- Advertisement -

Құланнан әкелген көшеттерім қурап қалмай ма?

1 480

- Advertisement -

Арайлы Астананың сұлулығын күнде айтып жатырмыз. Тараз – облысымыздың айнасы, шамшырағы емес пе? Осындай қасиетті Таразға 2005 жылы Т.Рысқұлов ауданынан көшіп келдік. Көшеней көшесі, 78 үй, 3 пәтерге. Жәй келген жоқпын, Құланнан 280 дана терек талдың шыбығын ала келдім. Көктемдегі көріктендіру-көгеріштендіру айлығы кезінде оны үйдің маңайына тіктім ғой. Ойлағаным – игілікті іс. Мұны көше комитетінің төрайымы Замира Миржапова өте дұрыс түсініп, көмегін аяған жоқ. Судың қайдан келетінін ерінбей көрсетіп, жолай суды жығып алатындармен де күресті. Сондай жанашырлықтың арқасында шыбықтардың барлығы жайқалып өсті. Сонымен терегіміз керегімізге жарап өсіп жатты.
2016 жылы бір қалталы адам есік-терезе жасайтын, халыққа қызмет етіп тұрған мекемені сатып алып, машина жөндеу орталығына айналдырды. Осында 8 отбасы тұрып жатқан барақ тамды да, кафені де сатып алып, 4 қабатты еңселі ғимарат салды. Әлгі көлік жөндеу орталығына асыққан машиналар бірнеше мәрте балаларды басып кете жаздаған соң, полицияға жүгініп, жолға кедергі жасаттық. Ол – ол ма, балаларды сыртқа шығаруға әлі күнге қорқып отырамыз. Әртүрлі бұзылған, түтіндеткен ескі көліктердің көптігінен ауламызда бір сәт таза ауа жұтып отыра алмайтын халге жеттік. Машиналардың бақырған дауысынан құлақ тұнады.
Әлгі бай ма, басқасы ма – үйіміздің көше жағынан пәтер сатып алып, дүкен, дәріхана, тіс емханасы, сұлулық салоны секілді кәсіпкерлік нысандарын ашып жатыр. Салса сала берсін ғой. Сол кісілер өздері жақтағы (мен еккен, көршілеріммен бірге суарған) талдарды тамырымен қопарып, жұлып тастады. Әрине, біздің оларды тексеруге ешқандай құқымыз жоқ. Аумақтық округ әкіміне бірнеше рет хабарластым, оның беттей алатын түрі жоқ. «Неге кесесіңдер бұл талды, біздер көшеміз көгерсін, қала көркейсін деп тігіп едік» десек, жүре тыңдайды. «Біз бұл жерді сатып алдық. Сендердің жұмыстарың болмасын, сұрауға ешқандай құқықтарың жоқ», – деп шіреніп тұр.
Біз сонда осынша талды көлденең көк аттының пайдасы үшін ектік пе? Біздің ниетіміз, қала көгерсін деген тілегіміз, еңбегіміз еш кеткені ме?
Осы жағдайға құқық қорғау мекемелерінің өкілдері не дер екен?

Рахымжан БӨЛЕКБАЕВ,
«Құлан» ардагерлер ұйымының төрағасы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support