- Advertisement -

Зиялы қауымның айтары бар

201

- Advertisement -

облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңірдегі зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының мәжіліс залындағы басқосу еркін форматта өтті.

Аймақ басшысы әулиеаталық зиялы қауымды ашық пікір алмасуға шақырды. Көкейкесті мәселелер қозғап, ұтымды ұсыныстар күтетінін атап өтті. Бұдан соң жазушы-драматург, облыстың Құрметті азаматы Елен Әлімжан сөз алды.
– Ел аузында «Әулиеатаға келген адамның жұлдызы жанып, бағы ашылады» деген тәмсіл, таным, түсінік бар. Сондықтан алдымен Әулиеата жеріне келген қадамыңыз құтты болсын! Көрші өңір болған соң, Оңтүстік Қазақстан облысындағы жағдаятты бақылап, көріп-біліп отырамыз. Ол жақта әдебиетке, өнерге деген ықылас ерекше. Шымқалада жасалған жұмыстар да жеткілікті. Оның көпшілігі бізде жоқ. Мәселен, бізде опера және балет, қуыршақ театры, цирк дегендер жоқтың қасы. Осындай олқы тұстарымыз баршылық. Дегенмен өңірімізде бірқатар жұмыстар атқарылғаны анық. Ел ішінде жүргенде көпшілік орта білімді өнер кадрлары тапшы екендігін тілге тиек етіп, осы түйткілді басшыларға жеткізуімізді сұрап жатады. Рас, біздегі жоғары оқу орындары кадр тәрбиелейді. Алайда оның дені мұғалімдер. Ілгеріде өңірде мәдени училище болғаны баршаға мәлім. Қазіргі таңда оның жұрнағы да жоқ. Сол себепті бізге бір өнер колледжі керек сияқты, – деген Елен Әлімжан өзге де мәселелерге қатысты ойын білдірді.
Ал жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулет Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында бой көтерген Керей мен Жәнібек хандар ескерткіші жайлы айтты. Маңызы зор нысан маңына ел тарихынан сыр шертетін композициялық туындылар салынып, толықтырылса, – деген тілегін жеткізді.
Мәдениет саласының ардагері, драматург Әлібек Әмзеұлы да бірқатар өзекті мәселелерді қозғады. Бұрындары «Мамандар үйі» деген болғанын айта келе, қазіргі таңда сондай ғимарат салудың қажеттілігі мен өзектілігіне тоқталып, оған мәдениет пен өнердің, әдебиеттің өкілдері орналасса, игі іс боларын тілге тиек етті.
Ал облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов өз сөзінде «Шахристан» маңынан мәдени-этнографиялық орталық салуды ұсынды. Аталған орталық бой көтерген жағдайда ғимарат ішіне концерт залын да, көркемсурет галереясын да, өзге де өнер ошақтарын топтастыруға болатынын ортаға салды.
Қаламгер Көсемәлі Сәттібайұлы ортағасырлық «Баласағұн» қалашығына жол салуды өтінсе, облыстық мәслихат депутаты Мейрамбек Төлепберген Ы. Сүлейменов көшесіндегі арықтарды реттеу керектігін жеткізді. Сонымен қатар, Оңласын Есіркепов облыстық филармонияға Кенен Әзірбаевтың атын беру туралы ойын білдірді.

Қоғам қайраткері Лидия Ахметова зиялы қауымның басын қосып, ашық пікір алаңына шақырған аймақ басшысына жылы лебізін айтты.
– Өңірге келе сала біздің басымызды қосып, сәлем беріп жатқаныңыздың өзі тектіліктің белгісі. Тек, жиналып қана қоймай зиялы қауымға құлақ түріп, солар арқылы халықтың мұң мұқтажына назар аударып отырсыз. Осындай кішіпейіл ізгі ниетіңізге біз қуаныштымыз, бұл халықтың игілігі үшін жасалып жатқан іс деп санаймын – деген, сексеннің сеңгіріндегі еңбек ардагері аналық ақ батасын берді.
Жиын барысында ТарМУ ректоры Махметғали Сарыбеков, ТИГУ ректоры Ерболат Саурықов, медицина ғылымдарының докторы Сейтхан Жошыбаев және өзгелер сөз сөйлеп, көкейтесті мәселелерін ортаға салды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Асқар Исабекұлы барлық басқарма басшыларының есебін тыңдағанын, онда қаптаған цифрларға емес, елдің көкейінде жүрген өзекті мәселелерге назар аударғанын айтты. Бүгінгі басқосуда айтылған мәселелердің дені сол сала басшыларының есебінде сөз болғанын жеткізді.
«Тараз – тұнып тұрған тарихтың ордасы. Қазақ хандығының 550 жылдық тойының Таразда өтуінің өзі көп нәрсені аңғартса керек. Сондықтан біз осы әлеуетімізді қаншалықты пайдаланып отырмыз? Тарих тек кітапқа түсіріп қана қоюмен шектелмейді. Біраз жұмысты атқаруды ойластыруымыз керек сияқты. Бюджетті қайта қарап жатырмыз, уақытты ұтымды пайдалану үшін қала келбетіне қатысты біраз шараларды да қарағалы отырмыз. Сіздер айтқан мәселелердің көпшілігімен таныспын. Оның үстіне қалалық кеңестің жұмысын ұйымдастырып, оны тұрақты түрде өзім өткізуді жоспарлап отырмын», – деген облыс әкімі көпке ортақ мәселелерді бірлесе шешуге дайын екенін атап өтті.
– Нақты жүйе жұмыс жасауы керек. Жүйе болса қай жерде болмасын проблемалардың туындамайтыны белгілі. Сондықтан сіздер айтқан мәселелерді саралап, шешімін қараймыз, – деген аймақ басшысы зиялы қауымға алғысын білдірді.

Табиғат Абаилдаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support