- Advertisement -

Скринингтік тексерілу қатерлі ісіктің алдын алады

493

- Advertisement -

Қазақстан халқының өміріне қауіп төндіріп тұрған ауру түрлері бойынша онкологиялық аурулар екінші орынды иеленген. Алғашқы орында жүрек-қан тамыр аурулары тұрғаны белгілі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, қазіргі таңда жыл сайын обыр (рак) ауруына ұшыраған 10 миллионнан астам оқиға тіркеліп, 6 миллион адам осы аурудан көз жұмады екен. Аталған ұйым 2020 жылға қарай обыр ауруларының тіркелу көрсеткіші 15 миллионға жетіп, бақилық болатындар саны 10 миллионға өседі деген де болжам жасап отыр. Ал Қазақстанда обыр ауруынан жыл сайын 1500 адам көз жұмады.
Обыр – түрлі ағзаларда қатерлі ісіктердің пайда болуымен байланысты туындайтын аурулардың жалпы атауы. Соның ішінде ауру түрлері мен оны емдеу әдістері сәйкесінше әртүрлі болуы мүмкін. Көбінде ем аурудың қай сатыда болуына байланысты жасалады. Өзге аурулар сынды, бұл дертте де ауруды асқындырып алған жағдайда оның алдын алу қиындай береді. Соңғы жылдары онкологиялық аурулардың кең таралуына байланысты әрбір адам үшін алдын ала тексерілу мен үнемі медициналық тексеруден өтіп тұру қажеттілігі де өзекті бола түсті. Жалпы, обыр ауруына шалдығудың 80-90 пайызы қоршаған ортаның әсерінен деп саналады. Оның ішінде тамақтанудан 30-35 пайызы, темекі шегетіндердің 30 пайызы, жұқпалы агенттердің 17 пайызы, ішімдік ішетіндердің 4 пайызы, қоршаған ортаның ластануы әсерінен 2 пайыз және аурудың тұқым қуалауы бойынша 2 пайызы осы дертке шалдыққандар екен.
Жалпы халық арасында қатерлі ісік жайында қате пікір қалыптасқан. Олар мұны айықпас дерт деп қабылдайды. Бұл дұрыс емес. Қатерлі ісікті емдеуге мүмкіндік бар. Тек, бұл үшін тұрғындар медициналық тексеруден жиі өтіп, аурудың алдын алуға өздері де атсалысуы қажет. Егер де қатерлі ісік аурудың алғашқы кезеңінде анықталатын болса, онда науқас толық емделіп шыға алады. Дегенмен, айығып кетсе де олар үнемі дәрігердің бақылауында болуға тиіс.
Қатерлі ісікке қарсы күреске арналған ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бағдарламасы бар. Оған дәлел ретінде, Қазақстан бойынша соңғы жылдары онкологиялық ауруларға қатысты тегін скринингтік тексерулер өткізілуде. Әйелдердегі сүт безі қатерлі ісігі мен жатыр мойны ісігін алдын ала анықтау мақсатында тұрғындар арасында тегін скрининг өткізіліп тұрады. Осы скрининг арқылы әйелдер маммографиядан өтіп, гинеколог, онколог мамандардың кеңесін алады. Сырқат белгісі ерте анықталса, қатерлі ісікті емдеп жазуға болады. Скринингтің тиімділігі мынада – қатерсіз ісікті алдын ала анықтайды, оны емдемесе, қатерлі ісікке айналады. Жатыр мойны қатерлі ісігін 98-97 пайызға, ал сүт безі қатерлі ісігін 70 пайызға анықтау мүмкіндігі бар. Мысалы, сүт безі қатерлі ісігі алғашқы сатысында емге көнеді. Скрининг арқылы анықтағанда, ауруға шалдыққандар саны өсуі мүмкін, алайда оның нәтижесі жаман болмайды, сырқаттың алғашқы белгілері біліне бастаған кезде анықталғандар дәрігердің көмегімен айығып кетеді. Үстіміздегі жылы тексерулерге жататын мақсатты топтарға жас ерекшеліктеріне өзгертулер енгізілді. Атап айтқанда, сүт безі қатерлі ісігіне алдын ала тексерілу жоспарлы түрде 40 жастан 70 жасқа дейінгі «Д» есепте тұрмайтын әйелдер арасында әр екі жыл сайын өткізіледі. Жатыр мойыншағының қатерлі ісігіне 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер әр төрт жыл сайын өтеді.
Тоқ және тік ішек қатерлі ісігі ауруы әйелдермен қатар, ерлер арасында да кең таралғаны белгілі. Сондықтан нысаналы топқа 50 мен 70 жастағы тұрғындар тегіс жатқызылады. Және бір есте сақтайтыны, әрбір азамат 50 жастан бастап әр екі жыл сайын нәжістегі жасырын қанды тексеруден өткізуі керек. Бұл әдіс тоқ және тік ішек қатерлі ісігін ерте анықтауға мүмкіндік береді.
Скрининг дегеніміз – аурудың белгілері байқалғанға дейін ауруды анықтау мен емдеу. Адамдар арасында әлі белгілері жоқ ауруларды анықтау мен емдеу обырдан келетін өлім санын азайтуға мүмкіндік береді. Скринингтік тексеруден өтудің ешқандай зияны жоқ. Бұған халық үрке қарамай, керісінше тұрақты түрде тексерістен өтіп тұруға дағдылануы қажет. Себебі, ауруды алғашқы сатысында толық емдеуге болады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағиданы ұстанған абзал.

Айдар МҰҚАТАЕВ,
аудандық аурухананың бас дәрігері

Шу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support