- Advertisement -

Ауру – тағамнан, дау неден?..

112

- Advertisement -

Бүгінде еліміздің әр өңірінде адамдардың тамақтан улану немесе түрлі аурулар жұқтыру оқиғалары кездесуде. Біздің өңірде де «тамақтан уланып қалыпты, тағамнан ауру жұқтырыпты» деген сөздерді естіп қаламыз. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінен алған мәлімет бойынша өткен жылы өңірде тұрмыстық жағдайда «ботулизм» ауруының 11 жағдайы тіркеліп, 18 адам зардап шеккен. Бұл тағамға улану тамақ кәсіпорындары, қоғамдық тамақтану немесе сауда-саттық орындарымен байланысты емес. Аурудың пайда болуына үй жағдайында консервіленіп дайындалған көкөністен жасалған салат себеп болған.

Өнімді дайындау барысында технологияның тиісті ережелері сақталмаған. Мұндай жағдайдың салдары ауыр соғуы мүмкін. Үйде көкөністі консервілеу кезінде технология мен гигиенаның қарапайым ережелері сақталмаса адамды улануға алып келетін көрінеді. Қысқа дайындық ретінде бір, екі немесе үш литрлік банкілерге жабылған қияр, қызанақ, көкөністің басқа да түрлерін ашып, жейтін мезгіл қазір. Соғым уақыты болған соң, үйге кісі көп шақырылады, қонақ та жиі келеді. Табақ-табақ етпен бірге тәбет ашар үшін консервіленген көкөністің түр-түрі де қойылады дастарханға. Әйтеуір абай болған жөн.
Бұл жерде бірінші азық-түлік тауарларын сатып аларда тұтынушы міндетті түрде өнімнің қауіпсіздігін білдіретін құжатын талап етуі қажет. Кез келген жерден немесе жол-жөнекей тағам алып жеудің керегі жоқ. Қазір үлкен жол бойларында кемі әр 60-70 шақырым сайын қоғамдық тамақтану орындары ашылған. Жолаушы сондай заңды асхана-кафелерден тамақтанып шықса, тағамнан келетін аурудың жолын кесуге болады.
– Былтырғы 4 қараша мен биылғы 29 қаңтар аралығында бақылаулы іс-шаралар мен өнім қауіпсіздігінің мониторингі аясында мобильді топтар құрылып, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден кіргізілетін тауарларға күшейтілген лабораториялық бақылау жүргізілді. Кезекшілік жүргізу уақытында қызмет мамандарымен 4410 автокөліктік құрал тексерілген, олар 2880 тағам өнімдерін, 678 тағамдық емес өнімдерді тасымалдаған. Тексеру қорытындысы бойынша, тағам өнімдерінің қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болмауы себебімен 554119 килограмм көкөніс пен жеміс, жеміс қақтары, 60215 килограмм жарма өнімдері, 58100 килограмм кондитерлік өнімдер, 7148 килограмм ет және 16583 килограмм өзге де тағам өнімдері кері қайтарылды, – дейді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков.
Баяғыда «ОБЭХС пен СЭС келе жатыр» десе, басқаны қайдам, сауда саласы басшыларының зәре-құты қашатын. Сол СЭС-іңіз бүгінде бірнеше рет атауын өзгертіп, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті болып аталды. Аты өзгергенімен заты сол күйінде қалған құзырлы органдардың бірі саналатын департамент тарапынан аз шаруа атқарылып жатпаса керек. Мәселен, өткен жылғы өнім қауіпсіздігі аясында жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмеген өнімдерді сату жағдайы бойынша 50 әкімшілік құқық бұзушылық іс қозғалып, 108 нұсқама беріліпті. Кәсіпкерлердің көбі кемшіліктерді жойған. Дегенмен облыс бойынша барлығы 7 сауда-саттық орталығының материалдары сотқа жолданып, жұмысын тоқтату туралы шешім шығарылған.
Қолдағы мәліметке сүйенсек, департамент тарапынан 19 техникалық регламентке бақылау жүргізілсе, оның 10-ы – тағам өнімдерінің қауіпсіздігі бойынша жасалған. Өнімді сатып алудың былтырға арналған жоспар-кестесіне сәйкес, жалпы сомасы 3500000 теңге көлемінде 252 сауда және қоғамдық тамақтану объектісінде бақылаулы сатып алулар жүргізілген. 3600-ден астам тамақ өнімі мен халық тұтынатын тауар өнімдерінің үлгілері сатып алыныпты. Осының 479-ы Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келмеген. Сатып алынған 3072 тағам өнімдерінің 322-і сәйкес болмай шыққан. Салыстырмалы түрде алып қарағанда, облыстың ішкі нарығының айналымындағы барлық сәйкес емес өнімдердің ішіндегі ең жоғары көрсеткіш импорт өнімдеріне тиесілі, 71 пайызды құрапты. Ал отандық өнімдер – 28-ақ пайыз.
Бұдан нені аңғаруға болады? Әлбетте «Қазақстанда жасалған» өнімді тұтынудың маңыздылығын, тіпті қауіпсіздігін сезінесің. Ойлап қарайықшы, алыстан арбалаған тауардың, оның ішінде тамақ өнімдерінің сапасы қалай дегенмен төмен болатыны айтпаса да түсінікті. Алыс-жақын шетелдерден темір жол немесе автокөлікпен әкелінген соң, мыңдаған километрді артқа тастап жеткізілген тағамның сапасы жоғары болмайтыны бесенеден белгілі емес пе? Тіпті іргедегі Қырғызстан Республикасының өнімдерінен 144 үлгі алынып, оның 84-і сәйкес келмеген. Бұл дегеніңіз – 60 пайызға жақын. Хош, қырғыздың тағамынан гөрі өзіміздің ауыл шаруашылық құрылымдары өндірген өнімді тұтынғанымыз жөн емес пе?
Қазір облыстың азық-түлік тауар өндірушілері ет, сүт, нан өнімдерін де, көкөністің барлық түрін де көптеп өндіруде. Жылыжайларда қияр, қызанақ және басқа да бақша өнімдері жылдың төрт мезгілінде де өсіріліп, тұтынушыларға жөнелтілуде. Қорыта айтқанда, шаруалар, фермерлер, басқа да азық-түлік өнімдерін өндіруші кәсіпорындар бірінші облыс халқын жергілікті өніммен жеткілікті қамтамасыз ету жайын назарға алса дейміз.

Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support