- Advertisement -

Сенімге селкеу түспесін

136

- Advertisement -

«Ассалаумағалейкум!». Осыны достарыңа жібер. Мейлі өшіп тұрса да, қаншама жек көрсең де! «Ла иллаһа иллаллаһ Мухаммаду Расулаллаһ» деп 17 адамға жібер ертең жақсы сөз естисің. Алла үшін ерінбе, өтініш. Сенбегеннен 362 күннен кейін анасы қайтыс болыпты. Анаң үшін ерінбе! Түгел оқышы. Сен Аллаға сенесің бе? Сенсең Алла сенің махаббатыңды тауып береді. Сенбесең ертеңгі өмірің бақытсыз өтеді. Бұл тексерілген. Сенбесең тексер. Саған Аллаһтың нұры жаусын! Ең жақсы сөз – Алла! Ең жақсы әуен – Азан! Ең жақсы кітап – Құран. Ең жақсы іс– садақа беру. Ең жақсы қасиет – ораза ұстау. Ең жақсы әңгіме – уағыз айту. Ең жақсы төсеніш – жайнамаз. Ең жақсы дін – Ислам. Ең бақытты адам – мұсылман. Осыны бәріне таратуды сұраймын! Ертең бір жақсылық болады. 17 адамға тарат ренжіме. Маған да жіберуді ұмытпа Алла саған 5 нәрсе береді бүгін».

«УатсАптағы» бір досымнан келді осы хабарлама. Оқыдым. Жалпы хабарлама мәтінінің мазмұны түрлі ойға жетелейді. Осы тақылеттес хатпен бұрын мектепте оқып жүргенде де танысқан едім. Бір сыныптасымның қолыма ұстата салғаны. Оқыдым да хаттың талабы бойынша көшіріп жазып көбейтіп (ол кезде қазіргідей әлеуметтік желі жоқ), тоғыз адамға таратып жібердім. Балалық болса керек. Сол кезде хатта жазылғанның барлығына имандай сендім. Арамызда хатты қолмен жазғанға ерініп, таратпай қойғандар да болды. Бірақ, олар хатта айтылғандай, ешқандай қасіретке душар болған жоқ, әрине. Күні бүгінге дейін өмірден өз несібесін алып, бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Шүкір, Отбасы, ошаққасы аман. Бұл жолы мен хабарламаны он жеті адамға таратқан жоқпын. Оны жіберген жанға да қайтармадым. Өйткені, осыған бола босқа уақыт кетіру керек емес, бұл жай бос әурешілік деп шештім. Жүрегіңде иманың берік болып, жақсы ойлап, айналаңа жақсылық жасап, адал жүріп, ақ пейілді болсаң, Алла саған бес нәрседен де көп нығметті береді емес пе? Сонда біз Аллаға емес он жеті адамға жол тартқан хабарламаға сенуіміз керек пе? Жалпы мен мұндай хаттардың мазмұны жайлы бір ғана мысал келтіріп отырмын. Түрлі-түрлісін алдым негізі. Жолдағандардың арасында мектеп оқушылары да бар. Оларға менің бұрынғы қателігім сабақ болсын. Не болса соған сенім артпай, бірінші Аллаға, екінші өзіңе сенген жөн. Содан соң, алтын уақытты қадірлей білейік…

 

Фариза Әбдікерімова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support