- Advertisement -

Ізгілік туған жерге жанашырлықтан басталады

431

- Advertisement -

Тараз

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бүгінде көпшілікке түсіндіріліп, аудан, ауыл-дарда қызу қолдау тапқаны белгілі. Негізгі алты бағыты арқылы сан саланы қамтыған Көшбасшы мақаласының мазмұны өте терең екенін күн өткен сайын сезіне түсудеміз.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын қолдау мақсатында өңірімізде «Туған жерге туыңды тік!» акциясы бастау алды. Осыған орай қалалық Мәдениет үйінде «Менің қалам!» атты патриоттық іс-шара ұйымдастырылды. Жиынды Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет сөз сөйлеп ашып, Елбасы мақаласының құндылығына, патриотизмнің ең биік үлгісі туған жерді түлетуден, оның тарихы мен бүгінгі болмысын құрметтеуден басталатынын айтты. Шаһар басшысы Жамбыл топырағынан шыққан талантты тұлғалардың есімін атай келіп, дарынды ұлдар өлкеге мақтаныш екенін сөз етті. Сондай-ақ, ол Тараздағы белгілі кәсіпкерлерді облыс орталығын көркейтуге, абаттандыруға, көп қабатты үйлердің алдын, көше, алаңдарды жаңартуға үлес қосуға шақырып, шараның өту барысына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, шарада LED-экран арқылы облысымызға танымал тұлғалар Елен Әлімжан, Мейрамбек Төлепберген, Дария Қожамжарова, Қаржаубай Бекболатов, Парида Мамедова, Эльмира Мырза-Ғали сынды зиялы қауым өкілдері Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласы төңірегінде ой қаузап, руханият көшіне жетелер тың бастама екендігін алға тартты.

Акция барысында Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев сөз алып, қалалық мәслихатының 6 депутаты (Руслан Кан, Нариман Мәуленов, Талғат Мананов, Айдар Дузанов, Шамбылхан Үсенбаев, Жұмабек Бөлекбаев) өз қаражаты есебінен 15 миллион теңгеге қалаға қажетті нысандар құрылысын жүргізуге атсалысатынын айтты. Сонымен қатар, «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры Мұқаш Ескендіров жастардың уақытын тиімді өткізуі мақсатында спорт алаңшаларын соғып беруге даяр екенін білдірсе, «Бином» ЖШС-ның атқарушы директоры Қуат Баққараев мұқтаж азаматқа 1 пәтердің кілтін табыс етуге уәде берді. Сондай-ақ, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов бес миллион теңгеге 5 студентті шәкіртақымен қамтамасыз ететінін, «Тараз» футбол клубының қосалқы 8 ойыншысына 8 миллион теңге шәкіртақы тағайындайтынын айтты.
Акцияда қаламыздың жас өнерпаздары «Таразым менің», «Қазағымсың», «Қазағым-ай», «Халқым-ай», «Туған жер», «Өз елім», «Қазағым» секілді жүрек тербер әндерден шашу шашты.
Осы күні Елбасының бағдарламалық мақаласы аясында «Ауылым – алтын бесігім» атты акция барлық аудандарда жалғасын тапты.

Байзақ

Байзақтықтар да Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында «Туған жерге – туыңды тік!» жобасына барынша атсалыспақ ниетте. Аудан орталығындағы әл-Фараби атындағы Мәдениет үйінде өткен «Ауылым – алтын бесігім» атты аудандық форум барысында оған нақты көзіміз жетті.
Осы өлкеде туып-өскен, бүгінде елге танымал азаматтар мен кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары жетекшілерінің ауданның әлеуметтік тұрғыдан дамуына үлес қосып, атсалысуға шақыру мақсатына негізделген шара аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, кітап көрмесі, бейнелеу өнері туындыларының көрмесі әзірленді.
Залға лық толған көпшілік алдымен аудан туралы түсірілген арнайы хабарды үлкен экраннан тамашалап, өз өңірлерінің жетістігі мен туған жердің қасиетіне тағы бір бойлағандай болды. Одан соң аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев сөз алып, туған жердің қадірі туралы тебірене сөз қозғады.
– «Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтып өткені баршаңызға белгілі. «Туған жерге туыңды тік!», – деп Елбасы айтқандай, туған жерге қолдау көрсету мен қолұшын беру, ел-жұрт алдындағы парызды түсінудің мәні зор» – деген Рахматілдә Сегізбайұлы осы уақытқа дейін ауданның дамуына зор үлесін қосып, өз қаражатына ауылдарға балабақша, спорт кешенін және өзге нысандар салып беріп, өзге де халық игілігіне қызмет ететін мекемелерге жөндеу жұмыстарын жүргізуге атсалысқан жергілікті кәсіпкерлердің есімдерін ерекше атап, оларға аудан халқының атынан алғысын білдірді. Сондай-ақ, ауданның рухани өркендеуіне септесіп жүрген белгілі қаламгерлер мен өнер иелерінің де аттарын құрметпен айтып өтті.
Бұдан соң форумға арнайы келген даңқты спортшы, грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров сөз алып, өзінің туған жері – Байзақ ауданы, Тегістік ауылында қымбат сәттері өткенін айтып, сол бір кездерді сағына еске алды. «Ендігі кезекте туған жеріме өз пайдамды тигізсем деймін», – деген ол Дихан ауылына спорт кешенін салып беруге уәде берді.
Сахнаға көтерілген облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов өткен сенбіде облыс аумағында ұйымдастырылған «Бір сәби – бір ағаш» акциясы мен бүгінгі форумның маңыздылығына тоқталып, осынау шараның қорытындысы бір жылдан соң облыс орталығы Тараз қаласында өткізілетінін айта келе, форум жұмысына сәттілік тіледі.

ТАЛАС

«Туған жерге туыңды тік!» акциясы Қаратау қаласындағы Ұлбике ақын атындағы Мәдениет орталығында да өтті. Оған қала және ауылдардан шаруа қожалықтарының төрағалары, кәсіпкерлер, жергілікті қаламгерлер, аудандық мәслихаттың депутаттары, ірі өндіріс ошақтарының өкілдері және ауыл әкімдері осы өңірден шыққан басқарма басшылары қатысты.
Жиынға қатысушыларды Талас ауданы әкімінің орынбасары Кәдірбек Садубаев құттықтап, Елбасының бастамасымен Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету мақсатында рухани жаңғырудың ең өзекті мәселеге айналып отырғанын жеткізді. Ол өз сөзінде туған жерге қал-қадірінше қолұшын беріп демеушілік жасап жүрген мемлекет және қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, Гүлмира Исімбаева және тағы да басқа жергілікті кәсіпкерлердің: облыстық мәслихаттың депутаттары Б.Алдашов, М.Сәрсенов, аудандық мәслихаттың депутаттары А.Төлебаев, Р.Сейдалиев, Х.Омаров және басқалардың есімдерін мақтанышпен атады.
Мерекелі көңіл-күйде өткен жиында алғаш сөз алған «Алашбай – Тәжібай» шаруа қожалығының төрағасы Марат Алашбай рухани жаңғырудың өз ісіне ерекше серпін беріп отырғанына тоқталып, туған жерінде еңбек етіп, демеушілік жасап жүргенін сөз етті. Аудандық мүгедектер қоғамының төрайымы Е.Цой әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына үнемі қолын созып келе жатқанын, оның адамшылықтың ізгілік қасиеттеріне бастайтынын баса айтты. Есейхан ауылынан шыққан кәсіпкер, «Тараз Құрылыс Дизайн» ЖШС басшысы Нұрғазы Бекбергенов өткен жылы өз қаражатымен мешіт үйін соққанын, биылғы жылы спорт алаңын соғуға ниеттеніп отырғанын, ауылдан шыққан талантты бір білімгердің жоғары оқу орнына кететін шығынын көтеріп отырғанын айтып, әріптестерін туған жерге қолұшын беруге шақырды. Кәсіпкер Талғат Дуанбек жыл сайын 16 отбасын жұмыспен қамтып отырғанын жеткізді.

САРЫСУ

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аясында «Туған жерге туыңды тік!» атты акция Ықылас Дүкенұлы атындағы Мәдениет орталығында да ұйымдастырылды.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Динара Асанова ашып, акция барысына сәттілік тіледі.
Аудандағы ірі кәсіпорын – «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені еңбеккерлері де рухани жаңғыру іс-шараларына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан ұжым. Аталған кешеннің басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Мұратғали Сәрсенов туған жерді түлету – бірдің емес, мыңның міндеті екенін еске салды.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Құдайберді Әбілов, «ЕуроХим» ЖШС-ның өкілі Юрий Георгиади өз сөздерінде әр ауылдың, қаланың түлеуінің негізі ынтымақ пен бірлікте жатқандығын тілдеріне тиек етті.
Туған жерге тағзым етіп, түлету – перзенттік парызы. Ескі ғимараттарды жаңарту, әлеуметтік нысандар салу, аймақтық инфрақұрылымдарды, жаңғырту мемлекеттік бағдарламаның негізгі қамтитын мәселесі. Ауданда «Туған жерге ту тіккен» кәсіпкерлер қатарында: Айтуған Рыспанов, Дәулет Жанбаев, Сейдмұхамед Абдималиков, Шыңғыс Әбдірахманов, Мұрат Төлепбеков бастаған азаматтар бар. Сондай-ақ, акция кезінде ауданның көркеюіне және рухани дамуына атсалысқан бір топ азаматтардың есімдері де аталып, оларға құрмет көрсетілді. Жүрегі елім деп соққан әр азамат «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосуы керек. Туған жерді қастерлеп сүюге, туған жер қадірін арттыруға өз үлесін қосып жүрген азамат, облыс әкімдігінің дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров акцияға қатысушыларды патриоттыққа шақырып, аймақтың өсіп-өркендеуі үшін үлес қоса беріңіздер деген тілегін білдірді.

ҚОРДАЙ

«Ауылым – алтын бесігім» облыстық акциясы аясында аудандық Мәдениет үйінде іс-шара өтті. Жиынды ашқан аудан әкімі Болатбек Байтөле Елбасының: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деген сөзінен ой сабақтап, әр адам үшін ол өзі кейін қайда жүрсе де жүрек түбінде кіндік қаны тамған, балалық бал дәурен шағы өткен жеріне деген іңкәрлік сезімі сақталатынын айтты.
– Мейлі ол үлкен ғалым, мемлекет қайраткері, тасы өрге домалаған бизнесмен, спортшы болсын туған жерін ұмытпайды, қолынан келгенше жақсылығын жасауға тырысады. Елбасы, міне осындай туған жерлеріне қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керектігін алға қойып отыр, – деген әкім осы тұрғыда Қордай өңірінде бұрыннан бар, қазір қолға алынып жатқан игі мысалдарды келтірді. Мәселен, бизнесі Шымкентте болса да туған ауылы Қаракемерде жерлестері үшін мешіт, балабақша, спорт кешенін салып берген Қайрат Молдасейітовті ешкім бұған міндеттеген жоқ. Ол жүрек қалауымен, туған жерге деген сүйіспеншілігімен осыған барды. Немесе Бетқайнар ауылдық округіндегі «Алмаз» шаруа қожалығының басшысы Жұмабек Есжиғанов ауыл шетінде бұрын ешкім аяқ баспайтын сазды көлшікті тазартып, айналасын құрғатып онда қайықпен жүзіп, балық аулап, кішігірім той-томалақ өткізуге болатын көзтартарлық демалыс орнын ашты. Ол сияқты, Асқар Жұмабаев орталық саябаққа спорттық тренажерлер орнатып, Сәрсебек Салыбаев жағдайы төмен төрт жанұяға тұрғын үй салып берген. Қаракемер ауылынан «Нұрсұлтан» ШҚ басшысы С.Бақаев аз қамтамасыз етілгендер үшін екі тұрғын үй салса, Ш.Иманбаев та осындай құрылысты бастаған. Ауданның сыртта жүрген бір топ қалталы азаматтарының күшімен былтыр Алматы-Тараз автожолының Отар қиылысында Өтеген батыр, Кебекбай, Ноғайбай би-шешендер, ұлы композитор Кененге ескерткіш-мемориал орнатылды. Сол сияқты, Қақпатас ауылында А. Көпешов пен степнойлық Ж. Оспанов туған ауылдарында жекеменшік балабақшалар құрылысын жүргізуде. Мұндай мысалдар Елбасының шақыруынан кейін жарасымды жалғасын табары анық.
Соның айғағындай, жиын барысында көрнекті ғалым, биология ғылымдарының докторы А. Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің профессоры Базарбек Бектұрғанов өз әулеті атынан кіндік қаны тамған Қасық ауылында спорт кешенін салуға, кәсіпкер Бақыт Сегізбаев Кенен ауылында демалыс саябағы, балалар бақшасы, монша, тағы басқалар салып туған ауылын көркейтуге атсалысуға уәде берді. Былтыр ғана аудан орталығында өз қаражатына балалар бақшасын ашқан жас кәсіпкер Дәурен Райымқұлов болса енді отыз миллион теңгеге жастар демалыс орнын, кәсіпкер Сәрсебек Салыбаев аудан тұрғындары үшін этноауыл, «Болашақ» ықшам ауданында саябақ салып, тіпті, жағдайы төмен отбасыдан бір бозбаланың үйлену тойын тегін өткеріп беріп, «Флагман» сауда үйінің басшысы Шахманалы Жылқыбеков аудан жастары үшін қазақша күреске баулитын арнайы спорт кешенін салып, көкөніс қоймасы бар жылыжай кешенін ашпақшы. Жалпы, бүгінгі күнге «Туған жерге туыңды тік» акциясы аясында жалпы құны 447 миллион 900 мың теңгеге бағаланған жобалар ұсынылды.
Акция барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүрген кәсіпкерлерге аудан әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды.

МОЙЫНҚҰМ

Аудандық Мәдениет үйінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясында «Туған жерге туыңды тік!» тақырыбында акция өтті. Жалпыұлттық патриотизмді қалыптастыруға, өзінің туған жеріне, өңіріне деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған акцияға Тәуелсіздік жылдары туған жерін түлетуге көп үлес қосқан белсенділер жұмылдырылды. Салтанатты шараны аудан әкімі Бақытжан Нүркенов ашып, акцияға сәттілік тіледі.
Бұдан кейін сөз алған облыстық жер инспекция басқармасының басшысы, ауданның тумасы Серікбай Тапеев «Туған жерге тағзым» акциясының жер-жерде жүргізіліп жатқанын, туған жеріне келіп тұрғанына қуанышты екенін, аудан орталығындағы Ж.Жабаев атындағы мектептің түлегі екенін айтып, алдағы уақытта ауданның әр мектебіндегі оқушыларға, мамандық таңдау жолында жол сілтеп жәрдемдесіп тұруға уәдесін берді.
Ауданның Құрметті азаматы Нұркүл Оспанбекова: «Мойынқұмдық бауырларым, жерлестерім, ауылға келген сайын жүрегім лүпілдеп аузымыздан шығып кете жаздайды. Мен бұрынғы Көктерек, қазіргі Бірлік ауылында дүниеге келгенмін. Мүмкіндігім келгенше туған жерімді қолдай беремін» деді. «Ерен еңбегі» медалінің иегері, кәсіпкер Орақ Піралиев Ақбақай орта мектебінің жылу орындарын жаңалап, ондағы 400 шаршы метр кітапхананың іші-сыртын және мектеп қоршауын заман талабына сай етіп өз қалта қаражаты есебінен жөндеп берген. Былтыр қатты желдің тұруы әсерінен зардап шеккен Шығанақ орта мектебінің жел ұшырып кеткен шатырларын Орақ мырза 5 миллион теңгеге жөндеп бергені бар. Осыдан 7-8 жыл бұрын 24 миллион теңге қаржыға өзінің туған ауылына 230 адамдық асханасы бар мешіт салып берді.
О.Піралиев жиынға қаты-сушыларды туған жерді ардақтауға шақырды.
Бұдан кейін сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаев Мойынқұм талай мықтының тұсауын кескен киелі жер екенін айтып, сырттан келген жерлестеріне үлкен алғыс білдірді. Жылда мойынқұмдық 4 адамға грант бөлетін Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры, ауданның Құрметті азаматы Ерболат Саурықов және Елбасымен әртүрлі алқалы жиындарда жеті рет кездескен кәсіпкер «Елбасымен жеті рет жүздесу» деп аталатын естелік кітаптың авторы, айтулы кәсіпкер Сәуле Рысбаеваның өмірбаяндары слайд арқылы экраннан көрсетілді. Ерболат Байұзақұлы Құралай сұлу кесенесіне 1 миллион теңгеден астам қаржы жұмсап, қайта жаңарту жұмыстырын жүргізген. Ы.Алтынсарин атындағы мектепті күрделі жөндеу жұмыстарынан өткізуге ықпал жасаған. Алдағы уақытта өзінің туған ауылына мешіт, жасанды футбол алаңы, жастар аллеясы, жазғы концерттік алаң салуды және «Жаңғырған ауыл» жобасын іске асыруға атсалысқалы отыр.
Іс-шара соңында Орақ Пірәлиев, Абылай Сансызбаев, Рахман Алшановтар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Аудан әкімі облыс әкімдігінен келген өкілдерге рахмет айтып, тұрғындарға өндіріс басшыларымен кездесіп, оларға Елбасы мақаласы аясында ауданның қазба байлықтарын пайдаланып отырған соң, алдағы уақытта акцияға атсалысуларына ұсыныс жасағанын айтты.

МЕРКІ

Республика бойынша бір күнде, бір сағатта өткізілген «Ауылым – алтын бесігім» атты мазмұны да, маңызы да үлкен іс-шара Меркі ауданында, төрт жүз көрермен сиятын аудандық Мәдениет үйінде өтті. «Рухани жаңғыруға» салиқалы оймен, сындарлы көзқараспен қарау, бағдарламалық мәні зор мақаланың басты мақсатын аша түсу үшін өткізілген кездесуді Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков сөз сөйлеп ашты. Мұнан соң Меркі ауылында 1942 жылы дүниеге келген азамат, Меркі ауданының, Фонтебль (Франция), Луиевилл (АҚШ) қалаларының Құрметті азаматы» ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Тәуелсіз Тарлан», «Алтын астық – 2004», «Алтын адам – Жыл адамы» фестиваль-конкурстарының, Қазақстан журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлықтарының иегері Мұрат Әуезов сөз сөйлеп, көпшілікке өзінің ықыласын арнады.
– Меркінің менің мерейлі туған жерім, биік жұлдызым. Меркінің таза суының, ауасының өзіндік ерекше қасиеті бар. Жібек жолы бойындағы мәдениеті, саудасы дамыған орталық тарихы терең, рухы жоғары, киелі жер,– деді М.Әуезов. Одан әрі ол «Рухани жаңғырудың» шынайы мақсатын ашып көрсетіп, жастарды, мектеп оқушыларын, баршаны сапалы білім алуға шықырды. Жаңаруды әр адам өзінен бастау керектігін баса айтты.
Одан соң облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов, журналист-баспагер Қалдыгүл Әкімжанқызы, «Сыпатай батыр» серіктестігінің директоры Қанат Шайхиев сөз сөйледі.
Қанат Кеналыұлы Сыпатай батыр ауылындағы үлкен, спорт кешені болуға лайықты асхананы аудан, ауыл спортшыларына тегін беретінін мәлімдеді.
Басқосу одан әрі аудандық тарихи-өлкетану музейінде жалғасып, Мұрат Мұхтарұлына арналған бұрыштың ашылу салтанаты мен «Времен связующая нить» және қазақ тіліндегі «Ділім» кітаптарының тұсаукесеріне ұласты.
Сол сияқты қадірлі қонақтар «Бір сәби – бір ағаш» қағидасы бойынша №9 Савва атындағы орта мектеп бағына тал екті.

n ШУ

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясында «Туған жерге туыңды тік!» ұранымен республика көлемінде бір уақытта акция өткізілді. Аудандағы ауқымды көлемде ұйымдастырылған шараға облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов пен өңіріміздің көркеюіне сүбелі үлес қосып, жақсылық жасаудың жаршысы болып жүрген жомарт жандар шақырылды. Шара барысында алғашқы болып сөз сөйлеген аудан әкімі Қайрат Досаев бұл жобаның маңыздылығына тоқталды.
Мемлекет басшысы «Туған жерге туыңды тік!» деп бекер айтпаған. Расында, бұл кіндігімізге байланған, қимасымызға айналған, адамдықтың бесігі, адалдықтың есігі, көңілдің көбесі, өнегенің өресі – ауылды ұрпаққа ұлықтап, тұрғындардың патриоттық сезімдерін оятатын ілкімді жоба. Осы бағдарлама аясында ауданда «Жан жылуы» атты қайырымдылық жобасы ұйымдастырылып, 1 миллион 920 мың теңге қаражат жұмсалып, 384 адамға қайырымдылық көмек көрсетілді, – деді аудан басшысы.
Келесі кезекте Шу ауданының жылдан-жылға дамып, өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген жомарт жандар мінберге көтеріліп, өскен өлкелеріне сіңірген еңбектері туралы айтып өтті. Осы ретте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Абылай» шаруа қожалығының басшысы, қайырымдылық шараларымен тұрақты айналысып, жыл сайын қыстық отынмен, азық-түлікпен кемінде 200 адамға қолұшын созып жүрген Қазақбай Байжұманұлы осы күнге дейін көрсетілген көмектерді айтып өтіп, аудандағы ардагерлердің де осындай қайырымдылық іске белсенді атсалысқандығын жеткізді. Сол секілді мұқтаж жандарға жанашырлық танытып, ауданның беделін арттыруға сүбелі үлес қосып жүрген «Kaz-Ir-Agro» ЖШС бас директорының орынбасары, кәсіпкер Марина Фетисова шулықтардың игілігі үшін атқарылатын алдағы жоспарымен бөліссе, Қазақстан республикасының білім беру ісінің үздігі, белгілі тарихшы Тұңғышбек Байқұлов «Әулиеата өңіріндегі ашаршылық» атты кітабын жарыққа шығарып, оның мың данасын облыс және аудан кітапханаларына табыс еткендігін жеткізді. Ал, Ескі Шу ауылдық округі, Белбасар ауылының тумасы, бүгінде Алматы қаласындағы «Шебер Билд» компаниясының директоры, Белбасар ауылындағы жасанды жамылғылы заманауи футбол алаңын және «Сауранбай ата» мешітін салған, меценат Болат Сауранбаевтың атынан шыққан «Шебер-Invest» компаниясы директорының орынбасары Медет Егзеков ендігі кезекте «Сауранбаев» спорт алаңының жанынан еуростандартпен спорт кешенін салу көзделіп жатқандығын айтып, жұртшылықты жағымды жаңалығымен қуантты. Туған жерге туын тіккен азаматтардың қатарында облыстық мәслихат депутаты, Шу ауданының Құрметті азаматы, «Компания Марк» ЖШС директоры Никон Кимнің де жобаға қосқан үлесі ауыз толтырып айтарлықтай. Нақтырақ айтқанда, ол жеке қаражатына Шу қаласынан 350 орындық үш бірдей балабақша ашып, жағдайы төмен отбасынан шыққан бірнеше баланың оқуына 2,5 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсеткен. Ол атқарылған істердің барлығы өскен өңірге деген шексіз махаббатының арқасында іске асып жатқандығын атап өтті.
Акция барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен көркеюіне зор үлес қосып жүрген өзге де азаматтардың есімдері мақтанышпен аталып өтті.

ЖУАЛЫ

Әр адамның кіндік қаны тамып, туып-өскен елі жер жәннатымен тең. Өйткені, бүгінде ел таныған азаматтар мен батырлардың тіптен ғалым мен қарапайым ауыл тұрғындарының естен кетпес жұлдызды сәттері сол өлкемен тікелей байланысты. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасының да мәні мен мазмұны осында болса керек. Міне, осы «Туған жер» бағдарламасы аясында туып-өскен еліне, туған жеріне қамқорлығын жасап, азаматтығын танытып жүрген азаматтар біздің ауданда да аз емес. Олар көптеп саналады. Оған біз аудан орталығындағы Достық Мәдениет үйінде өткен «Туған жерге туыңды тік!» атты акция барысында көз жеткіздік.
Жуалылықтар жиынға келушілерді аудандық «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің күмбірлеген күйімен қарсы алды. Бұл айтулы акцияға облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, облыс әкімдігінің басқарма басшылары және облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Еркінбек Солтыбаев, ғылым кандидаттары мен профессор, академиктер, елге белгілі спортшылар мен кәсіпкерлер қатысты.
Акцияны аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов ашып, баяндама жасады.
– Құрметті жуалылықтар, қадірменді жерлестер! Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында өткізіліп жатқан акцияға қош келдіңіздер. Бүгінгі таңда біздің өңірден шыққан қоғам қайраткерлері, батырларымыз, ғалымдарымыз бен даңқты спортшыларымыз аз емес. Мәселен, туған жеріміздің түлектері, Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаев №18 М.Ғабдулин атындағы орта мектептің спорт залына керекті дене шынықтыру құралдарын сыйға тартты. Ал Қазақстан Республикасының Тұңғыш Еңбек Ері Аягүл Миразова өзі білім алған Қ.Қошманбетов атындағы орта мектебінің математика кабинетін жабдықтап берсе, Алматы қаласының прокуроры, әділет генерал-майоры Ғабит Миразов мектепке субұрқақ кіргізіп, мектеп қасынан футбол және волейбол алаңдарынан тұратын ашық аспан астындағы спорт кешенін салып беріп отыр. Парламент сенатының депутаты Бектас Бекназаров Абай және С.Мұқанов атындағы орта мектептерге интерактивті тақта орнатып берді. Сондай-ақ, аудан әкімінің кеңесшісі, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Беспай Қансейітұлы жаңа саябаққа 1000 түп ақ қайың көшетін әперіп отыр, – деді Бақтияр Көпбосынов.
Бұдан кейін сахнаға шығып тілек тізгінін ұстағандар аз болмады. Солардың қатарында Жуалы ауданының Құрметті азаматтары М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың профессоры, академик Исан Тілегенов пен ТарПУ-дың тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Бақыт Мырзабеков те бар. Кәсіпкер Лечи Оздамиров З.Толымбаев көшесін абаттандыратынын айтса, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев бауырларымен бірлесе отырып Мыңбұлақ ауылдық округіндегі Көлбастау ауылынан балабақша соғатынын жеткізді. Шара соңы аудан көркемөнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.

Т. РЫСҚҰЛОВ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын халыққа кеңінен насихаттау мақсатында «Туған жерге туыңды тік!» акциясы облыс көлемінде қолға алынды. Соның бірі сейсенбі күні Тұрар Рысқұлов ауданы, Мэлс Өзбеков атындағы Мәдениет үйінде өрбіді. Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының облыс бойынша бас инспекторы Жеңіс Сариев, аудан әкімі Асқар Қырықбаев бастаған аудан активі мен жергілікті тұрғындар, атымтай жомарт азаматтар қатысты. Аудан басшысы өз сөзінде ауданның әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне атсалысып жүрген бір топ атымтай жомарт азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады.
Акция барысында туған жер, туған өлкенің қадір-қасиетін өлеңіне арқау етіп, өндіре жазып жүрген ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуандық Шолақ, кәсіпкер Қоныс Сағынбеков пен қажы Әпжапар Акимов ел үшін еңбек етудің жарқын үлгісін жүрекжарды сөздерімен білдірді. Ал, олардың ерен еңбектері LED экран арқылы көрсетіліп тұрды. Аудандық Мэлс Өзбеков атындағы Мәдениет үйі өнерпаздарының патриоттық әндерімен өрілген акцияға қатысушылар елге, туған жерге деген іңкәрлік сезіммен, ерекше көңіл-күймен тарқасты.

Жамбыл

Әрбір ұлтжанды азамат туған жеріне, еліне құрметпен қарап, көркейту жолында аянбай еңбек етуі қажет. Елбасының бағдарламалық мақаласында туған өлкені өркендетуге бағытталған «Туған жер» бағдарламасында осы мәселеге ерекше көңіл бөлінген. Бүгінде ел арасында қызу қолдау тапқан бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында түрлі іс-шаралар өтуде. Облыстан бастау алған «Ауылым – алтын бесігім» атты акцияның аясында аудан әкімдігі «Жастар ресурстық орталығында» «Туған жерге туыңды тік!» атты акция жоғары деңгейде өтті. Акция жалпыұлттық патриотизмді қалыптастыруға, өзінің туған жеріне, өңіріне деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға бағытталған.
Аудандағы айтулы шараға арнайы келген «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев, облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бейбітбек Жайлыбаев, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков аудан әкімі Бақыт Қазанбасовпен және аудан тұрғындарымен бірге орталықта орналасқан аудандық тарихи-өлкетану мұражайындағы құнды жәдігерлерді тамашалады.
Жиынды аудан басшысы Бақыт Қазанбасов сөз сөйлеп ашты.
– Біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында толағай табыстарға қол жеткіздік. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы – осы жетістіктерімізді одан әрі еселей түсудің, алға қойған ұлы мақсаттарға жетудің берік тұғырын орнатудың жарқын көрсеткіші. Елбасы өзінің мақаласында «Туған жерге туыңды тік!» деп, патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталатынын ерекше атап өтті. Бүгінде ауданнан шыққан айтулы азаматтар өз ауылдарының көркеюіне үлес қосуда, – деді ол.
Аудан әкімі іскерлігімен көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрген «Амангелді» және «Қызыл-дихан» өндірістік кооперативтерінің төрағалары Қасымхан Қанаев пен Нуритдин Бегмановқа, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ҚР оқу ісінің үздігі, зейнеткер Райкүл Омароваға құрмет көрсетіп, Алғыс хатпен марапаттады.
Акция соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

«Ақ жолдың» тілшілер тобы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support