- Advertisement -

Күн қашан жылынады?

100

- Advertisement -

Біраз күннен бері баршамызды әбігерге салған аяздың беті осы аптаның ортасынан бастап қайта бастайды. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының бас инженері Жанат Абзалиева облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен өткен брифингте мәлімдеді. Білім, денсаулық, жергілікті полиция, жылу беру, энергетика салаларының мамандары қатысқан жиында ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бас маманы Айгүл Шахабаева қыс мезгіліндегі қауіпсіздік ережелерімен таныстырды. Оның айтуынша, тұрғындар әсіресе аязды күндері ауа райы туралы ақпаратты жіті қадағалап отырғандары жөн. Мейлінше жылы киінген, аязды күндері алыс жолға шықпаған абзал. Жиында тұрғындардың жылыту пештері мен тұрмыстық жылыту құрылғыларын қолдану барысында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтап, төтенше жағдай орын ала қалған жағдайда 112 нөміріне хабарласуы керектігі де атап өтілді.
Облыс әкімдігі білім басқармасының бөлім басшысы Гүлзира Дәрібаева ауа температурасы 25 градустан төмен болған жағдайда ата-аналар сынып жетекшісіне ескертіп, балаларын мектепке жібермей қоюға құқылы екендігін еске салып өтті. Жалпы 23 қаңтардан бастап Мойынқұм ауданында, 25 қаңтардан бастап облыстың барлық аудандарында бастауыш сыныптарда оқитын оқушыларға сабақ уақытша тоқтатылған.
Облыстық ТЖД өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Мақсат Әкімбаевтың берген ақпаратына сүйенсек, соңғы уақытта өрт оқиғалары жиілей түскен. Қаңтар айының өзінде орын алған 36 өрт оқиғасынан 2 адам қаза тауып, 2-еуі әртүрлі дәрежедегі жарақат алыпты. Екі адамның өмірін алып кеткен екі жағдайда өрттің тұтануына азаматтардың мас күйде темекі шегуі себеп болған. Екі азамат газ баллонын дұрыс пайдаланбағандықтан жарақат алыпты. Тек 24-25 қаңтар аралығының өзінде 9 бірдей өрт оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан бір адам қаза болған. Өрттің тұтануының негізгі себептерінің бірі автокөліктерде жылыту құрылғыларын пайдалану болып отырған сыңайлы. Сондай-ақ облыс аумағында аязды күндері аяқ-қолы үсіген 5 адам тіркелген.
Табиғаттың тосын мінезіне тосқауыл жоқ. Сондықтан қыстың қатал сыншы екенін естен шығармағанымыз абзал.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support