- Advertisement -

Елдің ойынан шыққан іске неге сүйсінбеске?!

173

- Advertisement -

Тараз қаласындағы жаңғырған «Жеңіс» саябағы осында аяқ басқандардың қай-қайсысына болмасын үлкен әсер сыйлайды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен және қамқорлық-қолдауымен жүргізілген жаңғырту жұмыстарының барысында жаңадан ашылған «Ерлік» мемориалды кешені, оның төріндегі даңқты жерлесіміз Бауыржан Момышұлының ескерткіші, «Мәңгілік алау», «Батырлар аллеясы», Ұлы Отан соғысына қатысқан 105 мыңнан аса жамбылдық жауынгердің есімдері қашап жазылған мәрмәр қабырғалар… бәрі-бәрі бір бірімен ерекше үйлесім тауып тұр.

Алдын ала мұқият ойластырылған, ойдағыдай атқарылған іске неге сүйсінбеске?! Әсіресе майдангерлердің есімдері қабырғаларға әр аудан мен қала бойынша жазылғандары тәнті етті. Бұл келушілердің іздеген есімдерін тез тауып алуына өте ыңғайлы. Жеңіс мерекесі күні көптің бірі болып осында келген мен де Мойынқұм ауданынан соғысқа аттанып, қайтып оралмаған әкем мен оның бауырларының есімдерін тез тауып алдым.
Төрт бірдей Тілепбергенов сұм соғыстың құрбаны болды. Үлкені – менің әкем Карентай, одан кейінгі інілері – Дүйсенбі, Жақатай, Мұсақұл. Бұлардың соңғы екеуін атам Тілепберген ашаршылықта қайтыс болып кеткен ағайындарының артында қалған бала кездерінде асырап алып, өз ұлдарынан кем етпей өсірген еді. Содан да атам өмірден өткенінше «Тым болмаса төртеуінің біреуі аман оралмады» деп қайғы-шерін айтып отыратын.
Ұлы Жеңіс жолында шейіт болған әкемнің және оның бауырларының есімдерін оқыған сәтте қуаныш пен қайғы қатар келгендей ерекше сезімге бөлендім. Осындай сезімді Жеңістің 70 жылдығы тойланған 2015 жылдың 9 мамырында әке қабіріне зиярат етіп, Ресейдегі Новгород облысының Холм қаласындағы Жеңіс алаңына барғанымда да бастан кешірген едім. Қазақстанда жасақталған 316-дивизия (кейіннен генерал Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық) сапында шайқасқан әкем Карентай Тілепбергенов 1943 жылы Холм қаласына таяу Новички деревнясы түбіндегі ұрыста қаза тапқан. Оның мәйіті кейін қазып алынып, Холм қаласы әкімшілігі кеңсесінің жанындағы Жеңіс алаңына – бауырластар зиратына қайта жерленген. Аты-жөні мәрмәр тақтайшаға жазылған. Қалаға келісімен бірден әкемнің мәрмәр тасқа жазылған есімінің үстіне гүл қойып, аруағына тәу еттім, ішімнен дұға оқып, құран бағыштадым.
Ертеңіне, 9 мамырда таңертеңгі сағат 10-да Жеңіс алаңында салтанатты митинг өтті. Оған қатысқандар арасында Ресейдің өзге қалаларынан, тіпті Қазақстанның Алматы, Астана, Талдықорған, Өскемен қалаларынан келгендер де бар. Өңдері қазақ екендігін айтып тұрған соң өз тілімізде сөйлесіп шұрқырасып қалғанымыз, суретке түскеніміз қайталанбас сәттер еді-ау. Митингіде Қазақстаннан келген құрметті қонақ екендігімді хабарлап, маған сөз берілгенде ерекше толқып соғыс қаһармандарының ерліктері ешқашан ұмытылмайтындығын, майдан даласынан оралмаған әкемнің дерегін көп жыл іздеп, әзер тапқанымды айттым. Өз жерлерінде шайқасқан, қаза тапқан қазақстандықтарға деген құрметтері мен ізеттері үшін Холм ауданы әкімшілігіне, жалпы жергілікті тұрғындарға алғыс, ризашылығымды жеткіздім.
Араға үш жыл уақыт салып Тараздағы «Жеңіс» саябағында сондай әсерге бөленіп отырмын.
Ел Президенті Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» идеясы негізінде жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу – қастерлі міндет. Көне Тараз төрінде ашылғаннан бері алыс-жақыннан адамдар келіп жатқан «Ерлік» мемориалды кешені облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің Елбасының халықтың кеңінен қолдауына ие болған осынау бағдарламасын іске асыруда өзіндік ізденістерге барып, тың шешім таба білгенін көрсетеді. Бұл жер жастарды отансүйгіштікке үндейтін орталыққа, қала қонақтары, шетелдік туристер көп келетін, көрікті мүйістің біріне айналары сөзсіз.

Аманкелді КАРЕНТАЕВ,
экономика ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support