- Advertisement -

Өнімін экспортқа өткермек

238

- Advertisement -

Құрманбек ӘЛІМЖАН,
«Ақ жол».

IMG_8229Елбасы еліміздің агроөнеркәсіп саласы алдына азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өндірілген өнімнің экспорттық әлеуетін арттыру міндетін алға қоюмен келеді. Оны жүзеге асыру үшін ет бағытындағы ірі қара малын өсірушілер санын еселеу, жалпы мал шаруашылығын табысты жүргізу мақсатында «Бизнестің жол картасы-2020», «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Ырыс» бағдарламалары түзілген болатын. Етті ірі қара өсірудің кең көлемді жобасы жүзеге асырылып, өңірде бірқатар бордақылау алаңдары, репродукторлық, фермерлік шаруашылықтар құрылды. Солардың бірі – «Медет» шаруа қожалығы бүгінгі таңда облыстағы экспортқа бағытталған асыл тұқымды етті мал өсірумен айналысатын санаулы агроқұрылымдардың қатарында.
Оның бүгінде 2700 бас еділбай қойы, 200 жабы жылқысы және 750 қазақы ақ бас сиыры өсімге қойылған. Негізінен қазір Ноғайбай ауылдық округіндегі Жалаңаш, Қосқайнар, Қашқын аталатын күздеу, қыстауларда бағылып жатқан бұл малдың барлығы асыл тұқымды. Онда шабындығы мен жайылымын қосқанда, жеті мың гектардан астам тәлімі жер, қоражайлар бар. Ал, Степное ауылдық округіне қарасты Арал ауылындағы жабық базаларда қазір 2500 бас ірі қара бордақыда тұр. Жаңа жылға дейін мұнда бір мезгілде семіртілетін мал саны үш мың басқа жеткізілмек. Қожалық бұл жерден биыл мың тоннаға дейін сиыр етін өндіріп, сатуды көздеп отыр.
Кеңестік кезеңнен қалған Георгиевка кеңшары тауарлы-сүт фермасының орнында жаңа кешен бой көтерген. Ескі фермадан екі баз, бұрынғы сүрлем орлары, жемшөп қоймасы тигені болмаса, басқаның бәрін соңғы жылдары қожалық басшысы Кенжебай Тілеубердиев өз қаражатына жаңадан тұрғызды. Әрқайсысы 750 басқа арналған, қабырғалары қалың, едені бетондалған, қымталған шатырлы жаңа төрт баздың үшеуінде мал бордақыланып жатыр. Ұзынынан төрт қатарда байланған бұқаларға азық арнайы жабдықталған шағынтрактормен таратылады, су алдындағы астауға түтікпен беріледі. Көңі қолмен тазартылып шығарылады. Мұндағы семіртіліп жатқан малдың арасында тірідей салмағы, тіпті, бір тоннадан асатын ірілері де кездеседі екен. Осылай қоңдылығы жеткендері шетінен етке жіберіліп, орнына жас бұқашықтар әкеліп қойылуда. Бас-аяғы 400 миллион теңгеге салынған бұл мал бордақылау кешеніне жұмсалған қаражаттың 30 пайызын мемлекет субсидия түрінде өзіне қайтарып берген. Өткен жылы төрт жүз тонна етінің сату ақысынан бөлек, мемлекеттен 60 миллион теңге субсидия да алған.

Мұнда малды байлаусыз жіберіп семіртуге арналған бір ашық баз да салынған. Онда алты айдан асқан бұзаулар еркін өсірілуде. Бір жастан кейін олардың еркегі бордақыға алынып, ұрғашылары тауға өсімге жіберіледі. Өткен жылы өз сиырларынан екі жүзге жуық бұзау алыныпты. Бірақ, шаруашылық өз төлі есебінен ғана мал санын еселеп, ойға алғанды толық жүзеге асыруға көп уақыт керек болғандықтан, мемлекеттің көмегіне сүйенуде. Осыдан үш жыл бұрын «Медет» шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасымен 18 миллион теңгеге 120 бас ірі қара малын сатып алған болса, өткен жылы тағы 250 сиыр сатып алуға 45 миллион теңге несиеге қол жеткізген. Несие шарты бойынша әр сиырды 180 мың теңгеден сатып алу белгіленсе, өсірген малының кейін еселеп өнім беретін асыл тұқымды болуын қалайтын Кенжебай оның үстіне өз қалтасынан қаражат қосып, әрқайсысы 310 мың теңгелік бір жастан асқан асыл тұқымды жүз құнажынын сатып алыпты. Енді қалғанын да солай таңдап алмақшы. Бұған қоса оның бордақылау алаңдары мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасымен мал алған қордайлық әріптестерімен қатар, облыстың өзге аудандарының бірқатар шаруашылықтарынан несие шартымен әкелінген малмен де толығуда. Бордақылау кешенінде бір мезгілде семіртілетін мал санын үш мың басқа жеткізудің осындай жолдары қарастырылып отыр екен.
Бұрын семіртілген мал негізінен Алматы қаласының базарларына шығарылатын. Биылғы жазда ауданда «Первомайские деликатесы» ЖШС қасапханасы жұмыс істей бастағалы өнімді өткеру жеңілдеген. Бұрынғыдай малды көліктерге тиеп жол машақатына – бір, делдалдарға – екі шығынданып жатпастан, жақын жердегі қабылдау орнына малды айдап апаруға болады. Өнімнің жоғары сапасын бірінші кезекке қоятын шетелдік сатып алушыларға экспорттық өнім шығаруға да «Медеттің» жағдайы келіп тұр.
Ал, осыншама мал басын, оның үстіне бордақыдағы малды құнарлы жемшөппен үзбей қамтамасыз ету оңай емес. Қожалық мал азығының 90 пайызын сырттан сатып алады. Сырт болғанда айналадағы жемшөп өсіретін өзге әріптестерінің өнімдері. Мәселен, биыл 2,5 мың тонна сүрлем, 110 мың тай пішен, жүздеген тонна жем сатып алған. Сондықтан, өздерінің жемшөп базасын құруды көздеп отыр. Қожалық иелігіндегі 250 гектар жүгеріліктің өнімі түгел сүрлемге салыныпты. Бірақ, бұл жемшөпке жұмсалатын шығынды азайтуға бәрібір аздық етеді. Кемінде тағы да 400 гектар суармалы егістігіміз болса дейді К. Тілеубердиев. Аудан басшылары көмектесуге уәде беріпті. Болашақта тек мал семіртумен ғана шектеліп қалмай, біраз өнімдерді өздері дайындап шығаратын шұжық және қалбырлау цехтарын, жабдықталған мал сою орнын аша отырып, экспортқа дайын өнімдер шығару да ойда бар көрінеді.
Ірі сөйлеп, ірі өлшеп-кесетін, малдың да асыл тұқымды ірісін өсіруге маманданған Кенжебай Тілеубердиев сынды кәсіпкерліктің құлағында ойнаған азаматтардың еңбегі еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, экспорттық әлеуетін арттыруға сүбелі үлес болып қосылатынына сенім мол.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support