- Advertisement -

Құтқару қызметінің қауқары қаншалықты?

135

- Advertisement -

Кеше еліміз өңірлерінде су тасқыны орын алған жағдайда кездесуі ықтимал төтенше жағдайларды жою барысындағы азаматтық қорғау құрылымдары мен апаттық-құтқару қызметтерінің бірлескен әрекеттерін нақтылау мақсатында бір мезгілде республикалық командалық -штабтық «Көктем -2018» оқу- жаттығуы өтті.

Іс-шараға облысымыздың төтенше жағдайлар департаменті мен оның қалалық, аудандық құрылымдық бөлімшелерінің,азаматтық қорғау қызметтерінің, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Оқу-жаттығуға барлығы 150-ден астам адам мен 30-ға жуық техника күші жұмылдырылды. Аталған құрылымдардың бірлескен кәсіби әрекеттері облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің бастығы Бағдат Даниловтың жетекшілік етуімен Шөлдала ауылының шығыс жақ кіреберісіндегі Талас өзенінің жағалауында іске асырылды.
Ең алдымен дрон арқылы «су тасуының» жағдайы әуеден барланып, анықталуымен апаттық жағдайды жоюдың мейлінше тиімді жолдары қарастырылған. Осыған байланысты уақыт ұттырмай келіп жеткен «Жасыл ел-Тараз» ЖШС құрамындағы Тараз қалалық жедел әрекет ету жасағы мен облыстық «Қазселденқорғау» мекемесі филиалдарының , өрт сөндіру қызметі бөлімшелерінің күшімен аталған аумақта жағалаудың су жырып кеткен тұстарын бекіту, сондай-ақ арнайы техникалар көмегімен су жайылған үйлер аулаларынан су сорып шығару жұмыстары қатар атқарылды. Жағалауды бекіту ісіне Ұлттық Ұланның 5513 әскери бөлімі сарбаздары да жұмылдырылып, олар құм толтырылған қапшықтарды су жырған аумаққа берік етіп, қаластырып жатты.
Әсіресе, жедел құтқару жасағы құтқарушыларының су ішінде қалып қойған жеңіл автокөлік пен оның жолаушыларын қауіпсіз аумаққа алып шығып, тиісінше көмек көрсетудегі кәсіби шеберліктері атап өтерліктей болды. Осындағы медициналық апаттар орталығының филиалы да зардап шегушілерге медициналық және психологиялық көмекке сақадай сай әзір етіліп қойылыпты.
Бір сөзбен айтқанда, барлық жұмылдырылған авариялық-құтқару қызметтері мен азаматтық қорғау құрылымдары алдына қойылған тапсырмаларды өзара әрекеттестікте жоғары деңгейде орындап шықты деуге негіз бар.
Аталған іс-шара аясында осы күні бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне Тараз қаласы «Арай» шағын ауданы аумағынан өтетін дренажды каналдардың жай-күйі таныстырылды. Бүгінде бұл су жүйелері табанына қамыс пен жиденің тұтасып өсуінен су тасуы жиі орын алатыны жөніндегі аталған тұрғын үй алабы тұрғындары тарапынан түскен өтініш-талаптарға орай «Жасыл ел-Тараз» ЖШС техникасының көмегімен тазартылу үстінде екен. «Осының арқасында үй аулаларындағы іркінді сулардан ада-күде арылып отырмыз», – дейді тұрғындар. Дей тұрғанмен, арық жүйелерінің бойына алап тұрғындарының қоқыстарын әкеліп төгуі тиылмай отырғандығы қынжылтады. Сондықтан да осы тірлікті билік пен бұқараның бірлесе үйлестіріп, реттеуі керек сияқты.

Б.ТОҚҚОШҚАРҰЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support