Оқушы тасымалына байыппен қараған жөн

12

Еліміздің «Білім туралы» заңында елді мекендерде мектеп болмаған жағдайда білім алушыларды таяудағы мектепке дейін және кері қарай тегін жеткізіп салуды ұйымдастыру мен оған кететін шығындар толығымен жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі деп жазылған. Шалғай ауылдарда бұл талап орындалып жатыр ма? Тасымал мәселесі қалай шешілген? Қоғамдық көліктердің техникалық жағдайы сын көтере ме? Осы сауалдарға жауап іздеп, бірқатар елді мекенді аралап көріп, жағдайды зерделеген едік.

Алдымен Қорағаты ауылдық округіне қарасты Еңбек ауылындағы Еңбек бастауыш мектебінің меңгерушісі Несіпхан Қоңырбаевқа жолығып, мән-жайды сұрадық. Оның айтуынша, ауылда мектеп жасындағы оқушылардың саны 72 болса, олардың 38-і Мойынқұм орта мектебіне қатынап оқиды екен. «Тиісті мекемелердің мамандарынан сұрағанымда, олар қоғамдық көліктердің жол жүру қашықтығы 5 шақырымнан асатын болса, жолаушылардың барлығы түгелдей орынмен қамтамасыз етілуі керек деген болатын. Айталық, біздің ауылдың өзінен 38 оқушы мен сол мектепте жұмыс істейтін 4 мұғалім Мойынқұм ауылына автобуспен барады. Барлығы 42 жолаушы. Бірақ бәріне орын жетпейді, тұрып баратындары да бар. Ал мектепке дейін 9 шақырым. Қоғамдық көлікке шамадан тыс жолаушы мінгеннен соң, қауіпті жағдай туындауы мүмкін ғой», – дейді мектеп меңгерушісі.
Бұл жағдай Қорағаты ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Серік Дәулеталиевке де жақсы таныс екен. Ол тасымалмен оқитын 57 балаға бір ғана көліктің аздық ететінін жеткізді.
– Ауылдық округке қарасты Жиенбет пен Еңбек ауылдарындағы мектеп жасындағы бала саны жылдан-жылға артып келеді. Ал көлік 30 орындық. Оқушылардың барлығы мектепке түрегеп емес, отырып барып-келуі керек. Біз осы жағдайды айтып, тағы бір автокөлік берулерін сұрап аудан әкімдігіне хат жолдағанбыз. Олар мүмкіндік болса, алдағы уақытта бұл мәселе шешімін тауып қалады деп жауап берді. Бұған дейін оқушылар тасымалдайтын автокөліктің жолдан шығып кетіп, бір оқыс оқиға орын алған болатын. Сол себепті балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оқушыларды қадағалауға бір мұғалімді бекіттік, – дейді Серік Рақышұлы.
Біз осы мәселеге қатысты ата-аналардың айтары бар ма, оны да сұрап білдік. Ұл-қызының амандығын тілейтін олар кей кездерде қатынап оқудың қиындық тудыратынын жеткізді. Мәселен, Еңбек ауылының тұрғыны Бақытгүл Игілікова ауылымыздағы мектеп бастауыш сыныптың оқушыларына ғана арналғандықтан, екі бірдей баламды Мойынқұм мектебіне жіберуге мәжбүрмін десе, Айна Қапалбаева есімді ата-ана балалар сабаққа бару үшін ұйқыдан тым ерте тұратынын айтады. «Оқушыларды тасымалдайтын автобус бізден кейін Жиенбет ауылының оқушыларын мектепке апаруы керек. Сондықтан бізге ерте келеді. Үлгермей қалсақ, күтпейді, балаларымыз сабақтан қалады. Оқу жылы басталғалы бір рет көлік қатынамай қалған жағдай да болды. Ондай кезде балаларымызды сабақтан қалдыруға тура келеді», – дейді ата-ана.
Шалғай елді мекен тұрғындарымен жүздескенде туындаған бірқатар сауалдар мен ата-аналардың өтініш-тілектерін аудан әкімінің орынбасары Ербол Аймамбетовке жеткізген едік. Оның айтуынша, аудан әкімдігі биылдан бастап 2012 жылы алынған 4 автобус пен өзге де тасымалдаушы көліктерді кезең-кезеңімен жаңартуды жоспарлап отыр екен. Ал Қорағаты ауылдық округіне қосымша автобус беру мәселесі ағымдағы жылдың жоспарына енгізілгенін мәлімдеді.
Жалпы ауданда 18828 бала мектепте білім алса, олардың 332-сі тегін тасымалға мұқтаж екен. Аудандағы 8 бірдей елді мекеннің жеткіншектері ауылдарында мектебі жоқ немесе мектептері талапқа сай келмейтіндіктен 7-8 шақырым жердегі көрші ауылдарға қатынап оқуға мәжбүр. Дәлірек айтқанда, Аң шаруашылығынан Шу қаласындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепке – 26, Бөген шаруашылығынан Бәйдібек ауылындағы М.Мәметова атындағы орта мектепке – 11, Көктөбе бекетінен Т.Әшімбаев атындағы орта мектепке – 8, Еңбек пен Жиенбет ауылдарынан Мойынқұм орта мектебіне – 51, Аспара бекетінен Тасөткел ауылындағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектепке – 54, Су қоймасынан Белбасар ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепке 12 оқушы күн сайын тасымалданады. Қатынап оқитын елді мекендердің арасында оқушылар санының көптігі жағынан Бірлік бекеті көш бастап тұр.
Бұл бекеттен Жаңақоғам ауылдық округіне тиесілі ПАЗ автокөлігі арқылы Көктөбе ауылындағы Жамбыл орта мектебіне күнделікті 155 оқушы тасымалданады. Ал қауіпсіздікті сақтау үшін небәрі 30 шақты адамға арналған қоғамдық көліктің күніне осы жерге 7 мәрте қатынайтынын да айта кеткен жөн. Жоғарыда айтқанымыздай, еліміздің «Білім туралы» Заңына сәйкес, қатынап оқитын оқушыларды көрші ауылдарға тасымалдау міндеті әр ауылдық округтің әкімдеріне жүктелген. Тек бір ғана көлік аудандық білім бөліміне тиесілі екен. Он екі адамға арналған бұл көліктің өзі Құмөзек бекетінен Шу қаласындағы мектеп-интернатына аптасына бір рет 15 оқушыны тасымалдауға беріліпті.
Иә, қалай десек те оқушыларды мектепке дейін арнайы көлікпен тасымалдау өркениетке сай келмесі белгілі. Осыдан алты жыл бұрын Шу ауданы бойынша қатынап оқитын мектеп оқушыларының саны небәрі жетпістің төңірегінде болса, бүгінгі күні бұл көрсеткіштің саны 332 балаға жетіп, бірнеше есеге артып отыр. Ал бұл көрсеткіш алдағы уақытта тағы да өсуі мүмкін. Сондықтан тасымалға қатысты түйткілдің түйінін тарқатудың жолын ертерек іздестірген жөн шығар.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.

микро займ на карту