- Advertisement -

БАҚ пен коммуникацияны дамыту – жаңа дәуір талабы

117

- Advertisement -

2021 жылға дейін барлық өңір ақысыз сандық форматқа көшіріледі

Әлемде дәл қазіргідей ақпараттық технология қарыштап дамыған кезеңде отандық БАҚ пен коммуникацияны дамытудың маңызы жоғары екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан Мемлекет басшысы осы бағыттағы істі ілгерілету жөнінде алға нақты міндеттер қойып отыр. Қазір ол жоспар жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде мемлекеттік сектордың, ақпараттық саланың жұмыс сапасы артты. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, бүгінде ондаған тараудың орнына бірыңғай республикалық медиажоспар қабылданған. Осылайша атқарылып жатқан мемлекеттік реформалар арқылы халыққа тиімді ақпарат таратуға жол ашылды.
Елордада телекөпір арқылы халық алдында есеп берген министр өткен жылды қорытындылап, көптің көкейіндегі сауалдарға жауап берді. Есепті жиында мәлім болғанындай, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында 2021 жылға дейін барлық өңір ақысыз сандық форматқа көшірілмек. Кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқан бұл жоба толық іске қосылғанда аналогтік хабар тарату тоқтатылады. Бұл өз кезегінде бірнеше мәселе туындатуы мүмкін. Нақтырақ айтсақ, телеарналар арасындағы бәсекелестік артады. Сол себепті отандық телеарналар өз қызметтерінің сапасына қазірден мән беруі әрі әлеуметтік желілер арқылы көрермен тартуға ұмтылуы қажет. Осыған қатысты интернет-ресурстардың дамуы мен ақпарат қауіпсіздігін де алдын ала ойластырған жөн.
Бұл қадам елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамту қажеттілігін туындататыны белгілі. Дәурен Абаевтың айтуынша, 2021 жылға дейін Қазақстанның 1249 елді мекені жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтылады. «Қазіргі уақытта еліміздің 13 миллионнан астам тұрғынына жоғары жылдамдықты интернет қолжетімді, атап айтсақ мыңнан астам тұрғыны бар елді мекендерде 3G, ал 50 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекендерде 4G үлгісіндегі байланыс орнатылған. Былтыр еліміздегі барлық аудан орталығы 4G үлгісімен қамтамасыз етілді», – деді Дәурен Абаев.
Аталған жоба мемлекеттік-жекеменшік серіктестік схемасы бойынша іске асырылмақшы. Белгіленген кезеңде 2 миллионнан астам тұрғыны бар 1249 ауылдық елді мекен жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтылады. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, перспективті, яғни болашағы бар елді мекендердің тізімі жасалған екен. Бұл тізімге енген ауылдарда тұрғындар саны өседі деген болжам бар. «Дәл осы елді мекендерге біз жоғары жылдамдығы бар интернетті тартып береміз. Қалған ауылдардың мәселесін әлі де қарастыратын боламыз. Негізі ұялы байланыс операторлары үшін де шағын ауылдарға қызмет көрсеткен тиімсіз. Себебі адам аз болған сайын тариф қымбаттайды. Мысалы, Үндістанда ұялы байланыстың бағасы қымбат емес. Себебі xалық көп, адамдар тығыз тұрады. Делидің өзінде 15 миллион адам бар. Оның айналасында да біраз xалық тұрады. Бізде олай емес. Астанадан 100 шақырым шалғай жерлерде ауылдар аз. Халқы да көп емес. Соған қарамастан, біз ұялы байланыс операторларына нақты міндет қойдық. Олар әрбір ауылды ұялы байланыспен қамтуға міндетті», – деп атап көрсетті министр.
БАҚ арасындағы бәсекелестік демекші, жалпы үздіксіз даму үдерісі басылымдарға да қатысты. Есепті жиында өзге өңірлердегі әріптестеріміз қойған «Ашық тендер» өткізуге қатысты сауалға министр: «Бұл жүйе өзара бәсекені арттырып, оқырмандардың сапалы өнімді таңдауына жол ашылады», – деп жауап берді. Дәурен Абаев сондай-ақ жамбылдық журналистер жолдаған маман даярлауға қатысты бөлінетін мемлекеттік грант көлемі туралы да өз пікірін ашық білдіріп, саннан гөрі сапаға мән беріліп отырғанын, ал қаламақы жайын жекеменшік басылымдар өздері шешетінін, ондай шектеу жоқ екенін айтып өтті. Алдағы уақытта осы мәселені бір жүйеге келтіру жолын қарастырып көретінін мәлімдеді.

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support