- Advertisement -

Байзақта тындырымды тірлік көп

130

- Advertisement -

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Байзақ ауданының әкімі Рахматілдә Рахманбердиев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы және алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстары туралы айтып берді.

– Өткен жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 14 жоба жүзеге асырылып, 34 жұмыс орны ашылды. Ал ағымдағы жылы 3 жоба аумақтық үйлестіру кеңесіне өткізіліп, 6 жобаның құжаттары әзірленуде. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы да табысты жүзеге асырылып келеді. Аталған бағдарлама аясында «Әулие – Ата Феникс» құс етін өңдеу фабрикасы және қытайлық инвесторлардың қатысуымен «Рола-Ян» макарон өнімдерін өңдейтін цехы іске қосылды, – деді аудан әкімі.
Байзақ ауданы ауыл шаруашылығымен дамыған өлке. Мәліметке сүйенсек, бұл салада біткен шаруа көп. Мәселен, өткен жылы егістік жер көлемі 636 гектарға ұлғайтылып, қант қызылшасында – 48, майлы дақылдарда – 10,5, дәндік жүгеріде 5,2 пайызға артқан. Ал биыл егістіктің көлемі 53 400 гектарға жетпек. Бұдан бөлек, мал шаруашылығында мал басының артуы байқалуда. Мүйізді ірі қара – 2503, қой мен ешкі – 16 619, жылқы – 594, түйе – 24, құс 131 327 басқа өсіпті. Осындай нақты нәтижеге қол жеткізуге мемлекет тарапынан берілген 741 миллион теңге субсидияның да көмегі зор.
Ал тұрғын үй кезегінде тұрған 4054 тұрғындар өтінішін қанағаттандыру үшін ауданға қарасты Мырзатай, Жетібай, Қостөбе ауылынан барлығы 45 гектар тұрғын алабына инфрақұрылым жүргізуге 181 миллион теңге қаржы бөлініп, бүгінгі күні мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Одан бөлек, Сарыкемер, Бәйтерек, Үлгілі, Бурыл және Ботамойнақ ауылдық округтерінің аумағын 710 гектарға ұлғайту жұмыстары жүргізілуде.
Міне, осы секілді барлық салада өсім де бар, өсу де бар. Алайда, әлі күнге дейін түйіні шешілмеген мәселелер аз емес. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласында жұмыртқа өндіру ісіне қаржы қолбайлау болып отыр. Медицина саласында мамандардың жетіспеуі, типтік емхананың болмауы және жолдың азабы сынды проблемалар баршылық. Журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берген Байзақ ауданының әкімі Рахматілдә Сегізбайұлы аталған мәселелердің барлығы рет-ретімен шешілетіндігін жеткізді.

Есен ӨТЕУЛИЕВ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support