- Advertisement -

Киелі жерлер географиясы

572

- Advertisement -

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын жас ұрпақ бойына сіңіру мақсатында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жасау туралы айтқан еді. Жалпы қасиетті жерлер – көне өркениеттің бізге жеткен мұрасы. Оны халық осы уақытқа дейін жадында сақтап келді. Біз осы дәстүрді одан әрі жалғастырып, ертеңгі ұрпаққа жеткізуге тиіспіз.

Ұлттық музей жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасының 100 нысанының тізімін ұсынған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тізім өңірлік комиссияның және сарапшылар кеңесінің ғалымдары мен өлкетанушыларының пікірлерін ескере отырып құрастырылған. Сараптаудан өткен тізімге «Ерекше қорғалатын табиғи мұра ескерткіштері» санаты бойынша 9 орын, «Археологиялық және архитектуралық ескерткіштер» бойынша 11 орын, «Ірі орта ғасырлық қала орталықтары және Қазақ хандығының астаналары» санатымен 13 орын, «Діни және ғибадат орындары» болып табылатын Қазақстанның 32 орны енгізілді. Сондай-ақ саяси, тарихи оқиғаларға байланысты 15 орын «Қазақстанның киелі орындарының географиясы» тізіміне енуге лайық деп танылды. Тізімді құрастыру барысында әр өңір өзінің ерекше қасиетті мекендерін қорғады. Біздің қорық-музей мекемеге тікелей қарасты 21 тарихи мұраның тізімін жасады. Комиссия шешіміне сәйкес ежелгі Тараз қалашығы, «Ақыртас» сарай кешені, Қарахан, Айша бибі, Бабажы Хатун, Тектұрмас кесенелері мен Меркі-Жайсаң түркі ғұрыптық кешені «Қазақстанның 100 киелі жерлері» картасына енді.

Ежелгі Тараздың кереметтері

Ежелгі Тараз қалашығы (I-XIX ғ.ғ.) – республикалық деңгейдегі ескерткіш. Ортағасырлық сәулет-құрылыс жүйесі бар қалалардың бірі. Қала – Ұлы Жібек жолы бойындағы Батыс Түрік қағанатының, қарлұқтардың, түргештердің бірінші саяси орталығы, Қарахан әулетінің астанасы болған. Өрлеу мен құлдырау кезеңдерінен өткен. Тараз қалашығын ғылыми-зерттеу жұмыстары ХХ ғасырдың 20-30-жылдары басталып, бүгінге дейін жалғасуда. Тараздың тарихи бөлігі қазіргі орталық базардың астында жатыр. Мұнда қаланы билеушілердің резиденциясы орналасқан. Қабырғамен қоршалған «Шахристан» деп аталатын бөлігінде зиялы қауымның, бай, саудагерлердің, қолөнершілердің үйлері және шығыс базары мен мешіт, ал қабырғаларға жапсарлас қолөнершілердің шеберханалары бой көтерген.
Осында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде қыштан жасалған су құбырлары, қоғамдық моншалар, мыс, қола теңгелер құятын орын, тас төселген көшелер және басқа да құрылыстар табылды.
Х ғасырдың ортасында Тараз қаласы құрамында болған сол дәуірдегі ірі мемлекеттердің бірі Қараханидтер империясы құрылды. Ол ХІІ ғасырдың соңына дейін өмір сүрді. Тараз қаласының гүлденуі Қараханидтер мемлекеті кезеңімен тұспа-тұс келеді. Сол кездегі мәдениеттің жоғары деңгейде болғанына орталық базар аумағынан табылған Х-ХІІ ғасырларға тиесілі екі Шығыс моншасы куә.

Аңызға айналған
Айша бибі

Айша бибі – ХІ-ХІІ ғасырлармен мерзімделетін сәулет өнерінің үздік нұсқасы. Біздің ғажап өлкемізге аяқ басқан әрбір адам мұсылман әлемі құрмет тұтатын, «әулие орын» деп атаған ортағасырлық сәулет өнерінің інжу-маржаны Айша бибі кесенесіне атбасын бұрмай өтпейді. Біздің заманымызға кесененің батыс жақ қабырғасы мен оған жапсарлас қабырғаларының қалдықтары ғана жеткен. Қаншама жылдар бойы археологтар, сәулетшілер, жаңғыртушы-реставраторлар кесенені қайта жаңғырту жөнінде кеңесті. Бұл жұмысты республикалық «Қазқайтажаңғырту» мекемесінің Түркістан филиалы мамандары үш жыл ішінде (2002-2005 жылдар аралығында) аяқтап шықты.
Кесене қабырғаларының сыртқы жағы қолдан ойылған ою-өрнектері бар 62 түрлі терракот қыш тақталармен көмкерілген. Бұл – Орталық Азия мен Қазақстандағы өн бойы ұлттық нақышпен өрнектелген жалғыз ескерткіш. Сондықтан да Айша бибі кесенесі қазақ халқының ежелгі ою-өрнегін сақтаған музей іспетті. Қабырғаларының ортасында жебе бейнелі иіндер бедерленген терең қуыстар бар. Бұрыш колонналары, жоғары қарай гүлді оюлармен өрнектелген. Терракот қыш тақталардың 18-қаланымында арабтың куфа әріптерімен «Күз… Бұлттар… Жер ғажайып…» деген сөздер жазылған. Кесененің ішкі жағында жер бесік тұр. Құрылысына антисейсмикалық мақсатта арша ағашы пайдаланылған. Жерленген адам туралы тек аңыздар ғана сақталған. Аңыздардың бірінде Тараз билеушісі Қараханға сапары кезінде қапыда жылан шағып, қайтыс болған, Зеңгі баба мен Әнуар бегімнің ару қызы Айша бибі туралы айтылады. Содан соң Қарахан сүйіктісіне арнап керемет кесене салдырған.
Қарахан кесенесі (ХІ-ХІІ ғ.ғ.) Тараз қаласының орталығында орналасқан ортағасырлық рабад аумағындағы діни-мемориалдық кешенге кіреді. Ол Қараханидтер әулетінің көрнекті тұлғасының бірі Шах Махмуд Қараханға арналып салынған. Кесенені салушы шебердің аты-жөні тарихта сақталмаған. Алғашқы нұсқасы біздің заманымызға жетпеді. 1961 жылғы қазба жұмыстары кесенені сәндеу үшін 30-ға жуық түрлі терракоттар пайдаланылғанын анықтады. Қарахан кесенесінің қабырғалары патшалық кезеңнің кірпіштерімен өрілген. Кіре беріс маңдайшасында «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деген Құран сөздері өрнектелген.
Бабажы Хатун кесенесі Айша бибінің маңына орналасқан. Ол композициясы, құрылымы жағынан қарапайым. Күйдірілген кірпіштен салынған. Қабырғаларында сәндік безендірулер жоқ, бірақ сәулеттік құрылыстың жинақы әрі қарапайым ою-өрнектері үйлесім тапқан. Кесененің көркемдік пен сымбаттылық беретін призмалық барабанға орналасқан 16 қырлы конус жабыны – Қазақстан күмбездерінің ішіндегі ең ерекшесі. Қасбетінде «Бұл Бабажы Хатун қабірі… Оны салушы» деген жазулар бөлігі сақталған. Шебердің аты-жөні беймәлім.

Әлем сүйсінген Ақыртас

ХІV ғасырда Талас өзенінің оң жағалауында Тектұрмас кесенесі салынған. Ол діни орындардың бірі болған. Осы төбенің басында зороастризм, христиандық, мұсылмандық рәсімдегі зираттар орналасқан. Төбенің етек жағында ежелгі жерасты жолы және Талас өзені арқылы өтетін тас көпір болған. ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы атеистердің дінге қарсы саясаты кезінде көптеген тарихи-мәдени ескерткіштер толықтай немесе жартылай қирады. Тектұрмас кесенесінің тек 1880 жылдардағы фотосуреті ғана сақталған. Кесене формасы қарапайым. Аталған мекенге 2001 жылы археолог А.Итенов қазба жұмыстарын жүргізді. 2002 жылы алғашқы орнына жаңадан кесене тұрғызылды. Кесене жергілікті халыққа Тектұрмас атымен белгілі Сұлтан-Махмудхан жерленген орын ретінде мәлім. Ал Тектұрмас сөзі «тынымсыз орын» дегенді білдіреді.
Тылсымға толы Ақыртас сарай кешені (VІІІ-ХІІ ғ.ғ.) Тараз қаласынан шығысқа қарай 40 шақырым жерде, Ақшолақ темір жол стансасынан 6 шақырым оңтүстікте, Қырғыз Алатауының етегінде орналасқан. Ақыртас кешені 130 жылдан аса уақыт бойы зерттелген. Оған алғаш көңіл аударған орыс суретшісі – М.Знаменский. Ол 1864 жылы қаланың қирандысына барып, Ақыртастың панорамасы мен қабырғаларының бөліктеріне байланысты қызықты суреттер сызып қалдырған.
Аэрофото түсірілім көрсеткендей, Ақыртас құрылысы үш бөліктен тұратын алып құрылым бейнесінде жобаланған. Қазіргі құрылысы жартылай тұрғызылған нысанның шығыс жағы мен батыс солтүстігіне қарай тағы да екі алып құрылыс орны белгіленіп, алғашқы тұғыртас өлшемі жасалған. Міне, дәл осы тұста Египет мұнаралары мен сол маңдағы «Патшалар аңғары» еріксіз ойға оралады. Негізінен көлемді төрт бөліктен тұратын Ақыртас сарай кешенін «Шеберлер ауылы», «Хан ордасы», «Құмтас кешені» және «Ақыртас ғимараты» деп бөліп қарауға болады. Қазіргі кезде археологиялық және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазақ жерін мекен еткен көшпелілерінің негізгі шоғырланған аймағы – Шу өзенінің алқабы. Мұндағы түркі дəуірінің бірегей ескерткіштері – Меркі жəне Жайсаң ғұрыптық-мемориалды кешендері. Меркі ғұрыптық-мемориалды кешені Меркі өзенінің жоғарғы ағысындағы биік таулы альпілік шабындықта орналасқан. Ал Жайсаң кешені Меркі кешенінің солтүстігінен 120-140 шақырым қашықтықтағы Кіндіктас тауының солтүстік баурайының далалы бөлігінен орын тепкен. Аталған ескерткіштер ұзақ жылдар бойына Ə.Марғұлан атындағы археология институты «Түркі мұрасы» бөлімінің ғылыми қызметкерлері тарапынан зерттеліп келеді. Ғылыми ізденістер барысында XX ғасырдың 80-жылдарынан бастап ортағасырлық түркі тайпаларының əртүрлі типтегі ескерткіштері табылып зерделенді. Ол ескерткіштердің құжаттары жасалып, табиғи далалық ландшафтта қайта қалпына келтірілді. Жайсаң ғибадатханасын кешенді зерттеу жұмыстары 2001 жылдан бастау алды. 2008 жылы ғибадатханада 37 ғұрыптық-мемориалды кешен ашылды. Əрбір ғұрыптық-мемориалды кешеннің құрамында ондаған жерлеу орындары мен тас мүсіндер жартас беттеріне түсірілген суреттер мен рулық таңбалар бар. Кешен – туристер көп келетін нысанның бірі.
Тізімге енген ескерткіштердің барлығы лайықты таңдалып алынған және заманауи тұрғыда қайта жаңғыртылып, инфрақұрылымдары (ауызсу, жол, электр жарығы, сапар орталықтары т.б.) жасақталған тарихи-мұралар санатында. Сондай-ақ облыстың туризм кластерін құрап отырған ең негізгі, аса құнды жәдігерлер қатарында тұр.

Алмас МҰХТАРОВ,
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» ТМҚМ бөлім басшысы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support