- Advertisement -

Ақталу

230

- Advertisement -

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауына

Бірде… автобуста «шіркін-ай, қазақтың қызы деген осындай болса керек-ті» деп сыртынан сүйсініп отырған қыздарымыздың бір-бірімен орысша сөйлесіп, жырқ-жырқ күлгеніне бола көңілім қоңылтақсып-ақ қалғаны бар. Күлгенде де өздеріне-өздері шын риза пейілмен яки өздерін қоғамның «ақсүйектері» сезініп, арқа-жарқа ақтарыла күліседі. Қазақтың қызы, бірақ тілі де, ділі де басқа. Жанарлары да суық, өңменіңнен өтердей болып тесіле қарағанында, біртүрлі бойың тітіркенеді. Қай қоғамның төлі? Қандай ата-ана тәрбиесін көрген? Әйтеуір, ауылдан тамырын тартқан біз секілді «қаны таза» қазақтардың мұндайлармен түсінісуі де, әр кезде шүйіркелесіп, тіл табысып кетуі де екіталай. Қандай қасірет!
Мұндай қасіретті кешегі кеңестік кезеңнің сұрқай саясаты телідіге саю да қиын. Көп болса, отыздың ар жақ-бер жағында. Құдай-ау, тәуелсіздігіміздің төлдері емес пе? «Шұбар тілділік» қоғамымызға қалжауырдай жабысып, қалмай келе жатқан болды. «Бастиллиямызды» қанша жерден бекемдеп, тіліміздің туын желбірете көкке көтерумен келеміз десек те.
Ауыл қазағының орыстандырылуы дегеніңіз – осы. Не әрі емес, не бері емес. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді бүгін танып-біліп отырғандай, ежірейе қарасады. Ұл-қыздарына да өзіндегі осы «тәлім тәрбиесімен» қарайласар-ау. Алма бұтағынан ұзап түсер деймісің. Демек, қаракөздерімізді ана тілімен етенелестіру күресіміз жуық арада біте қоймайды.
Осы ретте редакцияға келіп түскен туындысымен танысып, өңдеп, түзету барысында ауыл-аймаққа едәуір танылып қалған сатирашы бір ағамыздың орыстанудың шалығы тиіп, «өзін-өзі жоғалтқанына» көз жеткізгенім бар. Сөз, сөйлем құрылымы қазақы емес. Мұны ауыл қазағы былай деп айтады емес пе деп біраз жерін түзеп, бетін бері қаратқан болдым. Сөйтсем ағамыз ауылдағы қазақ мектебін бітірген бойда қалаға кетіп, оқып, ділі өзге ортада тіл ұстартуға мәжбүр болған. Ресми тілдің шеті, шегі жоқ тұңғиығына жұтылған сөйтіп. Не орысша, не қазақша жарытып бірдеңе жазса, қанеки! Шығармасы шұбар тілде жазылған шатты-бұтты бірдеңе. Қан-сөл жоқ. Ана тілі үрпінен қанып ембеудің қасіреті осы.
Мен танитын бір есепші келіншекке де ауылда туып-өскенмен, мектептен кейін жоғары оқу орнында оқып, мамандығына сәйкес кілең «ұлы» ұлт өкілдерімен қоян-қолтық араласып, бірге қызмет ету бұйырған еді. Ол да жоғарыда айтып өткен ағамыз секілді ресми тілдің ұлы-жіңгір топаны арасында өзін де, сөзін де жоғалтып алған секілді… Менің шұбыртып айтқан сөзімнің бірін түсінсе, бірін түсінбейді. Көбінесе, құлаққа ұрған танадай төбеге қарап меңіреюмен отырады. Айтқаныңды түгел санасына сіңіріп, өңдеп, қорытуына біршама уақыт керек. Күлетін жерде ренжіп, ашуланатын жерде ыржалақ қағатынын қайтерсің. Көп сөзіңе түсінбей, қайталап сұрап, әңгімеңнің берекесін алады. Осындайда Абай хәкімнің «Қайран сөзім қор болды тобықтының езіне» дейтіні есіңе түседі. Түсінбейтін адамға айттың не, айтпадың не – бәрібір.
Одан гөрі өзіме сыры мәлім, сыралғы дерлік келіншегіммен сөйлесіп, сырласу дегенің бір ғанибет-ақ қой, шіркін! Ол да ауылда өскен. Тілдің майын тамызады-ай! Ұғымтал, әзілді де заматта түсіне қояды. Айтарыңды ымыңнан, емеурініңнен танитынын және қосыңыз. Екеуміз таңды-таңға ұрып, әңгіме шертіссек те, еш жалықпаймыз-ау. Тілдің түсіністік тетігіне айналуы, бағының жануы дегеніңіз де, сірә, осы болар.
Бақсам, менің қалалы жерде өскен әріптестерімнің кезіндегі орыстандыру саясатынан аман-сау қалғаны сирек, тегі! Көзіңе жылыұшырай қарайды, сәлемі түзу, бірақ сөзге жоқ, текке салдырлап-күлдірлеп сөйлей де бермейді. Қызметіміз жазудың төңірегі болған соң, олармен жиі мәлімет, ой-пікір алмасуымызға да тура келеді. Бұлардың қабілеттері осындай кезде сыр беріп қалады. Байымбет те солардың бірі. Бірде оның өзіме жолдаған мақаласын оқып, төбе шашым тік тұрғандай болды. Оның мақала жазуға берген тапсырысымды түрлі сылтаулар айтып, ащы ішекше созғанының мәнісін енді түсінгендеймін. Ол мұны орысшадан тікелей аударған, не орысша ойлауының жемісі. Қай сөйлемін алып қарасаң да, бастауыш, баяндауышы, толықтауышы, анықтауышы, пысықтауышы дейсің бе, бәрі бар, бірақ біреуі де өз орнында қолданылып тұрған жоқ. Байекең сөйлемдердің «басын жарып, көзін шығарған» ғой. Немесе бір қойдың етін дорбаға басын аяғына келтіріп, қалай болса солай бұтарлап сала салған секілді. Бықыған сөйлемдерді бой-бойымен, бас-аяғын бүтіндеп, қиюластырумен ерте күнді кеш қылдым. Байымбетім анадай жерде көзі жыпылықтап, маған сам-соз күйде қарайлаумен отыр. Үн жоқ өзінде. Оның осы үнсіздігі ғой жүйкеңе тиетіні. Нариза кейіппен бірдеңе десең, күледі де қояды. Не дерсің!
Байекеңнің шаруасы бітті, мақаласының бас-аяғы түгенделіп, ертеңгі нөмірге әзір етілді. Соған көңілі толып, ол мені шайға шақырған. Баяғысынша сараңдау сөз қашырады. Көбінесе үнсіз, әредікте өзіме біртүрлі қызыққандай тесіле қарап қалғанын байқап қаламын. Оның осынысы тегін емес-ау! Шыны да солай болып шықты. Мені таңғалдырғаны оның өз-өзінен ағынан жарылғаны болды.
– Мен саған, сенің жұмысыңа қызығамын. Бақыттысың ғой. Не айтып, не жазғың келеді, бәрін де түсінікті тілде жазып, қағаз бетіне түсіре қоясың. Тілдік қорың да мол. Менікі – жұтаң. Сол уайым болып тұр. Баяндаманы орысша жазып үйренгенмін. Қалай қалыптассаң, өмірде де солай болады екенсің. Еш нәрсені өзгерте алмайсың, – деді ол шын күйзеліп. – Бәрі де кеңестік кезеңде ұяда не көрсек, ұшқанда соны ілгенімізден бастауын алып жатыр ғой.
– Мен сені түсінемін, досым. Ішіңнен тына бергенше осылай ақталғаның да дұрыс болды, – дедім оны арқаға қағып. – Ділің түзеліп келеді. Ең бастысы осы. Қалғаны біртіндеп жөнге келер.
Тағы да бұл оның ғана емес, қоғамның дерті екенін айттым. Қазір де облыстық бірқатар мекемелер қазақшаға шорқақ бір-бір аудармашыны бетке ұстап отыр, осындай дымбілместер тұтас ұжымды «мақау мекемеге» айналдыруда, олардың шатпағын оқығанда, сенің жазғаныңмен жылап көріскендей боламыз дедім. Оның көзінен жылт етіп үміт білінген. Сол ұшқын жалынға айналса, игі. Иә, оның ділі қазақыланып келеді. Қаншама қандасымыздың тілі төлежуіне кеңестік кезеңдегі солақай саясат – орыстандырудың септігі тиді десеңізші! Ауру батпандап сіңіп, мысқалдап шығады. Қабағы қарс жабулы қоғамның да ділі жұмсарып, қазақылана бастағаны қуантады.
Тіл табыстырады, бір мүдде аясына топтастырады бізді. Бір-біріңнен іргелеріңді аулақ салмаңдаршы, суынбаңдаршы тек. Ана тілімізді ыстық сүйіспеншілігімізге бөлей берейікші!

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support