- Advertisement -

«Жақсы сөз – жарым ырыс»

338

- Advertisement -

Бабаларымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп текке айтпаса керек. Бұдан біз тіліп түсер наркескен тіл тек шындықтың шырақшысы болсын деген тұспалды аңғарамыз. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) хадисінде де: «Кімде-кім Алла тағалаға сенсе, ақырет күніне сенсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» делінген.
«Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы» деп хәкім Абай айтқандай, үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен тіл қатқан абзал. Аз біліп, көп сөйлеген де жақсы емес. Көпсөзділік – ақылсыздықтың белгісі. Жүсіп Баласағұн бабамыз «Құтты білік» кітабында «Көп сөйлесең езбесің деп жек көреді. Сөйлемесең мылқау екен деп сөгеді. Көп сөздіні жұрт ақылсыз деп есептеп, аз сөйлегенді ақылдыға санайды. Өзіңді-өзің мақтама. Сөйлеген әрбір сөзің нысанаға дөп тисін» деп жазған.
Ықылым заманда қарапайым бір әйел патша уәзіріне келіп, бір сұрақ қояды. Уәзір ол сұрақтың жауабын білмейді екен. Сонда әлгі әйел: «Бір сұрағымның жауабын білмедің. Уәзірлер жейтін нанды (жалақыны) неге жеп жүрсің?» – деп кінәлапты. Сол кезде уәзір: «Мен жауап бермегенім үшін ештеңе алмаймын, атқарған қызметіме қарай жалақы аламын», – деп сабырмен жауап беріпті.
Менің де жастарға «Үлкендер айтқан әрбір сөзге құлақ сал. Қажеттісін қабылда. Ойланып сөйле, айтқан сөзің үшін өкінбейтін бол. Ешкімді балағаттама. Суық сөз сөйлеме, одан дұшпаның пайда болады. Жақсы сөз айтыңдар» дегім келеді.

Сейтқазы МЕДЕТБЕКОВ,
«Жуалы» мешітінің бас имамы

Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support