- Advertisement -

Ауылда алаңдатарлық мәселе әлі де бар

99

- Advertisement -

Облыстық қан орталығында өткен брифингте облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымов елді мекендердегі тұрғындардың медициналық көмекпен қамтылуы көрсеткішіне тоқталып, саладағы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Хамит Саттарқұлұлының сөзіне сүйенсек, 2016-2017 жылдары аралығында облыста құны 4 193,7 миллион теңгені құрайтын 18 денсаулық сақтау нысаны бой көтерген. 323,3 миллион теңгеге 11 нысан күрделі жөндеуден өтіпті. Өткен жылы дәрі-дәрмек сатып алуға 1,6 миллиард теңге бөлінсе, 1,55 миллион теңге медициналық құрал-жабдықтар және санитарлық көліктер сатып алуға жұмсалған екен.
Елді мекендердегі медициналық көмектің сапасын әрі қолжетімділігін арттыру бағытында көптеген ауқымды шаралар атқарылып жатқанымен, әлі де өңірде маман тапшылығы мәселесі толық шешімін тапқан жоқ. Атап айтсақ, денсаулық саласына 40 маман жетіспейді екен. Бүгінде ауылдық жерлерде 1062 дәрігер, 4436 орта буын қызметкер жұмыс атқаруда. 2017 жылы облысымызға келген 121 маманның 94-і ауылға жіберілген. Оның 64-іне 800 мың теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек берілген. 9 жас маман тұрғын үй алу үшін несие алса, Жуалы ауданында – 2, Мойынқұмда – 1, Таласта 1 маман пәтермен қамтылыпты.
Медициналық көмек көрсетуге арналған жылжымалы жедел жәрдем көлігінің саны да артып, үшеуге жеткен. Жоғары және бастапқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттырудың арқасында облысымызда нәресте өлімі өткен жылмен салыстырғанда 1,2 пайызға төмендеген. Дегенмен, жүректің ишемиялық ауруларының өлім көрсеткіші Т.Рысқұлов, Меркі, Талас ауданында жоғарылай түскені алаңдатады. Сондықтан облыстық аурухананың дәрігерлері өңірдегі 25 елді мекенді аралап, 5955 тұрғынды медициналық тексеруден өткізіп, арнайы кеңес беріпті.
Брифингте Мойынқұм аудандық аурухананың бас дәрігері Жайдар Айтишев ауданның елді мекендерінің 80 пайызы таза ауызсумен қамтылғанын қозғап, оның тұрғындар денсаулығына оң әсері барын айтып өтті. Қордай аудандық аурухананың бас дәрігері емдеу мекемесіне Зәуреш Қадырбаева 8 миллион теңгеге жаңа медициналық қондырғылар сатып алынғанын тілге тиек етсе, Жамбыл аудандық ауруханасының бас дәрігері Алтай Саурықов облыс орталығының іргесіндегі ауданда дәрігер тапшылығы жоқ екенін, биыл жұмысқа қабылданған 14 жас маманға барлық қолдаулар көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.
Брифингке қатысушылар БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға жан-жақты жауап қайтарды.

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ,
журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support