Досмаханбет Әлиевтің аудан әкімі болып тағайындалғанына да төрт айдан асты. Бұл – осы ауданның тыныс-тіршілігімен танысып, шешімі табылмай тұрған түйткілдің түйіні қайда жатқанын саралап, ілкімді істерді қолға алуға толық жететін уақыт.

Тұрғындар алдындағы жылды қорытындылаған есеп беру кездесуінде былтырғы атқарылған шаруаларды тек баяндамаға ғана сүйенбей, қолмен қойғандай етіп, тарқатып айтқан әкім осы кезеңді өз пайдасына жарата алғанын көрсетті.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қатысқан жиында өткен жылы аудан экономикасы барлық сала бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгені, нәтижесінде тұрғындардың әл-ауқаты артқаны айтылды. Жалпы ауданда былтыр өндірілген өнімнің және қызметтердің көлемі 33,631, 1 миллион теңгені құрап, 129,1 пайызға орындалған. Өнеркәсіп өнімдері 16 808,2 миллион теңгеге жетіп, көрсеткіштер 6 169,2 миллион теңгеге артқан.
Жыл ішінде ілгеріс басқан істің бірі – мемлекеттік бағдарламаларды және ауыл шаруашылығын қолдау тетіктерін, сонымен бірге республикалық және жергілікті бюжеттен бөлінген субсидияны тиімді пайдаланудың жолға қойылуы. Соның арқасында 2017 жылы «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Аулие-Ата» несие серіктестігі ЖШС арқылы 14 шаруа қожалығының 14 жобасы мақұлданып, 97,0 миллион теңге несие берілген. Аудан бойынша шағын және орта кәсіпкерлік нысандарында 5174 адам жұмыспен қамтылған. Оның 1131-і шағын кәсіпорындарда, 4043-і жеке кәсіпкерлікте жұмыс істейді.
Былтыр жалпы көлемі 6931 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға беріліп, жоспар 2016 жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 999 шаршы метрге артық орындалғанын да айта кетуіміз керек. Дегенмен 2018 жылдың қаңтарындағы тіркелген мәліметке сүйенсек, тұрғындар үй кезегінде тұрған саны 1672 адамға жеткен. Сондай-ақ жұмыспен қамту мекемесіне қайырылған 3070 азаматтың 2493-і жұмысқа орналасқан.
Аудандағы 24 елді мекеннің ішінде Қаратау қаласына және 9 ауылға газ құбыры тартылса, «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша аудандағы 23 мекенде ауызсу жүйесі іске қосылып, таза суға 67,2 пайызға жетті. Ал «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы шеңберінде бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға барлығы 1 миллиард 525 миллион 284 мың теңге бөлініпті.
Әкім өз есебінде білім, мәдениет, спорт және өзге де әлеуметтік салалардағы атқарылған жұмыстарға қысқаша талдау жасады. Алдағы ауқымды жұмыстарды да айтып, тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар берді. Әсіресе ауыл шаруашылығына басым бағыт берілетіндігін атап көрсетті.
Баяндамадан соң жарыссөзге шыққан Талас ауданының Құрметті азаматы Ж.Әсемов аудан әкімінің есебін оң бағалап, мал санын көбейтіп, оның өнімдерін сатуды молайтуды ұсынды. Ақкөл ауылдық округінің әкімі А.Қуаныш елді мекендегі қолға алынған істерді баяндап, ауылдағы егістік алқаптарының толық пайдаланылмай жатқанын, сол үшін науаларды жөндеуді, бос тұрған үйлерді жөндеп, баспана кезегінде тұрғандардың санын азайтуды ұсынды. Шолақтау тау-кен өңдеу кешенінің инженері Б.Сұлтанбек өндіріс орындарын цифрландыру арқылы өнімді арттыруға болатындығын жеткізіп, осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажеттігін ескертті.
Жарыссөзден соң Қаратау қаласының тұрғыны Е.Цой мүгедектердің әлеуметтік жағдайын жақсарту туралы мәселе көтерді. Сонымен қатар бұрынғы Шолақтау ауылындағы көкөніс, сүт өндіру цехтарын қалпын келтіруді ұсынды. Ал шаруа қожалық төрағасы М.Аханов сол ауылдағы 2100 гектар егістік алқабының иесіздіктен тозғанын, тау жотасындағы егістік алқабының толық игерілмеуінен ауданда жем және шөп мәселесі шешілмей отырғандығын айтып, дабыл қақты. Ауыл кооперативтерінің жұмысын бір жүйеге түсіру қажеттігін де ескертті. Сондай-ақ Талас ауданының Құрметті азаматы Б.Тоқтыбаев қаласындағы «Көріктендіру-көгеріштендіру» мекемесі жекешеленіп кеткендіктен шағын шаһарда тазалық сақталмайтынын айтып, сауал тастады. Осы және де басқа да сұрақтарға облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков толыққанды жауап берді.

Сәулембай Әбсадықұлы,
журналист

Талас ауданы

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here