- Advertisement -

Ең үздік экскурсовод іріктелді

181

- Advertisement -

Көбіне елене бермейтін мамандықтардың бірі – экскурсовод. Олар музейлерде, қорықтар мен мұражайларда тарихи жәдігерлерді келушілерге таныстырып бәйек болып жүреді. Елдің тарихын, салт-дәстүрін толық білмесе жұмысы алға жүрмейтін экскурсоводтарға жүктелер жауапкершілік те жеңіл емес. Біз мұны Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында және мемлекеттік «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық музейінің 20 жылдығына орай алғаш өткізілген облыстық «Үздік экскурсовод» байқауы барысында тағы сезіне түстік.
Аталған байқауды облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев сөз сөйлеп ашып, бастаманы қуана қолдағанын айтты. «DVD форматтағы виртуалды экскурсия», «Ұлы Дала хикаялары», «Музейге қош келдіңіздер!», «Сұрақ-жауап» кезеңдерінен құралған аламанда Тараз қаласынан және аудандардан 12 талапкер бақ сынады. Әсіресе мүлде басқа қоржыннан шыққан тарихи жәдігерлердің мәнін ашып түсіндіріп беру, өзі қызмет етпейтін музейге барып, келушілерге тосыннан таныстыру жұмысын жүргізу – шын шебердің қолынан келетін іс. Бұл жерде қатысушылардың жан-жақтылығы, тіл байлығы, тапқырлығы да ескерілді. Олар «Туған өлкенің тарихын білесіз бе?» атты сұрақ-жауап кезеңінен де сүрінген жоқ.
Байқау қорытындысында кіл мықтылар анықталды. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде облыстық «Руханият» орталығының қызметкері Айніл Әбуәліге бұйырса, жүлделі бірінші орынды мемлекеттік «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің экскурсоводы Таңшолпан Жүзбаева иеленді. Екінші және үшінші орындарға облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводтары Жамал Ақпан мен Жұлдыз Алманқұлова лайық деп танылды. Сондай-ақ «Заманауи маман» аталымымен Ақжан Оразбақова, «Көрермендер көзайымы» аталымымен Береке Қырбас, «Сауатты экскурсовод» аталымымен Әлия Оспанова марапатталды.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support