- Advertisement -

Момышұлы ауылының «Мичурині»

157

- Advertisement -

Жуалы ауданы картоппен ғана емес, алма өсірумен де аты алысқа танылатын болады. Өйткені бау өсіру бағытындағы «Таң» шаруа қожалығы биыл алма бағының көлемін 100 гектарға ұлғайтуды көздеп отыр.

Әлбетте, нендей істі болсын бастау қиын. Төлеген Нұралиев те алғашында түрлі қиындықтармен бетпе-бет келіпті. Меркі ауданынан әкелінген алма ағашы көшеттерін Қырғыз Алатауының беткейіне көптеп отырғызып, оның әрқайсысын баладай мәпелеп күткені естен шыға қойған жоқ. Бұл істе оған үй шаруашылығының мүшелері үш жыл бойы көмектесіп, бақ өсірумен ұдайы айналысты. Олардың еңбегі ақталып, жас көшеттер жайқала өсіп, алғашқы өнімін бере бастайды.
– Алдыңғы жылы алма бауы айрықша мол өнім берді. Ал былтыр алманың біраз бөлігінің «дем алуына» тура келді. Тек үш гектарында ғана алма ағашы гүлдеп, өнім берді. Олардың алма салмаған жылы жоқ. Жұмыс істемейтіндердікі жеміс салмайтын шығар. Менікі жылда өнім береді. Жалпы, агроқұрылымымыздан қысы-жазы алма үзілген емес, – дейді кәсіпкер.
Өйтетін де жөні бар. Аталған бауда алманың он шақты түрі, жоғары және орта деңгейдегісі, аласасы да аралас өсіріледі. Кезінде шаруашылық қажеті үшін «Жуалы» ӘКК-нан бұрынғы аудандық тұтынушылар ұйымының жартылай жарамсызданған ескі сақтау орны сатып алынған екен. Қалпына келтіру, тиісінше 200 тонналық тоңазытқыш құрылғысын орнату жұмыстары жүргізілгеннен кейін мұнда жеміс-жидектер мен көкөністерді сақтаудың барлық қолайлы жағдайы жасалынған. Сақтау орнында алма қазір де бар. Кәсіпкер азамат осының бәрін мемлекеттен субсидия да, жеңілтетілген несие де алмай, сәтімен үйлестіріп отыр.
Айта кету керек, бүгінде бақта өрік пен бадам да өсірілуде. Осылайша «Таң» шаруа қожалығы өзбек, түрік елдерінің кептірілген жеміс-жидек жеткізушілерімен бәсекелестікке қол жеткізуді көздеуде. Мысалы бүгінде бадамның бір килосы 3500 теңге тұратын болса, жергілікті жерде өсірілген өнім бұдан әлдеқайда арзанға түспек. Бұл іс тек жемістерді кептіріп, құрғату және сақтау технологияларын сатып алу мәселесіне ғана тіреліп тұр екен.
Шаруашылықта алдағы уақытта өрік пен шабдалыны көптеп өсіру ойластырылуда. Оған ауданның климаттық жағдайының қолайлылығы да мол септігін тигізері анық. Қожалықтың бау-бақшалығында картоп, көкөніс және қырыққабат та егіліп өсірілуде. Бұл мақсатқа екі гектар жер бөлініпті. Алынған картоп өнімінің біразы сақтау орнында жинақтаулы тұр, ал бақша дақылдары тұтынушыларға тікелей егістік алқабы басында қолма-қол өткерілген.
– Жуалы жерінің топырағы құнарлы, әрі ауа райының жағдайы да егістік алқаптарында көктем айынан күзге дейін уақытпен санаспай еңбектенуге де мүмкіндік береді. Сондықтан бізде жұмыс жоқ дейтіндер – жалқаулар ғана, – дейді Төлеген Нұралиев.
Әңгімеміз барысында ол өзінің алдағы жоспарларымен де бөлісті. Өткен жылы шаруашылықта алғаш рет қызанақ өсірілген екен. Түпкі нәтижеде мол өнім жинап алған кәсіпкер бұл істе ең бастысы сапалы тұқымды дұрыс таңдай білу екеніне көз жеткізіпті. Шаруа қожалығы биыл қызанақ алқабы көлемін одан әрі ұлғайтуды, сондай-ақ, томат сөлін дайындау құрылғысын сатып алуды жоспарлап отыр.
Момышұлы ауылының «Мичурині» атанған кәсіпкер Төлеген Нұралиев еңбек қарқынын төмендетпейтініне бек сенімді.

Баймаханбет АХМЕТ

Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support