- Advertisement -

Шу туралы «аңыздар» шындыққа жанаса ма?

1 304

- Advertisement -

Шу туралы алып-қашпа әңгіме өте көп. Жүз мыңның төңірегінде тұрғыны бар бұл ауданды елімізбен қатар, алыс-жақын шет мемлекеттер де жақсы біледі. Оған басты себеп – онда өсетін қарасораның көптігі. Ол жайында қилы-қилы аңыз да айтылады. Алайда осының бәрін бір ғана қарасорамен байланыстыру көкірек көзі ояу адам үшін әбестік болар еді. Дегенмен ел арасында желдей ескен сөздің қаншалықты рас екенін талдап көрген едік.

1. «Шу қаласы тұрғындары бақшалары мен үйлерінің шатырына дейін қарасора егеді екен».
Иә, бұл ауданның аумағында қарасора өсетінін ешкім жоққа шығармайды. Десе де бұл есірткіні қалауынша жинап, оны өңдеуге және таратуға жол ашық дегенді білдірмейді. Аймаққа қарасты 140 мың гектардан аса есірткі алқабы тәулік бойы құқық қорғау органдарының жіті бақылауында. Сондай-ақ мұнда жыл сайын жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіліп тұрады. Ал жоғарыда айтылған «шулықтар бақшалары мен үйлерінің шатырына дейін қарасора егеді» деген жаңсақ пікір, тіптен қисынсыз. Кей жағдайда мұндай аңыздарды өзге қалаға қоныс тепкен шулықтардың өздері шығарады дегенді де естиміз. Қалай болғанда да, Шу қаласына келіп, мұндағы тұрғындардың тыныс-тіршілігін көрер болсаңыз, аңыздың ақиқат еместігіне көз жеткізеріңіз сөзсіз.
2. «Шудың жолы шаршап қалған».
Бұл сөз шындыққа жақындау. Бірақ Шу ауданы арқылы өтетін «Меркі-Шу-Бурылбайтал» тас жолына «Шудың жолы» деп айдар тағу дұрыс емес. Себебі, ол жол республикалық мәнге ие. Ауданға қарасты жолдар да ұзақ жылдар бойы шулықтардың басты мәселесіне айналып келген. Десек те бүгін-ертең Шу қаласына жолыңыз түсе қалса, бұл жолдардың басым бөлігі қалпына келіп, жаңаша кейіпке енгенін көрер едіңіз.
3. «Шу» атауы өзеннің тулап, шулап ағуынан шыққан».
Ертеректе Шу өзенінің қамысы мол, тіпті ішінде жолбарыс жортып жүрген деген әңгіме бар ел аузында. Оған қоса, бұл өңірдің дүлей дауылы мен бораны аз болмаған. Содан қамыстардан қатты шуыл шығатын. Бұл аймақтың Шу атануы – осыдан деседі көнекөз қариялар. Ал шындығында, Махмұд Қашқаридың еңбектерінде: «Ескендір Зұлқарнайын Самарқандтан асып, түрік қалаларына беттегенде, түріктердің Шу есімді жүрек жұтқан қағаны болған. Баласағұнның маңынан өзінің есімімен аталатын Шу қорғанын да өзі салдырған» деген дерек бар. Міне, сол еңбекте жарты әлемді жаулаған, тасқын судай дүниені жайпап келе жатқан Ескендір Зұлқарнайынға қалай тосқауыл алып, алғырлығының арқасында елін қалай аман алып қалғаны туралы жазылған.
4. «Шуға барған адам, шалқып жүреді».
Мұнда көшіп келіп, шалқып жүредінің сыры «Шулықтар жұмыс істемейді. Олардың негізгі табыс көзі – есірткі» деген жаңсақ пікір себеп болса керек. «Өтірік – өрмекшінің торына ұқсайды, ал шындық ше?» дегендей, «Мұнда қоныс тепсем, қалтамды томпайтамын» десеңіз қатты қателесесіз. Шу тоғыз жолдың торабында орналасқан аудан болғандықтан, мұндағы тұрғындардың негізгі табыс көзі – темір жол. Елбасының өзі бұл ауданға екі мәрте жұмыс сапарымен келіп, жергілікті жұртшылықпен жүздескен. Мемлекет басшысының 1995 жылғы қаңтар айында Шу-Луговой аралығындағы электрлендірілген темір жол жүйесін іске қосу салтанатына қатысып, аз уақыт ішінде ауқымды жұмыс атқарған жол құрылысшыларына алғыс білдіргені, 2005 жылғы сәуір айында Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай, Шу бекетінен мерекелік «Жеңіс» пойызын аттандырып, сәт-сапар тілегені бұл аймақтың темір жол саласындағы ерен еңбегін айғақтаса керек-ті. Бұдан бөлек, өнеркәсібі өркендеген, ауыл шаруашылығы алға басқан, кәсіпкерлігі кең қанат жайған аймақта кез келген сала бойынша жұмыс табуға болады.
5. «Шуда мейрамханалардан басқа баратын жер жоқ».
Тарихы тереңде жатқан Шу туралы ел арасында мұндай «аңыздың» тарауы өкінішті, әрине. Рас, мейрамханалар мен дәмханалар баршылық. Алайда ол – шулықтардың жалғыз мақтанышы емес. Бұл аймақ – атақты Ескендір Зұлқарнайынның, Кенесары мен Наурызбайдың, Ағыбай батырдың, күш атасы Қажымұқан палуанның, Тұрар Рысқұлов пен Сәкен Сейфулиннің табаны тиген жерлер. Сондай-ақ бұл өңір – халқымыздың төбе биі – Төле би, Бөлтірік шешен, Биназар батыр, Балуан Шолақ, Сауытбек, Ақбөпе, дәулескер қобызшы Бармақ, әрі шешен әрі би Қылышбай дүниеге келген және қазақ хандығы алғаш құрылған тарихи мекен. Сондықтан да мұнда мейрамханалардан өзге түк жоқ деу қисынға келмейді. Шуға барамын десеңіз, мұнда VII-VIII ғасырлардан бері келе жатқан Жайсан түркі кешені, 2014 жылы Катар мемлекетінде өткен ЮНЕСКО-ның 38-сессиясы барысында Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілген, Шу ауданы аумағындағы ортағасырлық Ақтөбе қалашығы, Үңгірлі шатқалы, Х-ХІІ ғасырларға жататын Қорғаншы қалажұрты және Төле би бабаның туған жері сынды тарихи орындар өте көп.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support