамандардың әйгілі тарихи тұлғаларды танымауы бізді зілі бар күлкіге қарық қылды. Бұл – білімсіздіктен. Сондықтан қай кезде болмасын, білімді шыңдай түсу керек. Ең бастысы – адалдық. Жарыңа адал бол, сатқындық жасама! Еліңе «тем более»! Ұлтын жамандағаннан, басқаның жетістігін көре алмаушыдан аулақ болыңдар. Талмай еңбек етсеңдер, мамандықтарыңды сүйсеңдер, қартайған шақтарыңда еңбектеріңнің жемісін көресіңдер!» деп өмір шындығын арқау ете отырып, ақ тілегін жаудырып, батасын берді.
Қазақ кино өнерінің корифейінің ізгі лебізі, басынан кешкен оқиғалары, шығармашылықтағы жетістіктері жайлы өз аузынан есту – көптің көңіліне жақсы ой қалыптастырғаны анық. Атағы жер жарған дара актердің шығармашылығы халықтың жадында мәңгілік қаларына күмән жоқ.

Айнұр БАЛАБЕКОВА,
журналист.

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support